Жас педагогтар форумы өтті

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған «Педагогикалық пульс: жас педагог дауысы» атты І Республикалық форум өтті. Жиында 300-ге тарта педагог бас қосты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Астана қаласының Білім басқармасы, елордалық Әдістемелік орталығы және Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық жоғары колледжі бірлесе ұйымдастырған іс-шара жұмысшы мамандықтарының имиджін көтеруге бағытталды.
Екі күнге созылатын форум аясында жас педагогтар үшін түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Олардың қатарында «Ұстаз – болу өнер» педагогикалық коворкингі, «Сандық емес нетворкинг», «Бизнес-педагогика», «Интерактивті әрекеттер» бағыттары бойынша оқу кейстері, «Педагогикалық жетістік және жеке бренд», «Техникалар мен әдістер: оқуды қалай қызықты етуге болады?» және т. б. диалог алаңдарын өткізу жоспарланған. Аталмыш форумда жас педагогтарға бірқатар мүмкіндік те қарастырылған. Қатысушылар заманауи оқыту құралдары мен жасанды интеллект, қарым-қатынас психологиясы бойынша педагогикалық кеңес алып, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына және «Astana Eurasian Book Fair – 2025» VIII Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне қатыса алады.
«Бүгінгі форум жас мамандар үшін тәжірибе алмасу, жаңа идеяларды ортаға салу және ұрпақтар арасында диалог орнату алаңына айналады. Биыл алғаш рет өткізіліп жатқан іс-шараны енді дәстүрлі деңгейде жыл сайын өткізуді көздеп отырмыз. Басты мақсатымыз – креативті, заманауи және жаңашыл тәсілдерді білім беру процесіне енгізу. Қазіргі таңда колледжімізде 3200-ден астам студент білім алса, оның 2300-і – болашақ педагогтар», – деді өз сөзінде Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық жоғары колледжінің директоры Жомарт Қошқаров.
Индира Бержанова