Басты ақпаратРуханият

Біртуар ғалым, дарынды ұйымдастырушы

Алашорда үкіметі деп аталған қазақтың ұлттық мемлекетінің басшысы Әлихан Бөкейханов Қазақстанның жер асты мен жер үсті байлығы ұлттың игілігіне жаратылуы керек дей келе: «Қазақтың әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып тағылуға тиіс» деген екен. Алаш қозғалысының қатарында болмаса да, олардың идеясын түсінген және қолдаған ғалым Кәрім Мыңбаев (1906-1948) қазақ даласының жер үсті байлығын ұлт мүддесіне жарату жолында аянбай еңбек етті.

Қазақстанда ауыл шаруашылығы ғылымының негізі өткен ғасыр­дың 20-жылдары ғана қаланды. Алғашқы ауыл шаруашылық тәжірибе станциялары ашылып, ғылыми зерттеулер жасала бастады. 1920 жылы Орынборда «Қазақ өлкесін зерттеу қоғамы» құрылды. Ташкентте сол жылы Орта Азия университеті ашылып, қазақ жастарын оқытатын бөлім ашылды. Мұнда кейінірек Кәрім Мыңбаев білім алғаны белгілі. Осылардың бастауында алғашқыда славян ұлты зия­лылары жүргенін мойындауымыз керек. 1932 жылы КСРО Ғылым академиясының қазақстандық базасы құрылып, 1946 жылы республикалық ғылым академиясына айналды. Республика академиясының іргесін қалаушылардың бірі де осы К.Мыңбаев болды.

Соғысқа дейін қазақ ұлтынан шыққан ауыл шаруа­шылық ғалымдары саусақпен санарлықтай ғана болды. Солардың бірі Кәрім Мыңбаев еді. 1941 жылы соғыс басталғанда, сол кездегі ортақ Отанды қорғауға қатыс­ты. Ел қорғайтын соғыс техникаларын жасауға қажетті стратегиялық шикізат – ­каучук жасайтын көксағыздың жаңа түрлерін молынан өсірудің жолдарын зерттеді.

Ғалымның да ғалымы бар. Кәрім Мыңбаев қаны қазақ, жаны қазақ, отаншыл, ұлтшыл ғалым болды. Жүрегі қазағым деп соқты. Қайтсем еліме пайдамды тигізем деп еңбек етті.

К.Мыңбаев 1942-1944 жыл­­дары Мемлекетік жоспарлау комитетінде басшылық жұмыста жүргенде әріптес­теріне Ертіс, Сарысу өзендерінің суын Бетпақдалаға бұру, Шардарада, Қапшағайда су қоймаларын жасау туралы идеяларын айтады. Бетпақдаланы суландырып, гүлдендіріп, 20 млн қой бағатын өңірге «Бақ далаға» айналдыруды армандағаны бәрімізге белгілі. Осындай жоспарларын іске асыру арқылы Кәрім республикада азық-түлік молшылығын жасауды ойластыр­ған.

Академияның қазақ филиалдын басқарған (1944-1948) кезде ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын жүргізуге білікті мамандар қажет болды. Кәрім Мыңбаев алғашқыда келешегінен үміт күттіретін А.Е.­Еламанов, М.А.Ермеков, В.А.Бальмонт, Ю.Н.Барминцев сияқты ғалымдарды тартады.

Кәрім Мыңбаев филиал­да қазақ ұлтының ғылыми кадрларын қалыптастыруға ұмтылды. Ол басқарған жылдары филиалдағы жоғары лауазымдағы адамдардың 80 пайызы қазақтардан құралды. Егіншілік, мал шаруашылығы, картоп шаруа­шылықтары ғылыми-зерттеу институттарының директорлары етіп Қылыш Бабаевты, Сапар Нұғымановты, Хасен Наурыз­баевты таға­йындады. Ежелден мал шаруашылығымен шұғылданған қазақ ұлтының жастарына аспирантурадан көбірек орын беруге назар аударды.

К.Мыңбаев филиал басшылығы қызметімен қоса, Қазақ ауыл шаруашылығы институтының селекция және генетика кафедрасы мен Қазақ мемлекеттік университетінің биология, топырақтану факультетінің дарвинизм және генетика кафедрасына меңгеруші болып, осы салаға ғалымдар мен мамандар дайындау ісіне тікелей қатысты. Өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды. 5 ғылым докторын, 40 ғылым кандидатын даярлады. 200-ден астам ғылыми еңбек жазған. Биология және агрономия ғылымдары саласында ірі теориялық және практикалық ұсыныстар жасаған. Ауыл шаруашылығы ғылымының негізін қалаушылардың бірі болды.

Қазақ, өзбек, орыс тілдерімен қатар, ағылшын, неміс тілдерін меңгерген Кәрім Мыңбаев білім-білігін еліміздің ауыл шаруашылығы салаларын зерттеуге, зерделеуге жұмсады. Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелеріне ғылыми-әдіс­темелік көмек беруге, республика үкіметіне ауыл шаруашылығының түрлі саласын, аймақтарды дамытуға арналған ұсыныстар берді.

К.Мыңбаев басқарған филиал ғалымдары биязы қазақ меринос қой тұқымын шығарғанда, оның жүнінің қасиетін білу үшін эксперимент ретінде Ленинградқа жүн жіберіп, одан дайын мата жасатып, Алматыда костюм тіктіреді де, оларды осы жұмысқа қатысы бар 4 адамға кигізеді. Бұл «қылмыс­ты» қырағы көздер жоғары жаққа жеткізеді. Үкімет басшысының орынбасары мемлекет дүние­сіне қол сұққан «кінәлілерді» шақырып алып, «бұларың қалай?!» деп зіркілдейді. Сонда Кәрім Мыңбаев ешбір қаймықпастан, өзіне тән жігермен былай деп жауап береді:

«Ғылым құрбандықты қажет етеді, біз жаңа шығарылған қой тұқымы жүнінің маталық қасиеттерін анықтау үшін осындай әрекет жасадық. Бірақ оның еш ­айыбы жоқ. Бұл жаңалықтың жақсылығы да, жамандығы да, ең алдымен, оны жасап шығарушыларға тиесілі емес пе?!» дейді. Жауаптың дәлелді, ғылыми негізде, үлкен сеніммен айтылғанынан сескенген орынбасар бірден райынан қайтып, әңгіменің артын жалпы ғылымның дамуына қарай өзгертеді.

Кәрім Мыңбаевтың қажыр­лы еңбегі мен іскерлігі, үлкен абыройының арқасында қазақстандық фи­лиал қарамағында аз уақыттың ішінде ғылыми-зерттеу институттары, тәжірибе станциялары, тәжірибе танаптары ұйымдас­тырылып, ғылыми тақырыптық зерттеу жұмыстары тиянақты жүргізілді.

К.Мыңбаев басшылық еткен тұста ВАСХНИЛ-дің қазақ филиалы шетелдермен ғылыми байланыстарды жолға қою­ға әрекет жасады. Моңғолиядан түйе, жылқы және қойдың тұқымдарын сатып алу, Австралия­дан бірнеше жүз жіңішке жүнді және меринос жүнді қойлар сатып алып, олардың Қазақстан табиғатына қарай бейімделуі жағдайларын зерттеу, малдардың осы тұқымдарын асылдандыру тәжірибелеріне пайдалану туралы республика басшылығына ұсыныстар жасады.

Қытай, Моңғолия, АҚШ пен Аргентина елдеріне ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстар бойынша тәжірибе алмасу, ғылыми әдебиеттер алмасу мақсатында ғалымдардың іссапарларын ұйым­дастыру мәселесін Үкімет алдына қойды.

Ветеринария саласы бо­йынша Африка, Америка, Австралия, Англия елдері ғалымдарының малдардың жұқпалы ауруларымен күресу әдістерімен танысу және шетел ғалымдары жасаған ең жаңа дәрі-дәрмек түрлерін сатып алуды көтерді.

Шетелдерден ауыл шаруа­шылығы дақылдарының, көкөністер мен бау-бақша дақылдарының тұқымдарын сатып алу, тәжірибе жасайтын жаңа зертханалық құрал-жабдықтар, өсімдіктерді құртатын зиянкес жәндіктермен күресу әдістерімен танысу, ғылыми-техникалық деректі фильмдер сатып алу, ауыл шаруашылығы ғылымы саласы бойынша шетелдерден ғылыми журналдар жаздыртып алуды қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.

Кәрім Мыңбаев ғылыми жұмысты республика Ауыл шаруашылығы министр­лігімен тығыз байланыс­та жүргізіп, олардан әрқашан қолдау алып отырды. ­К.Мыңбаев барлық облыс­тан филиал­дың тәжірибе станцияларын құрды. Солардың бірі Шортандыдағы станция еді, кейін оны академик Бараев және Мехлис Сүлейменов басқарып еді.

Кәрім Мыңбаев өзінің «Бетпақдала шөлі» кітабында Қазақстанның шөл және шөлейт аймақтарын 5-15 жыл ішінде игеріп, шаруа­шылық қажеттеріне жаратуға болатыны туралы ұсыныс білдіреді. Ғалым сол кезде мемлекеттік жер қорында мал бағуға және жем-шөп дайындауға болатын жердің 85 пайызы пайдаланылмай жатқанын көрсетеді.

К.Мыңбаев Бетпақдаланы зерттеуге «КарЛАГ» шаруа­шылығын тартуды ұсынады, өйткені онда әртүрлі себеппен ауыл шаруашылығы саласының айтулы ғалымдары қамауда отырған еді. Сонымен қоса «КарЛАГ»-та түрлі зерттеу жүргізуге қажет жақсы жабдықталған зертханасы болды.

Кәрім Мыңбаевтың басшылығымен еліміздің егін және мал шаруашылығы институттарындағы ғылыми-тәжірибелік жұмыстардың бағыты дамудың интенсивті арналарына негізделіп, қайта жасалды.

Ғалымның тікелей араласуы және ұйымдастыруымен республикадағы мал шаруа­шылығының өркендеуінде үлкен маңызға ие болған ғылыми мекемелер құрылды. Бетпақдалада тәжірибе стансасын құрды.

Зерттеу нәтижесі бойын­ша жазған «Бетпақдала шөлі» атты ғылыми еңбегінде ­К.Мыңбаев: «Бетпақта жа­йылым бар. Жер бетіне жақын 3-9 метр тереңдіктегі жер асты суларын мал ­суаруға пайдаланып, мыңғыр­тып мал өсіруге және егін шаруа­шылығымен де шұғылдануға болады» деп көрсетті.

1947-1948 жылдары білікті ғалым ретінде Ауыл шаруа­шылығы министрлігі комиссиясының мүшесі қызметін қоғамдық негізде, яғни тегін атқарып отырды. Осылайша:

– Оңтүстік Қазақстан аймағында шина жасау шикізаты – каучук өндірілетін негізгі өсімдіктердің гендік қорын жасады.

– Ғалымның ұйымдастыруымен республика мал шаруашылығын өркендетуде маңызы зор жаңа екі мекеме – Ауыл шаруашылығын механикаландыру мен электрлендіру және Ветеринария институттары ашылды.

– Бетпақдалада мал шаруашылығы мен егіншілікті дамыту жолдарын, шөл және шөлейт жерлерге бейімделген мал тұқымдарын, оның ішінде еділбай, қаракөл, гиссар, шу қойларын, адай, жергілікті қазақы жылқыларды, қазақ, моңғол түйелерін өсіруді ұсынды.

– Жер ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғаудың маңызын зерттеуге көңіл бөлді. Дәнді дақылдар көлемін арттыру Қазақстанның болашақта ауыл шаруа­шылығы саласын дамытуға негіз болатынын негіздеді.

– Егіншілікті кәсіп ететін шаруашылықтарға астық үшін бидай өсіруге басымдық жасау­ды, тарыға, малға азық, жем болуы үшін тораңғы, қандым, сексеуіл, жиде, жыңғыл, тобылғы егу керегін ұсынды.

Осылайша 42 жылдық қысқа ғұмырында елі үшін мол ғылыми мұра қалдыр­ған, тағылымды өмірі ұрпаққа үлгі болар қайраткердің есімін жаңғырту – ­бүгінгі жастардың парызы.

 Сейітқали Дүйсен,

тұлғатанушы ғалым

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button