Өресі биік өнерпаз
Биыл күйші, композитор, дирижер, ұстаз, Мәдениет саласының үздігі Мұхаметқали Тіналиннің туғанына 70 жыл толды. Кешегі Ақмола, бүгінгі Астанада кіндігі кесілген өнер иесі өзінің туған жерінде ұлттық өнердің салтанат құруына мол еңбек сіңірді. Бойындағы табиғи талантын кәсіби біліммен ұштастырған өрелі өнерпаздың артында 40-тан аса ән-күй, оркестрлер мен ансамбльдерге лайықтап өңдеген 200-ден аса шығарма, өзінің жолын қуған ұрпағы мен шәкірттері қалды.
Мұхаметқали Хасенұлы бастапқы музыкалық білімді Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінен алды. Одан соң Құрманғазы консерваториясына Хабидолла Тастановтың сыныбына түсті. Онда оқи жүріп, Ғазиза Жұбанова, Кенжебек Күмісбеков, Латиф Хамиди, Батыр Әбдіхалықов сынды белгілі өнер қайраткерлерінің тәлімін көрді.
«Мұхаметқали менен екі курс төмен оқыды. Өзінің курстастарынан суырылып алға шығып оркестрге түсіру өнерімен, композиторлық өнермен айналыса бастады. Музыкалық теориялық сабақтарды, гармонияны терең меңгерді» дейді көрнекті күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов.
Студент кезінен аса жоғары музыкалық қабілетімен көзге түскен Мұхаметқали Тіналин жоғары курста оқып жүргенде Бішкек қаласында өткен ІІ Бүкілодақтық халық аспаптарында орындаушылар байқауына қатысып, лауреат атанады. Сол кезден бастап арнайы шақыртумен Құрманғазы атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрімен, «Гүлдер», «Шалқыма» эстрадалық ансамбльдерімен бірнеше елдің сахналарында өнер көрсетті. Концерттік бағдарламамен бүкіл Қазақстанды шарлап, қазақ әуенін Мәскеу, Санкт-Петербург, Киев, Дондағы Ростов, Орынбор қалаларының, Алжир мен Чехословакия елдерінің тыңдармандарына естіртті.
Консерваторияны аяқтағаннан кейін өзі туған Целиноград қаласына оралып, өткен ғасырдың сексенінші жылдары «Тың игерушілер» сарайының «Алтын дән», облыстық филармонияның «Армандастар» эстрадалық ансамбльдерінде жетекшілік етті. Ақмола өңірінде алғашқы халық аспаптары оркестрін құрып, қазақ оркестріне арналған көркем туындылардың жарыққа шығуына еңбек сіңірді. Өзге ұлттар басым аймақта қазақ халық аспаптары оркестрін құру оңай болмады. Бірақ алдына үлкен мақсат қойған талантты музыкант Сарыарқа төрінде қазақ аспаптарының үнін асқақтатып, елдің рухын оятты. Бұған қасында бірталай жыл жүрген, әндерін орындаған белгілі актер, әнші, Мәдениет саласының үздігі Нұрай Танабаевтың мына сөздері дәлел:
«1991 жылы мен Ақмолаға келіп, Қалибек Қуанышбаев театрына қабылданғанымда алдымыздан шығып, құшақ жайып қарсы алған ағаларымыздың бірі Мұхаметқали Тіналин еді. Оның Ақмола өңіріндегі музыка өнерінің өрлеуіне қосқан үлесі орасан зор деп айтсам, артық айтқандай болмайды. Бұл қалада қазақ 16 пайыз ғана болған кезде қазақ оркестрін құрып, қазақтың қара домбырасын сөйлетіп, қазақтың ән-күйін дәріптеді. Қазіргі Қазақ ұлттық өнер университеті музыка училищесі болып тұрған уақытта кафедра меңгерушісі болды. Сол кезде мені шақырып алып: «Нұрай, осы жерде қазақтың қара домбырасымен ән айтатын жастар аз, балаларға соны үйретейік, кафедра жанынан ән бөлімін ашайық» деді. Сол кезде шатаспасам, 1994 жылы осы жерде «Дәстүрлі ән» алғашқы сыныбын ашқан едік».
Мұхаметқали Хасенұлы Астанадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы құрамындағы қазақ оркестрінің қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Бұл оркестрдің дирижері болып, қаншама музыкалық шығарманы оркестрге түсірді. Осы жылдың басында филармония оркестрдің тұңғыш бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мырзағали Айдоболов екеуін еске алып, «Дарынгер» концертін өткізді.
«Мұхаметқали Тіналин өз халқының дәстүрлі өнерін қалай жақсы меңгерсе, әлемдік классиканы да өте биік деңгейде игерген сауаты жоғары музыкант еді. Оның өзінің жазған төл әндері мен күйлері, ансамбльдер мен оркестрлерге арналған шығармалары немесе өңдеп түсірген туындылары ешкімге ұқсамайтын өзіндік бағыты бар ерекше туындылар» дейді күйші, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтжан Тоқтаған.
Шынында да, Тіналиннің төл туындылары мен оркестрге түсірген шығармаларын тыңдағанда жан сарайың ашылып, құлақ құрышың қанады, жандүниең бір рахат сезімге бөленеді. Соның ішінде оның әні мен сөзін өзі жазған «Біздің дала» атты әні жұрт арасына кең тарады. Шығармаларының қатарынан белгілі ақын Нұрғожа Ораздың өлеңіне жазылған «Домбырамды әперші», Ақмолада өткен тағы бір дарын Ескермес Иманбай екеуінің бірлестігінен туған «Балдырған», «Құлпырған елім», «Айтар ой» әндерін ерекше атап өтуге болады.
Күйлеріне келсек, «Шідер қайыс», «Наурыз», «Тарлан боз», «Ізбасар қосбасар», «Есілім-Еркем» болып кете береді. «Дарынгер» атты күйі атақты күйші, композитор, дирижер, Қазақ КСР мен КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевке арналған. Сонымен қатар өнерпаз домбыраға арналған «Жайлау биі» секілді пьесаны жазды. Ұлы Абайдың, Тәттімбет Қазанғапұлының, Ақан серінің туындыларын қобызға түсірді. Оркестр, ансамбльдерге түсірген шығармалары да жеткілікті. Соның ішінде Даниэль Вильямстың «Виктория» атты шығармасының жөні бөлек. Бұл туындыны тындарманның делебесін қоздыратындай етіп ойнақтатып берді. Өмірден өтерінен аз уақыт бұрын Астанада шығармашылық кеші ұйымдастырылғанда бірнеше шығармаға өзі дирижерлік етті. Арасында «Виктория» да бар. Осы кеш Youtube-ке жазылды. Тіналиннің стилін, әндері мен күйлерін, оркестрге түсірген шығармаларын сол жерден көруге болады.
Мұхаметқали Тіналин «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінде дирижер болды. Өмірінің соңына дейін Қазақ ұлттық өнер университетінде дәріс берді, соңғы күндеріне дейін астаналық филармониямен байланысын үзбеді.
«Өнерге жақын адамдардың жандары таза, табиғаты көркем, сұлу келеді» деп айтып жатамыз. Мен осы сөзді Мұхаметқали Тіналинге қарап мойындайтын едім. Оның өнерге деген көзқарасы ерекше болды, ол адамгершілігі жоғары, өте қарапайым, болмысы бөлек азамат еді» дейді көрнекті күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Секен Тұрысбек.
Биылғы көктемде Астанада Мұхаметқали Тіналин атындағы І қалалық «Есілім-Еркем» атты өнер байқауы ұйымдастырылды. Жалғаса берсін. Бұл байқауды республикалық дәрежеге көтерсе де артық етпейді. Өнер иесінің өмірден өткеніне 7 жыл болды. Елордада атына көше мен музыкалық ұжым да берілуі керек деп есептейміз. Әрине, алдымен аты «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізілуі керек.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ