Қоғам

Баланы өнерге баулиды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі білім сапасын арттыру туралы өзінің әр жолғы Жолдауларында тілге тиек етіп, тапсырмалар беріп келеді. Әрине, бұл кезекте қоғамда білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктелетіні белгілі.

Шапағат ӘБДІР

Осыған орай, қазіргі таңда балабақшаларда жас мамандар қатары молығуда. Міне, сондай жас маманның бірі – Астана қаласындағы №81 «Әсемгүл» балабақшасының музыка жетекшісі болып жұмыс істейтін Ардақ Сайлаубай. Ол – өзінің бойындағы бар өнерін бүлдіршіндерге үйретіп, оларға ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген жас маман. Біз онымен тіпті де жақынырақ танысу мақсатында Ардақ Ақтайқызын әңгімеге тартып көрдік. Әңгіме барысында үйдің тұңғышы екенін айтқан ол музыкамен бала кезінен бастап айналысқанын жеткізді.

– Музыка – менің өмірлік серігім әрі рухани досым. Өзімді музыкасыз елестете алмаймын. Өйткені кішкене күнімнен балаларға арналған көптеген музыкалық байқауда өнер көрсетіп, бақ сынадым. Есейгеннен кейін де музыканы жанымнан бір сәтке алыстатқан емеспін. 2011 жылы Астана гуманитарлық колледжіне «музыкалық білім беру» мамандығына оқуға түсіп, музыка пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. Кейін білімімді жетілдіру мақсатында Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында «музыка» мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Бүгінде Астана қаласындағы №81 «Әсемгүл» балабақшасында білігім бойынша педагог-модератор санатындағы музыка жетекшісі болып жұмыс істеймін және вокал үйірмесін жүргіземін, – деген ол қазіргі таңда балабақша бүлдіршіндеріне әннен сабақ беріп жүргенін, сондай-ақ шәкірттерінің де жетістіктерін айтып, сөзін сабақтады.

– Балаларды жастайынан өнерге баулып, сахнаға шығару баланың жүрегінде ерекше орын алады. Сондықтан өз өнерімді бүлдіршіндерге үйретуден шаршаған емеспін. Өнерге құштар балаларды түрлі байқауға дайындаймын. Әрине, олардың жетістіктерін көру – ұстаз үшін үлкен мәртебе. Баламен жұмыс істеудің өз қиындығы да бар. Себебі үйірмеге музыкалық қабілеті әртүрлі балалар келеді. Әннің әуезін ұғудан бастап мәтінін жаттау, оған қосымша би қойылымын дайындау, сахнада өзін ұстау қабілетін шыңдаудың бәрі үлкен еңбекті, уақытты, уақытылы дайындалып отыруды талап етеді. Оның үстіне, мен 4-6 жастағы жеткіншектермен жұмыс істеймін. Ал ол балақайларға мәтін жаттаудың өзі оңайға соқпайтыны рас. «Бала тілі – бал» демекші, балақайлармен жұмыс істеу өте қызық. Десе де кейде олар сахнада ән сөзінің мәтінін ұмытып қалып жатады, болмаса музыканың ырғағына түспей жататын кездер болады. Балалар өте тапқыр ғой, соған қарамастан, көбі билеп, алып кетеді. Ондай да тапқырлық болашақта сахнада еш қысылмай өнер көрсетуіне септігін тигізеді. Мен үшін балалардың сахнада ашылып, ән мәтінін анық айтып, өздері шырқап тұрған әннің мән-мағынасын барынша ұғынып, соның әуезіне берілгені маңызды, – дейді музыка мұғалімі.

Иә, бүлдіршіндердің бала арманын орындауына көмектесіп, өнерге де, қазақы салт-дәстүрге де тәрбиелеп, сөздің киесі мен жүйесін үйретіп жүрген Ардақ Ақтайқызының жұмысына біз де сүйсіндік. Осындай мамандар бар кезде балаларымыздың болашағы жарқын бола бермек.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button