Елордада туризмге арналған идеялар марафоны бастау алды

Елордадағы Maqsut Narikbayev University-де Астанада туризмді дамытуға бағытталған алғашқы туристік Ideaton өтті. Жаңа ойлар мен тың бастамаларға толы инновациялық идеялар марафонын Астана қаласының әкімдігі, «Astana Tourism» Туризмді дамыту орталығы» ЖШС және аталған оқу орны бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ideaton түрлі сала мамандарын, яғни студенттерді, оқытушыларды, жас кәсіпкерлер мен туризм саласының сарапшыларын бір алаңға жинап, елорда туризмінің өзекті мәселелеріне жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Қатысушылар туризм, құқық, IT, дизайн, менеджмент, маркетинг, урбанистика, сәулет, экономика, логистика, PR, социология және бизнес-аналитика салаларындағы студенттер мен оқытушылардан құралған командаларға бірікті. Олар осындай пәнаралық жұмыс форматында туризмді дамытуға арналған креативті әрі іске асыруға болатын нақты ұсыныстар әзірлейді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, марафонға 25-тен астам команда, яғни 70-ке жуық адам қатысуға өтінім берген. Ideaton жобасының негізгі тақырыптары – қала көрікті жерлерін біріктіретін туристік іс-шаралар концепцияларын әзірлеу, Астанада жаңа туристік нысандар мен тарту орталықтарын ұсыну, әуежай қызмет көрсету сапасын арттырып, инфрақұрылымды цифрлық шешімдер арқылы жақсарту.
– Бұл бастаманың мақсаты – туризмді, соның ішінде Астана туризмін дамыту жолында жастарды жаңа идеялар тудыруға, бастамалар көтеруге ынталандыру. Оларға бүгін үш бағытта тақырыптарды ұсындық. Екі күн ішінде қатысушылар білім беру сессияларында тәжірибелі менторлар және сарапшылармен бірге жұмыс істейді. 10 шақты менторлар оларға идеяларын қалай дұрыс әзірлеп, таныстыруды, қалай жеткізуді үйретеді, өз тәжірибесін олармен бөліседі. Соңында әр команда жобаларын қазылар алқасының алдында таныстырады, – дейді «Astana Tourism» Туризмді дамыту орталығы» ЖШС МІСЕ департаментінің директоры Данияр Құрманбаев.
Соңында жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталып, ең үздік идеялар қала туризмін дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Жүлде қоры: 1 000 000 теңге.
Райхан Рахметова