Басты ақпаратРуханият

Елге үлгі Әділбаевтар әулеті

Осыдан бір ғасыр бұрын Алаштың ардақты перзенті Ахмет Байтұрсыновтың «Әлхамдулиллә, 6 миллион қазақпыз!» деп дүйім елден сүйінші сұрайтыны бар еді ғой. Шүкір, бүгінде 20 миллионнан астық. Құдай көп көрмесін дейміз, әлбетте. Халық санының өсуіне алтын құрсақты аналарымыздың үлесі зор деуге болады. Бір шаңырақта 6-7 бала өсіріп, қатарға қосып, оқытып, тәрбие беріп, шып-шырғасын шығармай берекелі отбасы болып отырған көпбалалы ата-аналар қазіргі жастардың нағыз үлгісі болуға тиіс. Дәл осындай шаңырақтың бірі – «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы Әділбаевтар әулеті.

Әулеттің отағасы Жасұлан Шың­ғысұлы отбасының ұйытқысы – береке. Ерлі-­зайыпты бірін-бірі толықтырып отырғанда ғана бүтін отбасы шығады деген ұстанымда. Сондай-ақ ол ерлі-зайыпты домбыраның қос ішегі немесе құстың қос қанаты сияқты бір-бірінен айырыла алмайтындай болғанда ғана шаңырақ шайқалмай, шаттыққа толатынын айтады.

– Мен Құдай қосқан қосағым Жазира Бауыржанқызымен 2005 жылы 25 қарашада Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Жаңаталап ауылында отау құрдым. Содан бері 19 жыл уақыт аралығында 5 ұл, 2 қызды дүниеге әкеліп, өсіріп, тәрбиелеудеміз. Ал Астана қаласына 2019 жылы қоныс аудардық. Елорда төрінде ұл-қыздарымыз сапалы біліммен қатар спорт, өнер үйірмелеріне қатысып, биіктен көрініп жүр. Өзім №42 орта мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімі болып жұмыс атқарамын, жолдасым да педагогика саласында 10 жылдан аса жұмыс атқарды, қазіргі уақытта қосымша жеке кәсіппен (азық-түлік дүкені) айналысып жүр. Отбасымызда ұлттық құндылықтарды басты назарда ұстанамыз. Үлкен ұлым Ерұлан қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер, қыздарым Ақниет пен Інжу тоғызқұмалақ ойынынан жүлдегер, Сауран домбыра, фортепиано үйірмелеріне қатысса, Нұрмағамбет, Асыл, Арман ұлдарым – ұлттық асық ату ойындарының жеңімпаздары. Асыл қосымша актерлік шеберлік үйірмесіне барады, Нұрмағамбет – асық атудан спорт шеберлігіне үміткер. Мұның бәрі де біздің отбасымыз­бен қоса ұлттық спорт, ұлттық дәстүр, ұлттық тағамға жақын болғанымыздың нәтижесі болса керек, – дейді Жасұлан Әділбаев.

Ал отбасының отын түтетіп, шаңырағын биік көтеріп отырған Жазира Сәтімбекова балаларды тәрбиелеуде ата-ана рөлінің өте жоғары екенін, баладан бұрын алдымен өзін тәрбиелеген ата-ана ғана қоғамға сапалы ұрпақтың үлгісін көрсететінін айтады.

– Қазақ халқы отбасы құндылығына ертеден-ақ ерекше мән берген. «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген сияқты мақал-мәтелдер соның айғағы. Яғни ұлтты өзгеден ерекшелеп, оның болмысын сақтауда отбасының рөлі бірінші орында тұрған. Сондықтан біз балаларға қазақы тәрбие бергіміз келсе, алдымен өзімізді қазақы болмысқа келтіруіміз керек. Біздің үйдегі отағасы балаларына ешқашан ұрысқан емес. Оларға жай ғана сөзбен айтады. Аллаға шүкір, балалардың барлығы еңбекқор, білімді болды. Сонымен қатар жұбайым екеуміздің де ұстаздық жолда болғанымыз, бірге еңбек еткеніміз өмірімізде ешқандай қиындық тудырған емес. Біз әрқашан бір-бірімізді түсіне білдік және қолдай алдық. Шаңырағымыздың көркейіп, гүлденуі – соның нәтижесі, – дейді Жазира Бауыржанқызы.

Иә, отбасы – кез келген мемлекеттің тірегі, ұрпақ тәрбиесінің негізі. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік отбасынан бастау алып, қалыптасады. Мемлекет тарапынан қолға алынып отыр­ған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы да қажырлы еңбек, өнегелі тәрбие, ізгі дәстүр сабақ­тастығын лайықты жалғастырып келе жатқан отбасыларды үлгі етуді көздейді. Сондықтан аталған байқауға қатысқан әр жанұя түрлі салада жетістікке жетіп, әулет абыройын асырып, құрметке бөленіп жүр. Олардың жарасымды сыйластығы мен шынайы отбасы қарым-қатынасы баршаға үлгі-өнеге екені баршаға аян.

Бір қызығы, Әділбаевтар әулеті ешқашан да «Мерейлі отбасы» жобасына қатысып, жеңімпаз атанамыз деп ойламаған екен. Тіпті әр отбасында балаға берілетін тәрбие қоғамнан қайырым немесе марапат алу үшін жасалмауы керек деген ұстанымды берік ұстанған Әділбаевтар шаңырағы ұлттық құндылықтарды негіз етіп, ата дәстүріміз аясында отбасы құндылықтарына көңіл бөлу ата-ананың да, баланың да болашағын жарқын ететініне сенімді.

– Әрине, біз басында бұл конкурсқа құжаттар жинай бастағанымызда жүлделі орыннан көрінеміз деп ойламадық. Ондайды күтпедік де. Алайда конкурс қазылары бағалауының арқасында жүлдеге іліктік. Оның өзін сахнаға шығар кезде ғана білдік. Меніңше, барлық қатысушыны бағалау барысында қазылар алқасы отбасындағы бала саны, олардың жетістігін ескерген сияқты. Ал біздің жүлдеге ілінуімізге отбасымыз­дағы ұлттық құндылықтарды сақ­тауымыз және дәріптеуіміз басты өлшем болды деп ойлаймын, – дейді Ж.Әділбаев.

Жалпы бұл отбасы көбінде спорт ойындары арқылы, оның ішінде ұлттық спорт түрлері арқылы танымал десек болады.

«Егіз ұлдарымыз Асыл мен Арман былтыр 3-сыныпқа көшіп, асық атудан чемпион атанды. Мұның өзі де олардың қазақы тәрбие алғанының көрінісі болса керек. Оның үстіне, біз отбасында қазақша сөйлеп, қазақ тілін маңызды орынға қойғанымыздан болар, балаларымыздың бәрі де қазақша сөйлейді. Сонымен қоса басқа тілдерге де жеттік» деп өз отбасындағы тәлім-тәрбиенің жолы туралы айтқан Ж.Әділбаев отбасында ұлттық спортпен айналысып, балаларын соған баулып, асық атуды дамытудағы мақсат ең алдымен балалардың назарын табиғи ойындарға аудару екенін айтады.

– Асық ату көру қабілеті мен қол моторикасының дамуына ықпал етеді. Бүкіл дененің қозғалысын қамтитын бұл ойын балаларға физикалық тұрғыдан пайдалы. Енді бір жағынан мұндай ұлттық ойындарымызды дамыту арқылы, оған балаларды баулу арқылы біз оларды телефоннан алшақтатамыз. Бір сәтке болса да миының тынығуына ықпал етеміз. Жалпы мен баланы тәрбиелеуді кездейсоқ қалдыру керек дегенмен келіспеймін, өйткені ол әртүрлі жағымсыз әсерге ұшырауы мүмкін, оған қолдау көрсететін және дұрыс әрекетке шабыттандыратын жолды көрсету маңызды деп есептеймін, – деген Жасұлан Әділбаев әр отбасынан қазақтың мәдениеті мен әдет-ғұрпының иісі аңқып тұру керек деп сөзін түйіндеді.

Иә, «Отан – отбасынан бас­талады» деген ұлағатты ұғымның да мән-мағынасының терең екенін біз де Әділбаевтар шаңырағынан ұғынғандай болдық. Қазақы дәстүрдің қаймағын бұзбай, балаларының сана-сезіміне өз ұлтының мінезі мен бітім-болмысын сіңіре алған отбасыдан ғана ертең ұлтым деген ұлдар шықпақ.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button