Басты ақпаратДенсаулық

Тіс емдеу неге қымбат?

Отыз екі тістің түгел, сау болғаны жақсы. Әйтпесе қалтаң қалың болуы керек. Олай дейтін себебіміз, тіс салдырту, емдету былай тұрсын, жай ғана жұлдырудың өзі шарықтап кеткен. Тісі ауырған адам жанының тыныштығы үшін қарызға несие рәсімдеп, емдетіп жатады. Ал жыл басынан бері стоматологиялық қызмет көрсетуден түскен табыс ең жоғарғы көрсеткішке жеткен.

Астана қаласында кез келген көшеден жеке тіс емханаларын кез­дестіруге болады. astana.32top.kz анықтамалық порталында 131 стоматология клиникасы тіркелген. Ең үздік деген 10 тіс емханасына хабарласып, дәл қазіргі бағаның жай-күйін анықтауға тырыстық. Бір байқағанымыз, оң жағалаудағы стоматологиялық қызмет түрлері сол жағалауда орналасқан клиникалардан арзан әрі уақыт жағынан тез қабылдай алады екен. Дегенмен тіс емдетудің бағасы қарапайым адамға оңай емес. Мәселен, тіс жұлдырудың орташа бағасы 15 мыңнан басталады. Емдеу, пломба салу – 17 мыңнан жоғары. Бір керамика тістің өзі 60-70 мыңнан басталса, имплант 80-90 мыңнан жоғары кете береді.

«Тісің сау, әдемі болса жас көрінесің, түгел болмаса ­сыртқы келбетіңе де сын. Үшінші баламды дүниеге әкелгеннен кейін тістерім ауыра бастады. Өкінішке қарай, мемлекеттік емханада тіс емдеу қарастырылмаған. Амалдың жоғынан ақылы клиникаға жүгіндім. Бір тісімді емдеу 30 мыңнан басталатынын айтты. Соңында барлығы 450 мың теңге деп есептеп берді. Бала күтімімен үйде отырған менде ондай ақша қайдан болсын?! Өздері Kaspi Bank арқылы бөліп төлеуді ұсынды. Қазір ай сайын тіс емдеткен ақшаны төлеп отырмын» дейді Астана қаласының тұрғыны Толқын Абдрахманова.

Ал жақында ғана 4 тісін емдеткен Дархан Жоламанов болса стоматологиялық қызметтің ақысы жыл сайын қымбаттайтынын айтады.

«Жуырда ғана 3-4 тісімді емдетуге 800 мың теңге кетті. Оның ішінде рентген, ақыл тісті жұлдырту, тағы басқа қызмет түрлері бар. Ал салдыруға 1 миллион теңге ақша керек екен» дейді ол.

Қарапайым мемлекеттік қызметте 300 мың теңге ғана жалақы алатын ол келесі жылы Ташкент қаласына баратынын айтты. Айтуынша, жақын достары тек тісті ғана емес, өздерінің денсаулығын да диагностикадан өткізу үшін сонда баруды әдетке айналдырған.

Табыс – 40 миллиард

Жыл басынан бері стоматологиялық қызмет көрсетуден түскен табыс 40 мил­лиард теңгені құраған. Бірінші кредиттік бюро баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл өткен жылмен салыстырғанда 31 пайыз­ға көбейген. Сонымен қатар кейінгі екі жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

«2021 жылы халыққа зейнетақы жинақтарын алуға, оның ішінде емделуге рұқсат берілді. Алғашында бұл стоматологиялық қызметтер нарығына айтарлықтай әсер еткен жоқ. Дегенмен БЖЗҚ-дан алуға болатын шекті сома көтерілгенге дейін сұраныс күрт өсті. Нәтижесінде 2022 жылдың бірінші тоқсанында күрт өскен тіс дәрігерлерінің табысы 65,2 миллиард теңгені құрады» дейді бюро сарапшылары.

Осыған қарап-ақ стоматологтардың табысқа жетуін халық табысының өсуінен емес, керісінше, стоматология саласында ұсынылатын қызмет бағасының өсуімен байланыс­тыруға болады.

Сенім ақталмады

Айтпақшы, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова кезінде тіс емдеу үшін зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу кезінде кез келген чек шынайы бола алатынын алға тартқан еді.

«Біз тіс пен жаңа имплантаттардың санын тексере алмаймыз. Сондықтан тіс емдеуді өзі үшін маңызды деп санаған салымшыға сенім артамыз. Өйткені тіс – асқазан-ішек жолына, көңіл күйге, оның ішінде сыртқы пішінге әсер ететін өте маңызды фактор. Біз де бәрі заңды жолмен жасалып жатқанын көріп отырмыз» деген болатын.

Дегенмен салымшылар да, стоматологтар да бұл сенімді ақтамады. Себебі Қазақстанда 10 тамыздан бастап зейнетақы жинағы есебінен тіс протездеу және имплантация қызметтеріне бөлінген қаражатты пайдалануды уақытша тоқтату мәселесі көтерілді.

Жалпы осы уақытқа дейін «Отбасы банк» арқылы емделуге 435,1 млрд теңге біржолғы зейнетақы төлемдері пайдаланылды. Бұл соманың шамамен 98 пайызы стоматологиялық қызметтерге тиесілі – тіс протездеу және имплантация. Алайда халықтың емделуге жұмсаған біржолғы зейнетақы төлемдерін тексеру кезінде мақсатсыз пайдалану жағдайлары анықталған. Банктің өзі бірқатар күдікті схеманың белгілерін анықтап, тиісті тұлғаларды жауапқа тарту үшін құқық қорғау органдарына жүгінген. Яғни кейбір клиникалар азаматтарға ақшаны қолма-қол алуға көмектескен. Тіпті кей клиникалар күніне 70-тен астам клиентті қабылдаған. Бірақ мұнша адамды қабылдайтын жағдайлары да болмаған.

«Біз 2021-2024 жылдар аралығында БЖЗҚ қаражатына көрсетілетін қызметтер көлемі бойынша топ-25 стоматология клиникасының мемлекетке салық түрінде шамамен 63 млн теңге төлегенін анықтадық. Бұл ретте БЖЗҚ қаражаты есебінен ұқсас кезеңде көрсетілген қызметтер көлемі шамамен 91 млрд теңгені құрады, яғни салық жүктемесі небәрі 0,07 пайыз болған» деген басқарма төрағасы стоматология клиникалары тарапынан көрсетілетін қызметтердің шынайылығына күмәндану себептерін түсіндіріп берді.

Қысқаша айтқанда, енді Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылдың 10 тамызынан 2025 жылдың 1 ақпанына дейін протездеу және тіс имплантациясы бойынша стоматологиялық қызметке бөлінген қаражатты пайдалануды уақытша тоқтатуды жоспарлап отыр.

Тіс дәрігерлері не дейді?

«Тіс емдету неге қымбат?» деген сауалымызды астаналық стоматолог Ержігіт Омаровқа қойған едік.

«Бұл сұрақты біз күнде естиміз. Әр клиникада тіс емдеу қызметінің бекітілген бағасы бар. Соған сәйкес тұтынушы өзінің қалтасын көтере алатын бағаны таңдайды. Мәселен, кеше ғана бір әйелге брекет орнатып бердім. Оған үш түрлі сападағыны ұсынып едім, орташа түріне тоқталды. Оның құны да орташа. Сол сияқты ақшасы бар кісілер ең жоғарғы сападағыны таңдайды. Дегенмен біз де қажетті жабдықтарды Германия, Оңтүстік Корея секілді елдерден алдырамыз. Сонымен қатар тіс емдеу әр дәрігердің білігіне де байланысты. Өз ісіне сенімді тәжірибелі мамандар, әрине, арзан істеп бермейді» дейді ол.

Ал Dental bliss тіс емханасының дәрігері Серік Мұратов осы уақытқа дейін зейнетақы салымшыларымен жұмыс істемегенін айтады.

«Екі ай бұрын жеке клиникамды аштым. Бұған дейін жұмыс істеген жерімде күніне 9-10 адамды қабылдадық. Бәріне топырақ шашпаймын, дегенмен соңғы жылдары кейбір стоматологиялардың бизнесі алға басты. Яғни қолма-қол ақша шығарумен айналысқандары жасырын емес. Бағаның қымбаттығына келсем, ол жұмыс сапасына, қолданылатын материалға, бір адамға кететін уақыттың ұзақтығына байланысты. Бізде стоматологиялық қызметтің барлық түрі қамтылған. Дәрігер-терапевт, ортодонт, ортопед, хирург, имплантолог, балалар тіс дәрігері – бәрі бар» дейді Серік Әкімбайұлы.

Серік МӘЛІКОВ, емделуші:

– Зейнетақы қорымдағы алуға болатын ақшаға ең болмаса тіс­терімді жөндетіп алуды шештім. Алдын ала лицензиясы бар стоматология клиникасымен келісімшарт жасастым. Онда маған емделудің жоспары мен бағасын ұсынды. Цирконий қабығымен 6 тісімді протездеу – 840000, имплантация – 300000, фиксация 17000 теңге болды. Барлығы – 1157000 теңге. Енді өзіңіз ойлаңызшы, бұл баға арзан ба, қымбат па? Негізі, көршілес елдердің біріне барып емдетсем, қанша ақша үнемдер едім?..

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button