
Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Астанада өтіп жатқан қорғаншылық органдары мамандарының республикалық семинар-тренингінде хабарлады. Шараға Қазақстанның барлық өңірінен 180-нен астам маман қатысты. Семинар аясында жедел әрекет ету алгоритмі, баланың мүддесін қорғау, цифрлық шешімдерді енгізу мен ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктерін нақтылау мәселелері талқыланды.
Қазіргі уақытта Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында қорғаншылық пен қамқоршылық бойынша штат саны белгіленген нормативке сәйкестендірілді. Алматы қаласында 133 маман жұмыс істейтін Балалар құқықтарын қорғау орталығы құрылды. Астанадағы Психологиялық қолдау орталығы жанынан ашылған әлеуметтік сүйемелдеу бөлімінде 100 маман қызмет етеді. Шымкент қаласында бүгінде осы салада 90 маман еңбек етуде, ал бір жыл бұрын бұл өңірлердегі орталықтарда бар болғаны 3-5 маман ғана жұмыс істеген еді.
Айта кетейік, семинар-тренингті ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл және ЮНИСЕФ Балалар қоры бірлесіп ұйымдастырды.