Сәкентану сайыпқыраны
Ұлттық академиялық кітапханада әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлының туған күніне орай «Сәкентану сайыпқыраны» атты әдеби іс-шара өтті. Оған белгілі қаламгерлер, ғалымдар, ұстаздар қауымы, ғалымның шәкірттері жиналып, әдебиеттануға, қоғамның дамуына қосқан үлесі туралы әңгімелеп, жарқын естеліктерді жаңғыртты.
Офлайн және онлайн форматында өткен жиын тізгінін ұстаған шәкірттерінің бірі, белгілі ақын, Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйымның Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы Тұрсынбек Кәкішұлының туған күні келгенде оны аталмыш кітапханада еске алу дәстүрге айналғанын, ғалым өмірден өткелі есте сақтау мақсатында жүзеге асырылған істерге, алда атқарылуы тиіс шараларға тоқталды. Атап айтқанда, ол жұмыс істеген Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде аудитория ашылды, елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада атына «Ғалым» залы, көше мен мектеп берілді.
Тұрсынбек Кәкішұлы бозбала шағында қазіргі Астана – кешегі Ақмолада театрда 10 ай актер болып жұмыс істеген. Енді М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына бұл жөнінде ескерткіш тақта орнату қолға алынып жатыр. Алда тұлғалық энциклопедия дайындау, жарық көрмей қалған еңбектерін басып шығару, аз тиражбен шыққан «Мағжан-Сәкен», басқа да осы сияқты кітаптарды қайта басу міндеті тұр.
Қарағандыдан онлайн қосылған филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұл Тұрсынбек Кәкішұлының ғылымға қосқан үлесі туралы айтып, ол әдебиеттану мен әдеби сында тұтас мектеп қалыптастырғанын атап өтті. Соңында қаншама шәкірт қалдырғанын, олардың кейбірі қазір үлкен ғалымдарға айналғанын айтты. Оның сөзін жалғастырған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Рахымжан Тұрысбек адами, азаматтық келбетіне тоқталып, қоғамдағы өзекті мәселелерге сергек қарағанын, еңбектерінің мазмұны мен мән-мағынасы жайында әңгімеледі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Шоқан Шортанбай Тұрсынбек Кәкішұлының Моңғолияға жасаған экспедиция барысын еске алды.
Жазушы Төкен Әлжантегі, ғалымдар Гүлмира Әшірбекова мен Ілияс Рысбекұлы, ақын, тарих ғылымдарының кандидаты Сұраған Рахметұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы, жазушы, қонаевтанушы Ораз Қауғабай естеліктерді айтты. Жазушы Айгүл Кемелбаева Тұрсынбек Кәкішұлы өмірінен кино түсіруге болатыны жөнінде пікірін жеткізді. Ақын Бақытжан Тобаяқ арнау өлеңін оқыды. Жиын барысында Тұрсынбек Кәкішұлының абайтануға үлкен үлес қосқаны айтылды. Филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұмағұлов Тұрсынбек Кәкішұлы кезінде көтерген қазақ тілі, аралас мектептер мәселесі әлі де өзекті екенін атап өтті.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ