Мәслихат

Дүбірлі додаға дайындық қалай?

Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Осы ойындарды өткізу бойынша қалалық штаб отырысында дүбірлі дода кезінде қоғамдық тамақтануды ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Сонымен қатар кәдесый өнімдерін сату орындары мен ойынға қатысушылар мен қонақтарға қызмет көрсететін такси қызметтерінің жұмысы тексерілді.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу бойынша қалалық штаб басшысының орынбасары, Астана қаласы мәслихатының төрағасы ­Ерлан Каналимовтың айтуынша, қазіргі уақытта тамақтануға 9 орын бөлінген. Кәсіпкерлер 62 нүктеде өнімдерін ұсынуға дайын. Олардан 55 өтінім келіп түскен. 7-13 қыркүйек аралығында этноауылда 20 қоғамдық тамақтану орны ұйымдастырылады. 20 компанияның арасында брендтік еуропалық және қазақстандық кофеханалар, ұлттық, шығыс және еуропалық тағамдар мейрамханалары, танымал фаст-фуд желілері мен қазақстандық және италиялық балмұздақ, десерт өндірушілері бар.

Ерлан Каналимов отырыс қорытындысында бірыңғай баға саясатын әзірлеуді және белгіленген бағаларды бекітуді, қоғамдық тамақтандыру нысандары үшін навигацияны оңтайландыруды, тамақтану пункттерін бірыңғай стильде безендіру және ішкі интерьер тұжырымдамасын жасауды тапсырды.

Сондай-ақ штаб мүшелеріне брендтелген кондитерлік өнімдер, картиналар, салпыншақтар, кітаптар, футболкалар, жібек бөкебайлар, тоңазытқыш магниттері, ыдыстар және басқа да кәдесыйлар таныстырылды. Ойындар аясында этноауылда барлығы 200 сауда нүктесі және қалада 7 алаң жұмыс істейді деп жоспарланған. Бекітілген дүңгіршектердің әрқайсысында өндірушілердің кәдесыйлары белгіленген бағамен сатылады.

Ерлан Каналимов ойындардың барлық нысандарында тағамдар мен сусындардың белгіленген бағасына ерекше назар аударуды тапсырды. «Іс-шараға аккредиттелген такси қызметтері автокөліктің тазалығын, жүргізушілердің ұқыпты келбетін, ағылшын тілін білуін, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу мүмкіндігін, сондай-ақ нақты белгіленген тұрақ орындарының болуын қамтамасыз етуі тиіс» деді ол.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button