Басты ақпаратРуханият

Ұлы ақын ұлықталған күн

Абай күні мерекесіне орай Астана қаласында алдағы онкүндікте Абай шығармаларын насихаттау мақсатында аудан әкімдіктерінің, білім, мәдениет салалары мекемелерінің ұйымдастыруымен 80-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланған. Хакімді ұлықтау жылдағы дәстүрдей елордадағы ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Руханият пен мәдениет темірқазығы

 Қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Руханият» мекемесі мен Сарыарқа ауданының әкімдігі ұйымдастырған рәсімге Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов, қалалық мәслихат депутаттары мен қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері, Amanat партиясының Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек, Абайдың Ақылбайдан тараған жиеншары Ләйлә Баймағамбетова, зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер мен ғалымдар, ардагерлер, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

– Ұлы Абай – қазақ рухания­ты мен мәдениетінің темірқазығы. Оның ілімі халықтың рухани жаңғыруымен тығыз байланысты, ал даналығы әлі күнге дейін әр қазақтың жүрегінен орын тауып келеді. Абай шығармашылығымен танысу сананы оятып, кең әрі терең ойлауға мәжбүрлейді, жаңа көңіл күй мен сезім сыйлайды, ақжарқын армандарға жетелейді, өз-өзіңді тану арқылы тазару мен рухани баюға итермелейді. Абай өз халқы үшін ғана емес, сонымен қоса, әлем халқы үшін баға жетпес үлес қосты. Абай сынды алып тұлғаның кемел ойларының рухани өркендеудегі құндылығы – қазақ қоғамының кешегі, бүгінгі және ертеңгі күнінің мәңгілік мәселелерімен сабақтастығында. Ұлы ойшылдың мұрасы – еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Абайдың асқақ рухы ұлы мұраттарға жетелей берсін, – деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов.

Құндылықтар кілті

«Журналистер» саябағында «Алдымда ақын Абай – темірқазық» әдеби кеші өтті. Елорданың Байқоңыр ауданының әкімдігі, Астана қаласының Білім басқармасы, Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия ұйымдастырған кешке қаламгерлер, ғалымдар, ұстаздар қауымы мен оқушылар қатысты. Кеш барысында Абай өлеңдері оқылып, әндері шырқалды.

– Абай қалай бүгінгі ұрпаққа жету керек, бүгінгі жастар не үйрену керек деген кезде Абай даналығының мәнін бір ғана ауыз сөзге сыйдыруға болады, бұл – ұлтты бақытты ету. Ұлтты бақытты етудің үлкен кілті – еңбек пен өнер. Өнерге Абай технологияны, техниканы да сыйдырған. Қазіргі жасанды интеллект, IT-технология – бәрі де Абайдың бізге аманаттап кеткен міндеттері. Біз оны ұмытпауымыз керек, – деді іс-шара барысында белгілі ғалым, академик, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы.

Белгілі ақын, абайтанушы, «Бала Абай» жобасының авторы Алмахан Мұхаметқалиқызы биыл ұлы Абайдың, оның балалары Мағауия мен Ақылбайдың дүниеден өткеніне 120 жыл толып отырғанын айта келе, осы жылды «Абай жылы» деп атауға болатыны туралы пікірін жеткізді.

– Құнанбайдың 220 жылдығын биыл Семей жері, Абай елі жақсылап өткізді. Біз Абайды ғана емес, Абайдың айналасын да тануымыз керек. Абай шығармашылығын, Абайдың өмірін білгеніміз өте дұрыс деп ойлаймын. Өлеңдері мен қара сөздерін ғана жаттаумен тоқтап қалмауымыз керек. Бүгінге Алаш арыстары жеткізген Абай шығармашылығындағы ұлтты тәрбиелеу идеясын ұғынуымыз қажет. Мағжан Жұмабайұлы өзінің «Педагогика» еңбегінде «данышпан Абай осылай деп айтқан» деп Абайды тіліне тиек етеді. Ұлт руханиятының, ұлт құндылығының, салт-дәстүріміздің, бүкіл бойымыздағы, қанымыз­дағы құндылығының кілті – Абайда, – деді Алмахан Мұхаметқалиқызы.

Оның сөзін белгілі ақын, Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйымның Астана қалалық филиалының директоры Дәу­леткерей Кәпұлы жалғады.

– Алмахан апай айтқандай, биыл – Абайдың өмірден өткеніне 120 жыл. Абайдан сонша алыстағанымызбен, Абайдың рухына жақындай береміз. Абай айтқан асыл қасиеттердің барлығы қазақ баласының бойынан табылса, Алаш баласы адаспайды деп ойлаймын. Өйткені Алаш зиялыларының өзі Абайдың ақыл-ойын өздеріне темірқазық қылды, – деді Дәулеткерей Кәпұлы.

Әлемдік ойдың алыбы

«Журналистер» саябағымен қатар жатқан «Қаламгерлер» аллеясында «Абай – руханияттың алтын қазығы» әдеби-сазды кеші өтті. Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған іс-шараны белгілі ғалым, академик, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы мен ақын, Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйымның Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы ашып берді. Кеш барысында абайтанушылар Қалихан Алтыбаев пен Алмахан Мұхаметқалиқызы жиналғандарды Абай әлеміне жетеледі. «Тіл-қазына» орталығының қызметкерлері, ақындар Жарқынбек Жұмаділұлы, Біржан Ахмер, Арман Шеризат қатысып, ұлы Абайдың және өздерінің ­өлеңдерін оқыды. Абай әндері әуелеп, «Әлемдік ойдың алыбы» көрмесі ұйым­дастырылды. Әдеби-сазды кешке белсенді атсалысқандарға орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің алғыс хаттары тапсырылды.

Домбыра Party жаңғырды

Есіл өзені жағалауында Абай күніне орай Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы және Сарыарқа ауданы әкімдігінің қолдауымен Домбыра Party ұйымдастырылды. 500 адам жиналған ән-күй мерекесінде К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері, Ұлытау, Түркістан, Маңғыстау, Абай облыстарынан келген өнерпаздар өнер көрсетті. Қызықты ойындар өтіп, жеңімпаздарға сыйлықтар тапсырылды. Іс-шараны ұйымдастырушы Алмас Алтайдың айтуынша, Абай рухы арқылы көптен бері үзіліп қалған Домбыра Party жаңғырды. Бұдан былай әр сенбі сайын ауа райы мүмкіндік бергенше домбыра салтанаты өткізілмек. Келесі Домбыра Party Есіл жағалауында 17 тамыз күні ұйымдастырылмақ.

Қара сөздер ғибраты

«Синтез» эксперименталды театры Абайдың даналығы мен философиялық трактаттарын насихатау мақсатында «45» атты ғибратқа толы аллегориялық драманы ұсынды. Қойылымда Абайдың қара сөздерінен көрер­мендердің қабылдауына жеңіл үзінділер мағынасы өзгертілмей заманауи тілде жеткізілді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button