Астана – алып құрылыс алаңы
Ертең еліміздегі құрылыс саласы қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтеді. «Қазақстан Республикасындағы мерекелер тізбесін бекіту туралы» Үкіметтің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысымен жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісінде сала мамандарының төл мейрамы тойланады. Ал негізі мерекенің тарихына 68 жылдан асты.
Астанада 1997-2023 жылдар аралығында 32 млн шаршы метрден аса тұрғын үй салынған. Сонымен қатар түрлі әлеуметтік нысандар, оның ішінде мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер, спорттық және мәдени ошақтар бой көтерді. Шын мәніндегі жаңа дәуірдің қаласы – Астананың толассыз түлеу, дамылсыз дамуында құрылысшылардың еңбегі орасан зор. Осы саладағы ұйымдардың басын біріктіретін Қазақстан құрылысшылар одағына бүгінде 1450 компания мүше. Одақ еліміздегі бүкіл құрылыс кешенінің дамып, табысты жұмыс істеуіне көмектеседі.
– Құрылыс нарығын дамыту, осы жолдағы кедергілер мен қиындықтарды жою, соны билікке жеткізіп, заңдарды нарыққа қарай жетілдіру – одақтың басты міндеті. Астана қаласы бойынша одаққа мүше 460 ұйым бар, оның ішіне құрылысшылар, мердігерлер, құрылыс заттарын шығаратын кәсіпорындар, жобалаушылар, сәулетшілер, инжиниринг компаниялар кіреді. Елордада барлығы 190 мыңдай құрылысшы еңбек етеді. Қаламызда құрылыс 2005 жылдан бастап қарқын алды. Тәуелсіздік жылдарында, яғни 1997 жылдан бері Астанада 39 млн шаршы метрдей тұрғын үйлер салынды, – дейді Қазақстан құрылысшылар одағы президиумының төрағасы, Астана қалалық мәслихатының депутаты Талғат Ерғалиев.
Оның айтуынша, одақ қаладағы құрылыс компанияларының жұмысына бақылау жүргізе алмайды, керісінше, оларды қолдап, дамуына жағдай жасайды. Одақ басшысы қазіргі үйлердің сапасына қатысты да ойын білдірді.
– Астанада басқа қалаларға қарағанда құрылыс сапасы ең мықты. Өйткені жылдың төрт мезгілі бізде жақсы өтеді, қысы да, жазы да, күз бен көктемі де бар. Үйлер сол мезгілдердің бәріне төзімді етіп салынады. Ал ішінара кездесетін сын-пікірлерге келсек, І және ІІ нарықтағы үйлер сапасында айырмашылық бар. Мәселен, І-нарықтағы үйлердің сапасы жақсы болған соң бағасы да жоғары, қазір бәрі осындай жаңа үйлерде тұрғысы келеді. Сондықтан кемшіліктері болса да, қазіргі үйлердің сапасы түсіп кетті деп айтуға келмейді. Ал кемшіліктер үлескерлерге байланысты заң дұрыс жұмыс істемеген соң нарыққа тәжірибесі жоқ мекемелердің көптеп кіруімен байланысты болуда. Кейбір мекемелер тәжірибе жоқтығынан сапасын дұрыс қарамайды. Бұл бір. Екіншіден, қолынан іс келетін жұмысшылар саны жылдан-жылға азайып барады. Бұл бүкіл әлемде солай, себебі жастар қазір құрылыс индустриясына барғысы келмейді, – дейді Т.Ерғалиев.
Былтыр Астанада 3,4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылғы қаңтар-маусымда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 5,2% өсіп, 1676,2 мың шаршы метрді құрады, олардан көппәтерлі тұрғын үйлер – 5,6% (1649,6 мың шаршы метр). Бұл ретте, пайдалануға берілген жеке тұрғын үйлердің жалпы алаңы 13,3%-ға (26,6 мың шаршы метр) азайды.
Қазақстан Үкіметі биыл қаңтар айында Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспарын бекітті. Оны жүзеге асыру үшін 2025 жылға дейін 6,3 трлн теңге инвестиция тартылмақ. Соның ішінде 4,3 трлн теңге жеке инвестиция – тұрғын үй құрылысына, 700 млрд теңге инфрақұрылымдық жобаларға тиесілі. Астананың бас жоспары қаланың әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық, көлік және энергетикалық инфрақұрылымын одан әрі дамыту бағытындағы нақты қадамдарды қамтиды.
Бас жоспар бойынша, алдағы жылдары Астанада 164 мектеп, 178 балабақша және 93 денсаулық сақтау мекемесі салынбақ. 2029 жылға дейін 15 заманауи оқушы сарайы бой көтереді. Бұл нысандардың құрылысына қажет қаражат жергілікті бюджет пен жеке инвестиция есебінен тартылады. Ал қаланың тұрғын үй қорын 68,2 млн шаршы метрге дейін, ал жол желісінің ұзындығын 1000 км, яғни 2,5 мың км-ге дейін ұлғайту жоспарланған. Үкімет Астанада қоғамдық көліктің баламалы түрін дамытуды қолға алмақ. Оған қоса негізгі магистральдарда, әсіресе, Есіл ауданында кептелісті жеңілдету үшін бес ірі көпір салу жоспарланған. Жылу және электр энергиясы бойынша ЖЭО-3 екінші кезегін, 4 жаңа газ жылу стансасы салынады. Оған қоса, ЖЭО-2 кеңейту жоспарланған. Сонымен қатар 110/10 кВ 14 қосалқы станса іске қосылмақ. Былтыр 2 700 гектар жер бөлінген Астананың «жасыл белдеуін» дамыту жалғасады. Сондай-ақ қоғамдық орындар мен аула абаттандырылады. Осы жұмыстардың бәрінде Астанадағы құрылысшылар атсалысып, қаланы көркейту, маңызды әлеуметтік нысандардың дер кезінде бой көтеруіне бүкіл қажыр-қайраты мен тәжірибесін, күшін жұмсайды.