Елімізде жеке тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығы басталды
Жыл сайын күн салқындап, жылыту кезеңі жақындаған шақта елімізде жеке тұрғын үй секторын аралап, өрт-қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Осылайша бүгіннен бастап еліміздің барлық өңірлерінде өрт қауіпсіздігі айлығы басталды.
Айлықтың мақсаты – өрт санын азайтуға және ондағы адам қазасын болдырмауға бағытталған іс-шаралар кешенін іске асыру.
Жыл сайын өрттің туындау және адамдардың қаза болу фактілерін болдырмау мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлерінің профилактикалық жұмысы кезінде азаматтық қорғау органдары ерекше назар аударады. Сонымен қатар, азаматтық қорғау қызметкерлері жылыту пештерін нормаларға сәйкес келтіру және бітелген түтін мұржасын тазарту бойынша мүмкіндігінше көмек көрсетеді.
Өрт қауіпсіздігі айлығының бірінші кезеңі (15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін) бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарын өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыспен толық қамтуға бағытталған. Өткен жылы елімізде халықтың әлеуметтік осал топтарының 133 мыңнан астам тұрғын үйі есепке алынды.
Айта кету керек, азаматтардың осы санаты үшін автономды улы газ датчиктерін орнату тәжірибесі оң нәтиже көрсетті. Мәселен өткен жылыту кезеңінде көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, зейнеткерлер тұратын үйлерде улы газды анықтайтын 43 мыңнан астам датчик орнатылды. Датчиктердің іске қосылуы нәтижесінде 26 адам құтқарылды.
ТЖМ азаматтарды қауіпсіздік ережелерін, сондай-ақ отты пайдалану кезінде сақтық шараларын сақтауға шақырады.