1 мамырдан мобилдік бригадалардың жұмыс тәртібі өзгереді

Жедел жәрдемнің келуін ұзақ күту бойынша шағымдарға байланысты және шұғыл қызмет жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі емханалар жанындағы жеделділіктің 4-санатындағы шақыртуларға қызмет көрсететін мобилдік бригадалар жұмысының қағидаларына өзгерістер енгізеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бұл өзгерістер ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енеді және азаматтардың 103 нөмірі бойынша шұғыл көмекке шақырту құқығын шектемейді.
Жеделділіктің 4-санатындағы шақыртулар пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және ықтимал қауіп жоқ, пациенттің өміріне қауіп төндірмейтін, бірақ медициналық араласуды қажет ететін жағдайларға қатысты.
✅Сонымен, 1 мамырдан бастап не өзгереді:
● емханалардың жанындағы мобилдік бригадалар жұмыс уақытында — 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейтін болады;
● өмірге қауіп төндірмейтін жеделдіктің 4-санатындағы шақыртулар (мысалы, жоғары қысым, температура, жеңіл жарақаттар) емханалардың жұмыс уақытында МСАК мобилдік бригадаларына қайта бағытталатын болады;
● 20:00-ден кейін және демалыс күндері барлық шақыртуларға, соның ішінде 4-санатқа, бұрынғыдай, жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетеді.
Статистика көрсеткендей, жедел жәрдем шақыртуларының 50%-дан астамы жеделділіктің 4-санатына жатады және созылмалы аурулардың өршуіне байланысты.
➡️Мұндай шақыртулар ресурстардың жедел көмекке мұқтаж, өміріне қауіп төндіретін жағдайлары бар пациенттерге бара алмай қалатынын мойындау керек. Өзгерістер жүктемені оңтайландыруға, күту уақытын қысқартуға және бүкіл ЖМЖ жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Енді медициналық-санитариялық алғашқы көмектің мобилдік бригадалары шақыртуларға шығып, пациенттердің үйіне жоспарлы түрде баруды жүзеге асыратын болады. Бұл азаматтардың денсаулық жағдайын уақтылы бақылауды қамтамасыз етуге, әсіресе созылмалы аурулары бар пациенттердің жағдайының нашарлауына жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
➡️МСАК мобилдік бригадалары 25 мың тұрғынға бір бригада есебінен құрылады. Олар пациенттің тұрғылықты жері немесе бекітілуіне қарамастан нақты келген жері бойынша жұмыс істейді.
Қажет болған жағдайда мобилдік бригадалармен арнайы бағыттағы мамандар да бірге болады, атап айтқанда балаларға көмек педиатрдың қатысуымен, ересектерге — пациент жағдайының сипаты мен ауырлығына байланысты арнайы мамандарды (кардиологтар, невропатологтар және басқа дәрігерлер) тарта отырып көрсетілетін болады. Бұл тәсіл жоғары сапалы атаулы медициналық көмек көрсетеді.
Жедел жәрдемді шақырту механизмі өзгеріссіз қалады – 103 нөмірін теру арқылы азаматтар тәуліктің кез келген уақытында шұғыл медициналық көмекке қоңырау шала алады. Пациенттің жағдайы өмірге тікелей қауіп төндіретін жағдайларда жедел жәрдем бригадасы аптаның күні мен тәулік уақытына қарамастан келеді.
✅МСАК мобилдік бригадасының шақыртуға келу уақыты – 60 минутқа дейін. Барынша шұғыл санаттар үшін мынадай нормативтер: 10 минут — бірінші, 15 минут — екінші және 30 минут — үшінші санаттағы шақыртулар үшін көзделген.
Осы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда жедел жәрдем қызметі 2, 1 млн-нан астам шақыртуға қызмет көрсетті. Ең көп өтініштер жеделділіктің 4-санаты бойынша тіркелді-763 463 шақырту, оның 518 мыңнан астамына МСАК мобилдік бригадалары қызмет көрсетті. 1-санат бойынша шақыртулардың саны 104 443, 2-санат бойынша — 642 312, 3-санат бойынша — 574 580 шақыртуды құрады.
Есепті кезеңде сәтті реанимация көрсеткіші 55,6%-ға дейін өсті, бұл шұғыл көмек көрсету ретіндегі оң динамиканы көрсетеді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл көмекке мұқтаж әрбір адам үшін жедел медициналық көмекке шақырту қолжетімді болып қалатынын атап өтті. Өзгерістер жүйенің тиімділігін арттыруға, күту уақытын қысқартуға және барлық деңгейлерде медициналық көмекті жақсартуға бағытталған.