«Еңбек кубогы – 2025» республикалық спартакиадасы мәресіне жетті

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында 14–20 сәуір күндері Түркістан қаласында колледж студенттері арасында өткен республикалық «Еңбек кубогы – 2025» спартакиадасы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы командалық есеп бойынша:
• І орынға – Алматы қаласының командасы;
• ІІ орынға – Қарағанды облысының командасы;
• ІІІ орынға – Маңғыстау облысының командасы ие болды.
Естеріңізге сала кетейік, спартакиада аясында студенттер баскетбол, волейбол, футзал, шағын футбол, тоғызқұмалақ, шахмат және үстел теннисі сияқты спорт түрлері бойынша бақ сынасты.
Жеңімпаздар Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен және кубокпен марапатталды. Үздік ойын көрсеткен студенттерге Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Халықаралық туризм және меймандостық университетіне білім гранттарына сертификаттар табыстады. Сонымен қатар өңірдегі жетекші кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары жұмысқа қабылдау туралы жолдамалар ұсынды.
Келесі «Еңбек кубогы – 2026» спартакиадасы Алматы қаласында өтеді. Іс-шара Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігінің бірлескен ұйымдастыруымен өткізілді.