Абай – адамзаттың ақыны
Абай күні белгіленгеннен бастап бірнеше жыл көлемінде қарқынды аталып келе жатыр. Бұл бізді қуантып, халқымыздың рухын асқақтататын, Абайды құрмет тұтатын, Абайдан үлгі алатын жас ұрпақты дұрыс бағыт-бағдарға бағыттайтын, тәрбиелейтін үлкен бір іс-шара, мереке болып отыр.
Бірнеше жыл бұрын Ләйлім Ерланқызы деген кішкентай қыз себеп болып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзі бастап Абай күніне орай челлендж жолдады. Бұған бүкіл Қазақстан бойынша қаншама ұйым, белгілі азаматтар үн қосты. Мұны өте тағылымды шара деп санаймын. Себебі қазір Абайдың атын айтамыз, бірақ шығармаларын, өлеңдеріндегі терең ойлы философияны, ұлттың болашағына қажет, жастардың кемел адам болып қалыптасуына әсерін тигізетін туындыларын оқыту кемшін түсіп жатады. Басқаша айтқанда, кейбір жастар Абайдың атын білгенімен, шығармаларын білмейді. Сондықтан өлеңдерін насихаттау керек.
Абайдың «Толық адам» деген тұжырымдамасы бар, соның ішінде бәрі қамтылған. Абай тек қазақтың ғана емес, бүкіл әлемнің, адамзаттың ақыны деп айтуға болады. Себебі «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деп Абайдың өзі де айтып тұр. Яғни, Абай адамзаттық деңгейде ойлаған ақын.
Абай үш арнадан тәлім алған. Біріншісі – өзіміздің даламыздағы Ұлы дала әдебиеті мен мәдениеті, қазақ халқының жыраулары, өзіміздің фольклор, жыр-дастандары, бұл – Абайдың алдындағы қазақтың ақындық поэзиясы мен жыраулықты қалыптастырған Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір, Махамбет, Нысанбай жырау мұралары, басқа да қазақтың сөз өнеріне, патша-өлеңге тыңнан түрең салған ақындар. Осылардың барлығы Абайға әсер етті. Абайдың айналасындағы шығыс өңіріндегі үлкен ақындық орта болған. Бұл – Сыбанның он жеті ақыны, Шыңғыстау аймағындағы ақындық мектеп, Кеңгірбай би бастаған билік мектебі. Зере әжеміздің зерделі әңгімелері Абайды тәрбиелеген. ХІХ ғасырда Семей дамыған мәдени-рухани орталық еді. Абай Омбы, басқа да жақындағы қалалардан кітаптарды алдырып оқыды. Семейдің де үлкен кітапханасы болды. Сол кезде шыққан «Дала уалаяты», «Түркістан уалаяты» секілді газеттерді оқып отырды.
Абай медреседе оқыды. Сонда шығыстың қиссаларымен, шығыстың рубаяттарымен, шығыс шайырларының бәрінің мұраларымен танысты. Сол арқылы шығыс әлемі мәдениетін де жақсы меңгерді. Өзінің өлеңдерінде Науаи, Низами, Сағди, Шамси, Сайхали, Физули есімдері аталады. Атақты Гете мойындаған шығыстың жеті жұлдызын Абай оқып тауысқан және олардың өлеңдерінен тағылым алған.
Батыс мәдениетіндегі, Еуропадағы атақты ақындар Гете, Байронды, Ресейдің Пушкин, Лермонтов, Толстой секілді әйгілі ақын-жазушыларын, орыс әдебиетіне әсер еткен басқа да қаламгерлерді оқыды. Оқып қана қоймай, белгілі шығармаларын қазақ ұғымына лайықтап аударды. Абайдың бір кереметтігі әлем әдебиетін оқып, ұлтымыздың ұғымына, ұлттық философиямызға, ұлттық мәдениетімізге сәйкестендіріп жеткізді, өзінің ғұламалық ой-толғамдарын қосып дамытты. Сондықтан Абайды ренессанстық тұлға деп айтамыз. Яғни, қазақ әдебиетінің, қазақ мәдениетінің қайта жаңғыруында, әлемдік деңгейдегі биік белеске көтерілуінде Абайдың рөлі зор. Мұны Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш қайраткерлері, Мұхтар Әуезов сынды абайтану арнасын құрған тұлғалардың еңбектерінен, айтып кеткен ойларынан көреміз. Сондықтан жастардың санасына сіңіру үшін барлық бағытта Абай күні мерекесін үлкен деңгейде атап өтуіміз керек.
Абай – ұлттық ғылымымыздың, ұлттық әдебиетіміздің, ұлттық мәдениетіміздің, ұлттық философиямыздың ең биік шыңы, шамшырағы. Абайдың сөзімен, Абайдың өлеңімен рухтанған, соны бойына сіңірген, содан тәлім алған адам ұлтқа шынайы қызмет етеді. Қазір «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» секілді бағдарламаларымыз бар ғой, соның бәрінің басында Абай идеялары тұру керек деп есептеймін.
Серікзат Дүйсенғазы,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы