«Қазақстандағы цифрлық туризм – 2025»: үздік ІТ-шешімдер таныстырылды

Қазақстан туристік саланы бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіруді көздейді. Бұл тәсіл туристік қызметтердің әрізділігін жойып, саяхатты жоспарлаудан бастап орналастыру мен кері байланысқа дейінгі барлық негізгі кезеңдерді біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл туралы Алматы қаласында өткен «Қазақстандағы цифрлық туризм – 2025» форумында айтылды. Аталған маңызды іс-шарада туризм мен меймандостық индустриясындағы заманауи технологиялық шешімдер мен негізгі трендтер ұсынылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Ауқымды форумға туризм саласындағы жетекші мамандар, ІТ-компаниялар, сондай-ақ Қазақстан мен жақын шет елдердің стартаптарының жетекші өкілдері, оның ішінде Pana, inDrive, Mastercard, Sabre, Mapster және басқа да ұйымдардан 300-ден астам өкіл қатысты.
Форум аясында үш панельдік сессия ұйымдастырылып, онда туристік саланы цифрландыру және инновациялық дамудың әлеуеті талқыланды. Атап айтқанда, туризм индустриясындағы цифрландыру мәселелері (TravelTech), туризмді дамытудағы мемлекеттік цифрлы қызметтердің рөлі (GovTech), меймандостық индустриясына арналған цифрлы технологиялар (HotelTech) сөз болды. Жиынға қатысушылар IT-шешімдер арқылы тұтынушы тәжірибесін жақсарту және туризм бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктерге ерекше назар аударды.
Форумның маңызды оқиғасының бірі – Қазақстан аумағындағы тұрғын үй брондауға арналған PanaApp мобильді қосымшасының таныстырылымы болды. Бұл қосымша биометриялық сәйкестендіру, орналастыру нысандарын басқаруға арналған CRM-жүйе және Key-Free технологиясын біріктіруімен ерекшеленеді. Сонымен қатар қосымшада күмәнді брондауларды – мысалы, мүлікке зиян келтіру немесе шу шығару ықтималдығы жоғары жағдайларды автоматты түрде анықтап, бұғаттайтын интеллектуалды жүйе қарастырылған.
«Соңғы Үкімет отырысында туризмді цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттың мемлекеттік деңгейде басымдыққа ие екенін көрсетеді. Бүгінде Қазақстанда сегіз тілде қолжетімді Kazakhstan.travel туристік порталы, әуежайларда QR-код жүйесі және eQonaq қонақтарды тіркеу платформасы жұмыс істейді. Алайда туристің цифрлы жолы әлі де толық қалыптаспаған. Бұл ұялы байланыс операторлары мен электрондық төлем жүйелері секілді жаңа дереккөздерді біріктіру қажеттігін көрсетеді. Мұндай кешенді тәсіл туристер мен сала өкілдері үшін ашық әрі ыңғайлы цифрлы орта құруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев.
«Қазақстандағы цифрлық туризм – 2025» форумы туризм индустриясы үшін маңызды оқиғаға айналып, ақылды шешімдерді дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру және тұрақты цифрлық туристік экожүйе қалыптастыру бағытындағы негізгі даму бағдарларын айқындады.