23 сәуір – Ұлттық кітап күні

2025-2027 жылдары Жетісу, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Түркістан облыстарында төрт жаңа кітапхана салу жоспарланған.
Ал еліміздегі ең ірі кітапхана – Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы.
«2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында 1,3 млн-нан астам кітап бар. Оның ішінде, 13 875-сі сирек кітаптар. Оның 200-ге жуығы көне қолжазбалар. Бұдан бөлек, нефрит тастан, беттері жібектен жасалған немесе таспен, күміспен, қымбат тастармен қапталған таңғажайып кітаптар бар. Қордағы сирек кітаптар XVI ғасырдан бастау алады», – деді Менеджмент және маркетинг бөлімінің жетекшісі Оңай Мырзағалиева.
Кітапханада 33 оқу залы жұмыс істейді, оның ішінде 15 астамы арнайы оқу залдары. Мысалы, Тұрсынбек Кәкішев атындағы Ғалым залы, Дүкенбай Досжан атындағы Жазушы залы, Өнер залы, Техникалық ғылымдар саласына арналған арнайы залдар бар. Мысалы, Мырзатай Жолдасбековтің залында 12 мыңға жуық кітап бар. Бұл түркология бойынша таптырмас қор.
Кітапханада kazneb.kz Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасы бірегей жобасы іске асырылуда. Оның қорында 64 тілде 79 870 құжат бар. Электронды мұрағатта араб, парсы, татар және шағатай тілдеріндегі қолжазбалар, сондай-ақ араб графикасында жарияланған 10 мыңнан астам сирек кітаптар мен қолжазбалар сақталады. Сонымен қатар «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген қазақ халқының 1000 әні, батырлар жыры мен аудиокітаптар бар.
«400 мың виртуалды оқырман бар. Олар онлайн тіркеледі, онлайн жазылады. Кітаптар онлайн QR-кодпен қойылған. Электронды кітапхананы 100-ден астам елде пайдаланады», – деді О.Мырзағалиева.
Ұлттық академиялық кітапхананың тағы бір мақтанышы – Кітап мұражайы. «Қазақ кітабының тарихы» атты көрмеге ежелгі дәуірден бастап, бүгінгі күнге дейін Қазақстан аумағында кітап индустриясының қалай дамығаны туралы баяндайтын 200-ден астам кітап қойылған.
«Көрмеде 2007 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген «Бабалар сөзі» атты 100 томдық жинақта бүкіл қазақ ауыз әдебиеті қамтылған», – деді Кітап мұражайының қызметкері Гүлтуған Абдрахманова.
Қазақ тіліндегі алғашқы баспа кітабы 1807 жылы Қазан қаласында басылып шыққан. «Мың бір түн» ертегісінен қазақ тіліне аударылған «Сейпілмәлік-Бәдіғұлжамал» деп аталатын шығарма «Бабалар сөзі» атты шығармалар жинағының 17-ші томында ұсынылған.
«ХХ ғ. қазақ мектептеріне арналған алғашқы оқулықтар ана тілінде шығарыла бастады. Қазақ тіліндегі алгебраның алғашқы мектеп оқулығының құрастырушысы Қаныш Сәтбаев, география – Әлихан Бөкейханов, Қазақстан тарихы – Санжар Асфендияров және т.б.», – деді мұражай қызметкері.
Анықтамалық әдебиеттер ішіндегі құнды жәдігерлердің бірі – 1893 жылғы Брокгауз бен Ефронның энциклопедиялық сөздігі.
Күн сайын кітапханаға мыңнан астам адам келеді, ал тұрақты келетін оқырмандар саны 58 мыңнан асады. Бұл негізінен 35 жасқа дейінгі жастар.
«Жастар өзінің оқуына, кәсібіне, мамандығына қарай оқиды. Сонымен қатар өз-өзін тәрбиелеу, кәсібилік, психология жанрларына көп қызығады», – деді Оңай Мырзағалиева.
Оның айтуынша, жақын арада елордалық кітапханалардың барлық оқырмандары үшін Бірыңғай оқырман билетін жасау жоспарланып отыр.
«Кітап оқу отбасынан басталуы керек. Ата-аналар балалармен бірге кітап оқуға тиіс», – деді Гүлтуған Абдрахманова.
Қағаз, электронды немесе аудио кітап болсын, ең бастысы – оқу. Себебі, кітап жай қолға ұстаған зат емес, бұл санамызда мәңгіге қалатын рухани азық. Әр кітап – жаңа бір әлемнің есігін ашып, ой көкжиегімізді кеңейтетін баға жетпес қазына.