Елорда тынысы

Ғұлама ғалым мерейі

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Ғұлама ғалым, академиктің мерейтойы туған жері – Баянауыл ауданында кең ауқымда атап өтілуде.

Мәжіліс спикері салтанатты жиында Президент Қасым-­Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Қаныш Сәтбаев – қазіргі заманғы қазақ ғылымының атасы. Ол Ұлттық ғылым академиясының негізін қалады, білікті ғалымдардың тұтас буынын тәрбиелеп шығарды, жаңа зерттеу жүйесін қалыптастырды. Сондықтан Ғылым қызметкерлері күні оның туған күніне орайлас­тырылған. Халқымыздың біртуар перзенті көптеген кен орнын ашып, өндірістің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Еліміз әлі күнге дейін оның еңбектерінің игіліктерін көріп отыр. Сәтбаев мұрасы ұлтымыздың теңдессіз қазынасы саналады. Оның еңбегін жан-жақты дәріптеу – ортақ парыз. Болашақта Сәтбаев салған сара жол жалғасып, қазақ ғылымы қарқынды дами береді деп сенемін» делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Сонымен қатар Ерлан Қошанов биыл қасиетті Ертіс-Баян өңірі мерекеге толы екенін атап өтті.

«Қаныш Сәтбаевтан бөлек, қазақтың көрнекті жазушысы, Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толып отыр. Сондай-ақ қазақ археологиясының атасы, көрнекті қайраткер Əлкей Марғұланның туғанына 120 жыл. Қазақ киносының саңлағы Шәкен Аймановтың 110 жылдығы. Ал Сәтбаев тойы – елдіктің тойы, бірліктің тойы. Ілім мен ғылымның мерекесі» деді Мәжіліс төрағасы.

Мерейтой аясында Баянауыл ауданы Мойылды шатқалында Қ.И.Сәтбаев этноауылы бой көтеріп, республикалық ақындар айтысы, ұлттық спорт түрлері – көкпар, бәйге мен қазақ күресінен жарыс өтті. Өңірде «Академик Қ.И.Сәтбаев феномені: кеше мен бүгін» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, естелік кітаптың тұсаукесері болды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button