Басты ақпаратБілім

Білім беру жаңа заманға бейімделеді

Елордада білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз форумы өтті. Жаңа оқу жылының басты міндеттерін айқындаған алқалы жиынның тақырыбы «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім беру» деп аталды. 2000-ға жуық педагог бас қосқан, 20 мыңнан аса адам онлайн режимде тамашалаған іс-шараға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, халықаралық және отандық 30-дан аса сарапшы, мәслихат депутаттары қатысты.

Заман талабына сай түрленген форумда жасанды интеллект әлеуеті мен оның білім беру ісіне тигізер әсері талқыланды. Іс-шара аясында «Цифрлы білім берудің болашағы» атты көрме ұйымдас­тырылып, білім саласында сапалы контентті қамтамасыз етуге бағытталған жаңа технологиялар мен электронды зертханалар ұсынылды.

Жиында сөз бастаған елорда әкімі Жеңіс Қасымбек астаналық білім беру сапасын арттыратын негізгі мәселелерге тоқталды.

«Елорданың білім беру жүйесінің негізгі ерекшелігі – қарқынды дамуы. Қала өсіп келеді, жылына 35 мыңнан аса бала өмірге келеді. Тұрғындардың жыл сайынғы өсімін ескере отырып, елордада мектептер көптеп салынып жатыр. Қазіргі уақытта екі ауысымда 100 мыңға жуық оқушыға арналған 30-дан астам мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа оқу жылы ішінде 20-дан астам мектеп ашылады. Олардың бір бөлігі – жайлы мектептер. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 90 мың оқушы орнына арналған 24 жайлы мектеп салынады» деді Ж.Қасымбек.

Биыл жоғары оқу орындарына 850-ге жуық грант бөлінді. Жалпыға бірдей оқыту аясында 12 мыңнан астам оқушы көмек алды. Ал материалдық көмек мөлшері 43 мың теңгеден асады. Сонымен қатар мектеп киімін сатып алуға арналған өзге де бағдарламалар бар, оның ішінде демеушілік қаражат та тартылады. Астанада 4,5 мың орынға арналған 6 студенттік жатақхана салынады. Тағы 4 университетке жатақхана салу үшін жер телімі бөлінді. 2025 жылы 2 жатақхана пайдалануға беріледі.

Балабақша тапшылығы шешіле ме?

Жиында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осыған дейін атқарылған жұмыстар мен жаңа оқу жылындағы жаңалықтар жөнінде баяндады.

«Биыл білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесінің жаңа моделі қалыптасты. Жаңа оқу жылынан бастап «Цифрлық ұстаз» жобасын іске асыру шеңберінде аз қамтылған отбасылардан шыққан білім алушылармен жұмыс жанданады. Кез келген елдің бірлігі мен өркендеуі ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды дәріптеуге байланысты. Осы бағыт шеңберінде барлық білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы өткен жылы табысты іске асты.

Астана қаласы бойынша әлі де балабақша тапшылығы мәселесі бар. Бүгінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 81 пайызды құрайды (мектепке дейінгі ұйымдарға кезекте тұр­ған бала саны – 57283). Бұл мәселені шешу мақсатында 2025 жылға дейін 10 балабақша ашу жоспарланған. Сонымен қатар әлеуметтік осал топқа жататын отбасындағы 97000 бүлдіршін тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Оның 11712-сі – Астана қаласының балабақшаларында» деді министр.

Биыл елордада 68953 баланы қамтитын 547 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Сонымен қатар қалада жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс орналастырылады. 2023 жылы 224 жекеменшік балабақшаға 10317 орынға мемлекеттік тапсырыс берілсе, осы жылы тағы қосымша 10 мыңнан астам орын беріледі.

Астанада мектептер салынады

Форум барысында Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенға­зыев елордадағы үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу, жаңа салынып жатқан «Жайлы мектептердің» ерекшеліктері мен қосымша білім беру ұйым­дарының жаңалықтарына тоқталды.

«Қазіргі уақытта қалада 282 мыңнан астам оқушыны қамтитын 187 мектеп жұмыс істейді. Соңғы төрт жылда Астана қаласында заман талабына сәйкес бірегей оқу кабинеттерімен жабдықталған мектептердің қатары көбеюде. Осылайша, биыл жыл соңына дейін 6 үш ауысымдық мектептің және бала саны шамадан тыс 9 мектептің мәселесі шешіледі.

Астанада 13 қосымша білім беру ұйымы, 135 филиал және 8 community орталығы жұмыс істейді. Қосымша біліммен қамту 81,5 пайызды құрайды (оқушы саны – 213556). Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап 30 мектепте 1-сынып оқушыларына «Шахмат» курсы енгізіледі.

Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес, 2029 жылға дейін қосымша білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында заманауи Оқушылар сарайлары салынады. Олардың екеуі – «Sana» және «Sana sport» биыл пайдалануға берілді» деді Қ.Сенғазыев.

Колледждерде –жаңа мамандық

Қалалық басқарма басшысы техникалық және кәсіптік білім берудің беделін арттыру бүгінгі білім беру жүйесінің өзекті міндетінің бірі екенін баса айтты.

«Жыл сайын қалада мемлекеттік колледждердің материал­дық-техникалық базасын нығайтуға көңіл бөлінуде. Биыл 3 колледж (Техникалық колледж, Көлік және коммуникация жоғары колледжі, Astana Polytechnic жоғары колледжі) заманауи жабдықтармен жарақтандырылады. Сонымен қатар қалаға керек мамандықтар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде, хаус-мастер, ландшафт дизайнері, флорист-гүл өсіруші мамандықтары ашылды. Сонымен қатар техник-гидрогеолог мамандығы ашылатын болады» деді Қ.Сенғазыев.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Астана қаласында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі әлі де маңызды. Бүгінде елорда бойынша жа­тақ­ханаларға қажеттілік 1291 төсек-орынды құрап отыр. Осы мақсатта мемлекет тарапынан білім алушыларға хостелдерде орын берілді. Алдағы уақытта жатақханалар саны арта түспек. Қазірдің өзінде 938 орындық жатақхана құрылысы жүруде.

2024 жылдың қыркүйегінен бастап колледж студенттерінің стипендиясы тағы 50 пайызға ұлғаяды.

 Биылғы жаңашылдықтар қандай?

«Елорданың білім беру жүйе­сінің алдына қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында жаңа жылда бірқатар мектеп базасында IT-құзыреттілік орталықтарын ашу жоспарланған.

Білім беру процесінде цифрлы технологиялар мен жасанды ­интеллектті қолданудың кеңеюі­не байланысты жаратылыс­тану-математикалық цикл педагогтары үшін IT құзыреттіліктері бойынша біліктілікті арттыру жұмысы жүргізіледі.

Елорданың мектептері мен университеттерінің бірлескен «турникетсіз күн» жобасы енгізіледі. Оның аясында жоғары сынып оқушылары университеттерде зертханалық сабақтарға қатысып, таңдалған тақырыптар бойынша профессорлардың дәрістерінде білім алады. Бұл, бір жағынан, болашақ мамандықты таңдауда түлектерді ынталандырса, екіншіден, цифрлы технологиялар пәні бойынша білім алуға қосымша мүмкіндіктер ашар еді» деп бөлісті басқарма басшысы.

«Біртұтас тәрбие» бірыңғай тәрбие бағдарламасы шеңберінде ұлттық құндылықтарды оқу процесіне енгізу жалғасады. Ол үшін бірқатар мектепте тәрбие жұмысы бойынша арнайы құзыреттілік орталықтары ашылады. Сондай-ақ ұстаздарға сабаққа дайындық кезінде кәсіби көмек көрсету мақсатында әдістемелік орталық базасында Astana digital mektebi цифрлы платформасы іске қосылмақ.

«Өткен оқу жылында кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында сынақ ретінде 50 мектепте педагогикалық сыныптар ашылды, бұл біздің балалары­мызға болашақ мамандықты таңдауда жақсы серпін берді. Бүгінгі таңда педагогикалық сыныптардың 300-ге жуық түлегі мұғалім мамандығын таңдап отыр. Биыл сол қағида бойынша IT технологияларды тереңдетіп оқыту бойынша инженерлік сыныптар ашамыз» деді Қ.Сенғазыев.

Бала қауіпсіздігі – бірінші орында

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқығын қорғау – мемлекеттің басым міндеті. Биыл әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты қабылданған заң аясында бала құқығы жөніндегі өңірлік уәкілдердің мәртебесі бекітіліп, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсетудің арнайы бағдарламасы әзірленді. Бұл туралы Астана қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина айтып, төтенше жағдайдың алдын алу үшін ата-ана мен мектеп бірлесе жұмыс істеу керегін атады.

«Жаңа оқу жылындағы біз­дің басты міндетіміз – бала қауіп­сіздігін қамтамасыз етіп, оларға барлық жағдай жасау. Қауіпсіздік балабақша ауласынан, мектепке және колледжге бара жатқан жолдан басталады. Осы жылы қалада балаға қатысты түрлі жағымсыз оқиға орын алды, сондықтан бұл бағытта жұмыс­ты барлығымыз күшейтуіміз қажет.

Астана қаласы бойынша балабақшалардың, мектептердің бейнебақылау жүйесі Полиция басқармасының жедел орталығына 100 пайыз қосылған, барлығында дабыл түймесі мен турникет орнатылған, түгелдей күзет ұйымының жедел диспетчерлік пунктіне қосылған. Бұл – қуантарлық жайт» деді спикер.

Форум аясында түрлі тақырыптағы панельдік сессияларда педагогтар мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беруде цифр­лы технологияларды кеңінен қолдану, ақпараттық білім беру платформаларының қыр-сырын білу және білім беру сапасын қамтамасыз ету мәселелерін шетелдік және отандық сарап­шылармен бірге талқылады. Сонымен қатар астаналық ұстаздар Оқу-ағарту министрлі­гінің «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгісімен, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button