Басты ақпаратҚала мен сала

Инфрақұрылым қай бағытта дамиды?

Астана тұрғындарының саны жыл сайын өсіп келеді. Осы жағдайға байланысты қаланың әлеуметтік инфрақұрылымы да өзгеріп отыр. Бұл ретте тұрғын үй, жол құрылысы, қоғамдық көлік, мектеп, балабақша, денсаулық сақтау нысандарын салудың маңыздылығы арта түсті.

Астана кейінгі 25 жылда 6 есе үлкейді. Қала тұрғындарының тұрақты өсуі – бүкіл әлемге тән үрдіс. Қалаларда қалыптасқан ахуал сәулетшілер мен урбанистер, қала әкімдіктері мен жалпы қала тұрғындары үшін жаңа мәселелер туғызатыны және белгілі. Қала ұлттық экономиканың күретамыры ретінде инвестиция мен адами капиталды тарту жолында ұдайы күресіп келеді. Осыған орай жайлылық, ықшамдылық пен экологиялық тазалық ұғымдарының да маңыздылығы артты.

Урбанистиканың бүгінгі беталысы қандай?

Қаланы дамыту мәселесі қашан да басты назарда болуы тиіс. Сондықтан дамыған инфрақұрылымның қолжетімділігі, тұрмыс-тіршіліктің жайлылығы мен адамның қала тұрғыны ретіндегі орны өмір сүрудің өзегіне айналды. Қала жанды тіршілік сияқты тұрғындардың сәулет, көлік желілері мен мәдениетке деген сұраныстарына сай өркендеп, кескін-келбетін өзгертіп отырады.

Соңғы ондаған жылдар бедерінде халықтың ауылдан қалаға көшу үрдісі тоқтаусыз жалғасып келеді. Бұл – біздің елге ғана емес, дүние жүзіне ортақ құбылыс. Тіпті ХХІ ғасыр – «урбанистика ғасыры», шаһарлар, кенттер алға шығып, бәсекелесетін ғасыр деп айдарланғаны да бекер емес. Қазірдің өзінде әлем халқының 50 пайыздан астамы қалаларға шоғырланған. Олардың саны, ғалымдар болжамына сенсек, ендігі 25 жылдан кейін 75 пайыз­ға өсетін көрінеді.

Бір қарағанда, жоғарыдағы мәселе еліміздегі екі-үш қалаға ғана қатысты сияқты. Жоқ, олай емес және жоғарыда аталған не аталмаған өзге шаһарлардың даму тұжырымдамасын урбанизация тұрғысынан қайта қарау қажеттілігін уақыттың өзі талап етіп тұр. Кез келген қала кеңістігі, шаһар мен ауыл арасындағы қозғалыс, қарым-қатынас жыл өткен сайын қиындайтыны белгілі. Мәселен, бір көлік кептелісінің өзі не тұрады?

Еліміздің көп қалаларында, облыс орталықтарында кәсіби урбанистер болмағандықтан, бұл бағыт стихиялы түрде өз бетімен жүріп жатқандай. Қайт­кенде де жүйелі жұмыс әзірге байқалмайды.

– Егер ішкі миграциядағы (көші-қон) қарқын мен халықтың қалаға үдере көшуін ескерсек, урбанистерді даярлаудың маңызына ерекше ден қояр едік. Оның үстіне, әрбір қаланың өзіндік ерекшелігі болатыны белгілі. Сондықтан оның өткені мен бүгінін, демографиялық ахуалды зерттемей, архитектуралық нысандар мен коммуналдық қызметтер жүйесін, қаланың барлық мәліметтерін, статистикалық деректерін талдамай жоғарыда айтылған урбанизация үрдіс­терін мемлекеттік тұрғыдан реттеу мүмкін емес. Көпшілікке ортақ қоғамдық орындардағы тәрбиелі мінез-құлықтан, сәлемдесу әдебінен, тазалық пен тәртіп сақтаудан, алуан түрлі қызметтерді тұтынудан бастап, қала тұрғындарын топтастыра түсетін ортақ мереке-мейрамдар, сауық-сайрандар, ауқымды, салмақты саяси, әлеуметтік-мәдени, тұрмыстық іс-шаралар кез келген қаланың біртұтас мәдениетін құрайтынын есте ұстағанымыз жөн, – деп ілгеріде жазған еді Дархан Мыңбай.

Мәселен, қалаға және оның маңайына қоныстанушыларға қатысты қандай мақсатты жұмыс­тар жүргізілуге тиіс? Қауіпсіздік шаралары, әлеуметтік көмек өз алдына, қалаға біржола көшкендердің ортаға бейімделуін жеңілдету – маңыз­ды қадам. Ортақ қоғамдық келісімге мойынсыну үшін олардың есебі анықталып, қоныстану, еңбекке араласу, жұмысқа орналасу картасы түзілгені жөн. Жол іздеген кісіге жол көрсеткендей, соқпағын таба алмай, абдырағанды жетекке алғандай көмек көрсету мемлекеттік мекемелер, қызметкерлер мойнындағы абыройлы борыш болуға тиіс.

Бүгінгі таңда урбанистика – Қазақстандағы маңызды тақырыптардың бірі. Қалаларымыз ұдайы өзгеруде және онда жаңа көрнекі орталықтар мен мәдени кодтар қалыптасуда.

Жалпы, соңғы жүз жыл бойы сәулетшілер жолдағы қозғалыс­тың үздіксіз болуын қамтамасыз етуге аса мәр бергендіктен, жол айналасындағы өмір ескерусіз қалды. Қала тұрғындары көшеде еркін жүру мүмкіндігінен айрылды. Жаяу серуенге, адамдардың кездейсоқ жинала қалып, әңгіме-дүкен құруына жағдай жасалмады. Мұның барлығы көшенің өзіне тән өмір салтын жоғалтуына және көше экономикасының тоқырауына алып келді.

Тиімсіз және ыңғайсыз жобаланған көшелерде еш толастамайтын кептелістер адамдарға ыңғайсыздық тудырады әрі қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Әлемде жыл сайын 35 млн шақырымға созылған автожолдардағы көлік апаттарында 1,24 млн адам көз жұмады екен. Тілмен жеткізе алмайтын сұмдық! Біз көшелердің әуел баста адамдар үшін жасалғанын ұмытып барамыз. Көшелерді қайта жобалау арқылы қала өмірін түбегейлі өзгерту болатыны анық.

Астанада да мегаполиске тән барлық артықшылықтар мен кемшіліктер баршылық. Бізде қай қалада болмасын қала сәулеті қағидаларына сай көшелер автомобильге арнап кеңейтілген. Соның салдарынан миллионнан асатын қаланың жүз мыңдаған жаяу жүргіншісі мен қоғамдық көлік жолаушысы бар алпауыт қаланы автомобиль жаулап алды, Алматы да солай, тұрғындары қала маңына көше бастады. Автомобильге негізделген қалалардың жаңа инфрақұрылымы көлік кептелісіне толы, лас, қауіпті, тиімсіз көшелердің пайда болуына себеп болды. Бұл тенденция әлемнің кез келген мегаполисіне тән көрініс екені белгілі. Көшелерді кеңейту, қаланың шекарасын соза беру — оның бірегейлігіне, қолжетімділігіне, ыңғайлылығына және мәдениетіне нұқсан келтіруде және қала қаланы өмір сүруге жайсыз, тіпті қауіпті аймаққа айналдыруда. Көшелер адамға емес, автомобиль қозғалысына ыңғайлы болғандықтан, халық қала сыртына қарай шығуға тырысатыны тағы рас.

Қалалар тарих бойы түрлі өркениеттің тоғысындағы мәдениет пен технологияның,
сауда-саттық пен талбесігі болған. Қазіргі күннен күнге ұлғайып бара жатқан мегаполистерде бұл сипаттар бар ма?!

Өзекті мәселелер ескерілсе

Қала көшелері қаланың әлеуметтік, саяси және экономикалық тамыры іспеттес. Қаланың кез келген тұрғыны кез келген уақытта жаяу жүргіншіге айналуы мүмкін. Егер қала жаяу жүргіншілеріне көшеде серуендеуге, велосипед тебуге немесе жай ғана отырып әңгіме-дүкен құруға жайлы болса, мұндай қала өз тұрғындарына шығармашылықпен айналысуға шабыт беріп, өмірге деген құштарлығын оятары сөзсіз. Көшелер қала халқын, тіпті жер халқын біріктіретін тылсым күшке ие. Олар көше өмір салтын ынталандыратындай, экономикалық және мәдени алмасуға мүмкіндік бере алатындай етіп жобаланып, салынғаны абзал.

Осы орайда елордада жасылдандыру және абаттандыруды дамытуға бағытталған жұмыс жүйелі жүргізіліп келеді. Астана әкімдігі қоғамдық кеңістіктердің, жасыл аймақтардың, скверлер мен саябақтардың қаланың барлық аудан аумақтарында болуына ерекше маңыз беріп отыр. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жобалардың нәтижесінде елордада урбанис­тік трендтер пайда болғаны қуантады. Бірақ, елорда үшін әлі көп шаруа жасалуы керек-ақ.

Тұрғындарға қолайлы болса

Жуырда осы тақырыпты зерттеп отырып, еліміздегі «Болашақ» бағдарламасының қолдауымен қазақ тіліне аударылған Джанет-Садик-Ханның «Қала үшін күрес» атты кітабын оқыдым, жақсы дүние екен. Қазіргі заманның Джейн Джейкобсы сияқты Нью-Йорк көшелерін жаяу жүргіншілерге, велосипедшілерге, автобустарға және жасыл алаңдарға ыңғайлы ету жолында еңбек етті, осы жолда жетістікке жеткен адам.

Ол қолданған тәсіл тиімді болды, көшенің бір бөлігін демалыс аймағына немесе автобус жолағына айналдыру үшін бояу қолдану көшені қауіпсіз етіп қана қоймай, кептелісті де азайтып, жаяу жүргіншілердің көбеюіне, кіші және орта бизнес­тің күрт дамуына әсер ететінін дәлелдеген адам.

– Егер сіз көшені қалай оқуды білсеңіз, оны бұзып, қайта салудың орнына бар кеңістікті қайта бөлу арқылы оның қызметін жақсарта аласыз, – дейді ол өз кітабында.

Ооо қала, ол – біздің әсем қала

Төзімге тағат барма,

өмірлік сұрақтарға

Өзімде жауап бар ма?

Ооо қала, ол – біздің ару қала

Cөзіме үн қатпаған,

жәй күйің жұмбақ маған

Сырымды кімге ақтарам?

Шамдардай жағылысқан,

сандардай жаңылысқан

Қозғалып әрлі-берлі,

көліктер ағылысқан

Сеңдердей соғылысқан,

шамдардай сағынысқан

Жан-жаққа бара жатыр, адамдар сабылысқан, – деп әндеткен талантты әнші Дәурен Сейітжанов айтқанындай, қазіргі заманауи қала, Батысқа еліктеген сәулеті сыр тартқан қала болашақта адамдардан алыстамаса дейсің. Қаладағы сансыз халқы сапырылысқан көшелер автомобильдерге емес, адамдарға қызмет етсе дейсің. Оған қаламызды көріктендіру арқылы әуелі адамдарға қуаныш сыйлайтын білікті мамандар, білімді кадрлар көбірек керек секілді көрінеді де тұрады.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button