Елімізде “Қоғамдық эко-бақылау” акциясы өтуде
Қоғамдық эко-бақылау республикалық акция аясында Қазақстанда 300-ден астам іс-шара өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Биыл 15 тамыздан 15 қыркүйегі аралығында қоғамдық эко-бақылау бойынша (абаттандыру, елді мекендердің, тарихи-мәдени және туристік объектілердің экологиялық жай-күйі саласында) республикалық акциясы жүргізілуде. Акция аясында республика бойынша барлығы 1,5 мыңнан астам адамның қатысуымен 300 мониторингтік іс-шара өткізу жоспарланған. Акцияның алғашқы күні Астана қаласында («Бозоқ» музей-қорығы аумағы), Алматы облысында («Көлсай көлдері» ұлттық паркі аумағы), Түркістан облысында («Әзірет Сұлтан» музей-қорығы аумағы) қоғамдық мониторинг жүргізілді.
Жобаның мақсаты – жұртшылықты табиғатты қорғауға және оған ұқыпты қарауға, проблемалық мәселелерді анықтап, азаматтық қоғамды белсенді тарта отырып шешу. Сондай-ақ өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді қатысуға және жалпы әл-ауқатқа үлес қосуға дайын күшті, ұйымшыл және жауапты қоғам құруға ықпал етеді.
Аталған акция 4 тақырыптық апта шеңберінде өткізілмек:
Туристік және тарихи-мәдени нысандардың эко-мониторингі апталығы (15-22 тамыз);
Абаттандыру, оның ішінде жасыл желектерді күту және суару саласындағы эко-мониторинг апталығы (23-30 тамыз);
Стихиялық полигондардың эко-мониторингі апталығы (31 тамыз – 7 қыркүйек);
Жер қойнауын пайдалану объектілерінің эко-мониторингі апталығы (8-15 қыркүйек).
Акцияға Қоғамдық кеңес мүшелері, 600 астам экологиялық және қоғамдық ұйымдар, эко-блогерлер, эко-волонтерлер, БАҚ өкілдері қатыспақ.