Басты ақпаратБілім

Жаңа оқу жылының жаңалығы қандай?

Оқу жылының басталуына санаулы ғана апталар қалды. Бүгінде астаналық барлық білім беру мекемелерінде 1-сынып­қа құжат қабылдау жүргізіліп жатыр. Қала колледжерінде жаңа жұмысшы мамандықтары ашылып, студенттерді қабылдау үстінде. Бас шаһарда серпінді дамып келе жатқан білім беру саласының биылғы жаңашылдықтары қандай? Осыған орай, елордадағы үш ауысымды мектептердің хал-ахуалы, жаңа салынып жатқан «Жайлы мектептердің» ерекше­ліктері, қала мектептерінің санын арттыру, ұстаздардың біліктілігі, оқушылардың үлгерімі, оларға тәлім-тәрбие беру жөнінде Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан СЕНҒАЗЫЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Қасымхан Сенғазыұлы, Астана секілді мегаполисте білім беру жүйесін жан-жақты ілгерілету қажет екені белгілі. Саладағы басым бағыттар қандай?

– Соңғы жылдары Астана қаласында білім беру жүйесі қарқынды дамуда. Саладағы басымдық білім сапасын арттыруға бағытталады. Білім беру жүйесіндегі басқарушы құрамның дұрыс болуы, педагогтардың жоғары біліктілігі, оқушыларға жақсы жағдай жасау, ата-ана мен мектеп арасындағы байланыстың жолға қойылуы нәтижесінде білім сапасы деңгейі көтеріледі. Білім саласындағы алға қойып отыр­ған мақсатымыз да – осы. 2023 жылдың қорытындысы бойынша халықаралық PISA және Оқу-ағарту министрлігінің ­зерттеуі нәтижесінде елордадағы білім беру жүйесі Алматы, Қостанай облысымен қатар үздік үштікке кірді. Бұл жетістік – қаладағы барша мектеп басшылары мен ұстаздардың еңбегі.

Бас қаламызда мемлекеттік 110 мектеп, 100 балабақша, 8 колледж бар.

Сапалы материалдық-техникалық базамен қамту – оқушының білім алуына тиімді жағдай жасау. Соған орай, мектептерде пәндік (физика, химия, робототехника, STEM бағытындағы) кабинеттермен жабдықтау 95 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін қаланың әр мектебі стандартқа сай пәндік кабинеттермен 100 пайыз қамтылады.

Ата-ана – оқушы – ұстаз үштігі бірге жұмыс істемей, сапаға қол жеткізу қиын. Сондықтан елорда мектептерінде өзара тығыз қарым-қатынасты орнату мақсатында Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы ашылды. Маңызы бар жобаның міндеті – балалар­дың әл-ауқатын қамтамасыз етуге ата-аналардың педагогикалық мә­дениетін, психологиялық және әлеу­мет­тік құзыретін дамыту.

Цифрлы технологиялар, әлеу­меттік желілер бала өміріне дендеп еніп жатқан уақытта жас буынның бойына ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау сөзсіз қажет. Білім беру ұйымдары биология, химия, физика, математика пәндерін ұлттық құндылықтармен байланыстыра отырып оқытуға, «Құндылықтарға негізделген білім беру» жобасы аясында білім алушылардың рухани-­адамгершілік дамуын қамтамасыз етуге, олардың бойында жалпы адами құндылықтарды тәрбиелеуге, академиялық үлгерімді арттыруға, әлеуметтендіруге, кәсіби бағдарлауға, сыни ойлауды дамытуға басымдық беріп келеді.

Мектепте тамақтануды жақсы ұйымдастыру – уақытының көбін мектепте өткізетін оқушы үшін денсаулығын жақсартудың кепілі. Толыққанды тамақтану көптеген аурудың алдын алып, баланың оқуға үлгерімін, ынтасын дамытуға жақсы әсер етеді. Әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, бастауыш сынып оқушылары үшін тегін тамақтандыру ұйым­дастырылған. Тамақтандыру сапасын бақылауды күшейту үшін қаланың әрбір мектебінде сапаны бақылау жөніндегі бракераждық комиссия құрылған (оның құрамына қамқоршылық кеңес мүшелері, директор, медицина қызметкері, әлеуметтік педагог және ата-аналар кіреді (кемінде 10 адам).

– Биыл мектеп табалдырығын қанша бала аттайды? 1-сыныпқа қабылданған балаларды бейімдеу мақсатында қандай іс-шаралар жүзеге асады?

– Жыл сайын баланың саны артып, жылдан-жылға білім алушылар қатары көбейіп келеді. Мәселен, әр жылда бас шаһарда орта есеппен 35 мыңға жуық бала дүниеге келеді. Ол өз кезегінде мемлекет тарапынан білім алатын оқу ошақтарын салуға, мектеп мәртебесін, мектептегі ұстаздардың мәртебесін көтеру бағытында ауқымды жұмыстардың атқарылуын қажет етеді. Былтыр 1-сыныпқа 28 мың бала қабылданды. 2024-2025 оқу жылы да бірінші сыныпқа 28 мыңнан астам бала барады. Қазіргі таңда 22 мыңға жуық бала 1-сыныпқа құжаттарын тапсырды. Құжат қабылдау 31 тамызға дейін жүргізіледі. Мектепке құжат қабылдау 2 түрде жүзеге асырылып жатыр. Ата-аналар eGov порталымен немесе бұрынғыдай құжаттарын мектепке әкеліп тапсыра алады.

Биылғы ерекшелік, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын бітірген бүлдіршіндердің Ұлттық деректер қорында «баланың жеке даму картасы» толтырылатын болды. 1-сыныпқа қабылданған бала туралы ақпаратты мұғалім аталған карта негізінде біле алады. Әріп тануы, дыбыстарды айтуы, оқи алуы не алмауы, қай пәнге бейім екені туралы мәліметтер қолжетімді болады. Осылайша бастауыш сынып мұғалімдері оқушының әрі қарай қандай қырларын дамыту керегін біледі.

1-сыныпқа қабылданған балаларды бейімдеу мақсатында осы жылы 49 мектептің жанынан қысқа мерзімді «Балақайлар мектебі» ашылды. Мұнда оқушылар 2-3 сағат көлемінде мектепке дайындалады. Бұл жоба 20 балабақшаларда да іске қосылып, бір ай бойы балалар білім алатын болады.

– Оқушылар кітап оқуға қаншалықты ынталы? Жалпы мектептегі оқулықтар саны жеткілікті ме?

– Цифрлы заман демекші, Білім басқармасының алдына қойған негізгі міндетінің бірі – балаларды кітап оқитын ұлтқа айналдыру, олардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, дүние­танымын кеңейту, жалпы кітап оқу дағдысын қалыптастыру.

Осы мақсатта «8 минуттық көркем әдебиет оқу» жобасы әзірленген еді. Оқушылар әр ауысымның алдында сабақ басталмас бұрын 8 минут уақытын кітап оқуға арнайды. Оқу жылында олар отандық әдебиет пен әлем әдебиетінің ең озық әрі таңдаулы шығармаларымен танысады. Жоба бойынша оқушылар әр ай сайын ұсынылған белгілі бір кітапты таңдайды. Оқыған көркем шығармасын саралап, талдайды. Жоба өз мәресіне жеткенде әркім өзінің білім көкжиегі кеңейгенін бақылай алады. Әзірге алға жылжу бар. Өткен оқу жылында ата-аналар тарапынан кері байланыс, ізгі пікірлер мен алғыс көп болды.

Мектептерді оқулықтармен қамтамасыз етуге келер болсақ, 2024-2025 оқу жылына елордалық мектеп оқушыларын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету үшін 19 баспадан 1 283 848 дана сатып алу жоспарланған. 3-сынып оқушылары үшін, яғни 23 907 балаға 145 399 дана қайта басылған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сатып алынды. Сонымен қатар биыл 3-сыныпқа арналған «еңбек оқыту», «бейнелеу өнері», «ағылшын тілі», «француз», «неміс тілі» оқулықтарын баламалы нұсқамен жаңарту жүргізілуде. Астанадағы миграцияға байланысты кітапхана қорын толықтыру үшін 1-11 сынып оқушылары үшін 959 485 дана кітап сатып алынуда. Сондай-ақ мектеп кітапханалары 139 052 дана қайта басылған оқулықтармен толығады. Ал мектепалды даярлық сыныптары үшін 26 413 дана оқулық сатып алынбақ.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 13 499 дана оқулық пен оқу-әдіс­темелік кешені дайын. Онда интеллектісі бұзылған балаларға арналған кітаптар, көзі нашар көретін оқушыларға үлкейтілген қаріппен және зағип оқушыларға арналған брайль оқулықтары бар. Жаңа оқу жылында 103 қала мектебі «Алматыкітап», «Мектеп» және «Арман ПВ» баспаларынан 1-4 сынып оқушыларына арналған электрондық оқулықтар платформаларына қол жеткізді. Бұл сандық оқулықтар Kundelik.kz білім беру платформасымен біріктірілген. Сонымен қатар 25 тамызға дейін қала оқушыларын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету жоспарлануда.

– Елордада білім беру саласындағы проблемалардың бірі – оқу орындарының жетіспеуі. Қалада әлі күнге үш ауысымды мектептер жұмыс істеп тұр. Бұл мәселе алдағы уақытта қалай шешілмек?

– Қалада 28 мыңға жуық оқушы орны жетіспейді. Сол себепті 8 мектеп үш ауысымды мектеп режимімен жұмыс істеп жатыр. Оқушы саны шамадан тыс 16 мектеп бар. Бір сыныпта 35-ке тарта оқушының болуы, әрине білім алу процесінде ыңғайсыздық тудырады. Осы мәселені шешу үшін қала әкімдігі 100 мыңға жуық оқушы орнына арналған 32 мектептің құрылысын жүргізіп жатыр. Жыл соныңа дейін 21 мектеп қолданысқа берілсе, қыркүйек айынан бастап 12-сі оқушыларды қабылдауға дайын болады. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы 8 мектеп бар. Жалпы аталмыш жоба аясында Астанада 90 мың оқушы орнына арналған 24 мектеп салынып жатыр. Осылайша, орта білім беру ұйымдарындағы апатты объектілер, үш ауысымды оқыту және оқушы орындарының тапшылығын жоюды көздеп отырмыз. «Жайлы мектеп» жобасы балаларға барынша қолайлы жағдай жасаумен айрықша. Мұнда зертханалар, шеберханалар, компьютерлік сыныптар және пән кабинеттері жобаланады. Бір емес, төрт бірдей спорт залдары, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған жеке блоктар қарастырылған. Сондықтан биыл жыл соңына дейін 15 «Жайлы мектеп» тапсырылады. Бұл мектептер қаламызда серпінді дамып жатқан Есіл және Нұра аудандарында орналасады.

– Мұғалімдердің біліктілігін арттыру жұмысы қалай іске асып жатыр? Кадр тапшылығы мәселесі бар ма?

– Білім алушылар санының артуына, жаңадан салынып жатқан мектептердің құрылысына байланысты қаламызда кадр тапшылығы мәселесі әлі де бар. Әсіресе, бастауыш сыныптарында орыс тілі пәні мұғалімі, жаратылыстану және өзге де пәндер бойынша 700-ден астам мұғалімге қажеттілік туып отыр.

Сапалы білім, саналы ұлт, білікті жас тәрбиелеу үшін – педагог кадрларды даярлау маңызды. Кадр тапшылығын шешу мақсатында жыл сайын жергілікті бюджет есебінен педагогикалық мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс ұлғайып, қала әкімдігі гранттар бөліп келеді. Соның арқасында түлектер кемінде 3 жыл жұмыс істеуі міндетті. Биыл қала әкімдігі бөлген грант есебінен 365 жас маман жұмысқа кірісті.

Осы орайда, мектеп басшыларының менеджментін дамыту бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізілгенін атап өту керек. 2022 жылы 40-тан астам білім беру ұйымдары басшылары ротациядан, оның сыртында Сингапур, Эстония, Финляндия, Еуропа елдерінде арнайы тағылымдамадан өтті. Былтыр 4000-нан аса педагог өңірлік «Өрлеу» орталығының біліктілікті арттыру курстарына қатысты. Қалалық Әдістемелік орталықпен бірлесе, мектепішілік бақылау жүйесінің сапасына көтеруге қатысты іс-шаралар жүргіздік.

– Инклюзивті білім беру бағытындағы жобалар нәтижелі ме?

– Астана қаласында қазіргі қоғамда инклюзивті білім беру сапасын жақсарту, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қалыпты балалармен бірге оқыту мәселесі өзекті. Барлық білім беру ұйымында инклюзивті орта қалыптаспаса да, 70 пайызында бар дей аламыз. Қазіргі таңда елордада 28 инклюзивті қолдау кабинеттері бар. Бұл бастама республикада бұрын-соңды болмағанын айтқан жөн. Осы оқу жылы 20-дан астам мектепте инклюзивті қолдау кабинеттерін ашу жоспарда бар. Инклюзивті білім беру орталығы ерекше қажеттілігі бар бала­ларды жалпы білім беру үдерісіне тиімді әрі нә­тижелі түрде әлеуметтендіруге мүмкіндік береді. Бұл бағытта басты басымдық – балалардың білім алуы үшін инклюзивті білім беру орталықтарын тұрғылықты мекенжайына жақын орналастыру, ата-ана үшін де ауыртпашылық салмай, қолдау көрсету.

– Колледж студенттерін жаңа мамандықтарға оқыту, жатақханамен қамту жұмыс­тары қандай?

– Жастарға кәсіптік білім беру, оларды жұмысшы мамандықтарына даярлау және біліктілігін көтеру – мемлекетіміздің білім беру саясатының негізгі бағыттарының бірі. Ел экономикасының қуаты кәсіптік білім беру жүйе­сінің өндіріс орындарын білікті жұмысшылармен жеткілікті қамтамасыз етуіне тікелей тәуел­ді. Бүгінде қазақстандық колледждерге академиялық дербестік берілген. Яғни, олардың өздері жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұны мен оқу мерзімдерін айқындайды.

Қалада 1200 орыннан астам студенттердің жатақхана тап­шылығы мәселесі бар. Мемлекет тарапынан білім алушыларға хостелдерде орын берілді. Алдағы уақытта жатақханалар саны арта түседі. Қазірдің өзінде 938 орындық жатақхана құрылысы жүруде.

Колледжерде жаңа жұмысшы мамандықтар ашылып отырады. Мәселен, Сервис және туризм колледжінде екі мамандық ашсақ, Astana Polytechnic, Технология­лық колледжде жаңа мамандықтар ашу жоспарымызда бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан

Индира Бержанова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button