БАҚ-пен байланыс – басым бағыттар

Астана қаласының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «БАҚ-пен тиімді байланыс жасау және сапалы контент даярлау» тақырыбында шеберлік сабағы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Медиа шарада білікті мамандар қоғаммен байланыс жасаудың тиімді жолдарын көрсетіп, сапалы фото/бейне түсірілім жасауды көрсетті.
Атап айтқанда, ҚР-ның Құрметті журналисі, әрі Журналистер Одағының мүшесі, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының жаттықтырушысы Мадина Балгашукова, ҚР Көлік министрлігінің мобилографы Дамир Бектасов пен ҚР Ішкі істер министрілігі Медиа орталығының фото тілшісі Медет Әшірбек кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, баспасөз қызметкерлерін жаңа шығармашылық ізденістерге бағыттады.
Баспасөз қызметінің ардагері М. Балгашукова жиналғандарға журналистермен ақпараттық жұмысты дұрыс ұйымдастыру, журналистік сұрау салуларға жауап беру, баспасөз хабарламалары мен анонстарын даярлау, мақалаларға тақырып қою жұмыстарын жан-жақты ашып айтты.
Мобилограф Д. Бектасов медиа үшін смартфон арқылы түрлі динамикалық кадрлар тым қысқа уақытта түсіріп, оңай монтаждап, қызықты контент жасаудың жолдарын көрсетті. Ал, «Сақшы» газетінің фото тілшісі М. Әшірбек сапалы фото түсірілім жасау пен жарық қоюды үйретті.
Шеберлік сабағы барысында Орталық филиалдарының ақпараттық жұмысқа жауапты қызметкерлері, SMM – мамандары мен режиссері бейне түсірілім жасап, аз уақыт ішінде түсірген материалды монтаждап та көрді.
Баспасөз қызметкерлеріне арналған шеберлік сағаты – БАҚ пен әлеуметтік желідегі жұмыстың қыр мен сырын, қызығы мен қиындығын қатар үйреткен пайдалы жиын болды