Қоғам

Паралимпиадашылар Парижге аттанады

Париж Олимпиадасының байрағы түсіп, жетістігімізге қуанып, кем­шілігімізді саралап жатқанда, паралимпиадашылар байрақты бәсекеге дайындығын пысықтап, турнирде топ жаруға барын салады. Біз елорда­лық параспортшылар туралы сөз етпекпіз.

28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Парижде XVII Паралимпиада ойыны өтеді. Қазақстан ұлттық құрама командасында 9 спорт түрінен 33 лицензия бар. Атырау облысының спортшылары 8 жолдамаға ие болса, Астанада – 5, Жамбылда – 4 лицензия. Қалған 9 өңірдің спортшылары 1-3 лицензиядан алды.

– Ұлттық құрама қатарында үш спорт түрінен астаналық 5 спортшымыз Паралимпиада ойындарында бақ сынайды. Атап айтатын болсам, пара оқ атудан Севда Алиева, пара жүзуден Сиязбек Дәлиев, пара дзюдодан Ақмарал Науатбек, Ерғали Шәмей, Бауыржан Арыс­танбеков. Бұл нәтиженің барлығы – жаттықтырушылар мен спортшылар еңбегінің арқасы. Паралимпиада ойындарына жолдама алу үшін спортшылар халықаралық жарыстарда сынға түсіп, жүлделі орын алудың нәтижесінде ғана лицензияға қол жеткізді. Спортшыларымыз­ға Астана қаласы әкімдігі мен Туризм және спорт министрлігі тарапынан қолайлы дайындық үшін барлық жағдай жасалды; фармакология, ай сайын берілетін қаражат, оқу-жаттығу жиындары, спорт киімдері мен инвентарлары 100 пайызға қамтамасыз етілді. 5 спортшымыздың жеке бапкерлері Паралимпиада ойындарына бірге баруына ұйымдастырылды. Спортшылар мен жаттықтырушыларға енді тек нәтиже көрсету керек, – деді елордалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы спорт бөлімінің басшысы Азамат Ағзамов.

Параспортшылар арасында атақ-даңқы шыққандар да, халықаралық жарыстарға енді қатысатындар да бар. Мәселен, пара жүзуден Азия ойындарының жеңімпазы Сиязбек Дәлиев Париждегі турнирде екі қашықтықта жарысқа шығады. Біріншісі – 50 метрге шалқамен жүзу, екіншісі – 50 метр баттер­фляй. Белгілі спортшылар арасында Ақмарал Науатбек бар. 24 жастағы пара дзюдошы Азия ойындарының жеңімпазы, екі рет әлем чемпионы атанды. Одан бөлек, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Бауыржан Арыстанбеков, Севда Алиева, Ерғали Шәмей сынды ерік-жігері мықты, күш-қайраты келіскен атлеттер ел намысын қорғайды.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button