Кенттер дамуына атсалысты
Қазақстанның Құрметті теміржолшысы Зейнолла Шібкенов Астана қаласы мәслихаты V-VI шақырылымдарының депутаты болды. Оның сайлау округіне Өндіріс және Кирпичный тұрғын алаптары қарайтын. Қазір бұл кенттерді дамыту бойынша біршама жұмыс еңсерілді. Мұның біразын Зейнолла Рахымұлы депутат кезінде көтерген еді. Бүгіндері елорданың Қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде бас қаланың өрлеуіне атсалысып отыр.
Қызмет бабымен V және VI шақырылымдардағы қалалық мәслихаттың отырыстарына барып жүргенімізде №10 сайлау округінен депутаттыққа сайланған Зейнолла Шібкеновтің қаланың өзекті мәселелерін көтергенін талай көрдік. Соның ішінде Өндіріс және Кирпичный тұрғын алаптарының инфрақұрылымы, атап айтқанда, жол, нөсер сулары кәрізі жүйесі, жарықтандыру, әлеуметтік нысандардың құрылысы мәселелері айтылатын.
Сол уақытта Жаңажол көшесіндегі жол мәселесі күрделі еді. Тиісті жоспар бойынша төрт жолақты болуға тиіс көшенің жолы екі жолақты болып салынып кеткен. Ортасын теміржол бөліп тұрған осы жолда ылғи кептеліс орын алып жататын. Зейнолла Рахымұлы жолды кеңейтуге бюджеттен қаржы бөлу туралы мәселе көтеріп, нәтижесінде жол қатынасы жақсарды.
Жалпы Өндіріс те, Кирпичный да Байқоңыр ауданына қарайды. Зейнолла Шібкенов тиісті мәселелерді шешу үшін осы аудан бюджетін ұлғайту туралы жиі айтатын. Сондай-ақ қысқа жолдарды жөндеу жұмысын Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына емес, аудандардың әкімдіктеріне тапсыруды, соған сәйкес бюджет қаржысын да аудандарға аударуды ұсынғаны бар. Оның пікірінше, бұл тиімді болып, аудандар жолдарға асфальт төсеу мен жөндеуді өздері жоспарлай алушы еді.
Зейнолла Рахымұлының араласуымен №23, 34, 48 мектептер маңында жаяу жүргіншілер жолы салынды, жалпы 10 шақырымнан астам тротуар төселіп, 20 көше асфальтталды. 40 көше жарықтандырылып, екі футбол алаңы, балалар ойын алаңы салынып, дәрігерлік амбулатория ашылды. Ол қарт адамдар мәселесіне ерекше көңіл бөлетін. Депутаттың қолдауымен кенттерде ардагерлердің екі кабинеті, Өндіріс тұрғын алабында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.
Кирпичный тұрғын алабында №12 балабақша-бастауыш мектеп кешені жұмыс істейді. Бастауыш мектеп болса да, онда оқушылар саны шамадан тыс асып кетіп, сол себептен кейбір балалалар басқа мектептерге барып оқуға мәжбүр еді. Зейнолла Шібкенов депутат кезінде кешенді балабақша ретінде қалдырып, жаңа мектеп құрылысын бастауды ұсынды. Нәтижесінде 2021 жылы тұрғын алапта мектеп салына бастады. Биыл жаңа оқу жылы басталғанша 600 оқушыға арналған бұл мектеп пайдалануға беріледі.
«Кенттердің мәртебесі мәселесін шешу керек. Олардың мәртебесі анықталмағаннан кейін көптеген проблемалар туындайды. Тиісті органдар тұрғын алаптарда өнеркәсіптік аймақ орналасады деп айтады. Солай болғанмен де, халықты ойлау керек. Шет аймақ деп бөлмей, тұрғындарға жайлы жағдай жасау қажет» дейді Зейнолла Шібкенов.