“Астана Жас Жігер” жобасы басталды
Елордада Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастауымен “Астана Жас Жігер” жобасы басталды. Іс-шарада футбол турнирінің ашылу рәсімі өтіп, оған 16 команда қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
“Астана Жас Жігер” жобасы аясында жыл соңына дейін белгілі спортшылардың қатысуымен спорттық іс-шаралар өткізіледі. Жоба NEET санатындағы жастар арасында баскетбол, волейбол және футбол бойынша турнирлер ұйымдастыруға, мамандандырылған мектептерде әлеуметтанушылар мен психологтардың қатысуымен жасөспірімдерге, оның ішінде есепте тұрған жастарға арналған түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталады.
“Бас қалада «Астана Жас Жігер» жобасы 2022 жылдан бері дәстүрлі негізде жүргізіліп келеді. Басты мақсаты – қала жастарын спортқа баулу, осы арқылы оларды жан-жақты дамыту, қоғамдық іс-шараларға атсалыстыру. Турнирге базарларда жұмыс істейтін жастар мен жұмыссыз жастар қатысады. Жоба спорт арқылы NEET санатындағы жастарға әлеуметтік қолдау көрсетуді көздейді” деді өз сөзінде қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев.
Жобаға қолдау білдірген ММА және грэпплинг бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ерназ Мусабек спортпен айналысудың маңыздылығымен бөлісіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Футбол турнирінде 200-ден астам қатысушы бақ сынайды. Іс-шарада жеребе тасталып, командалар реті анықталды. Солардың қатарында Нұрлан Тұрғымбаев бар.
“Біздің командадағы 6 адам Сарыарқа базарында көтерме саудамен айналысады. Жарысқа бірінші рет қатысып отырмыз. Жоба туралы әлеуметтік желіден біліп, қызықтық. Мұндай іс-шаралар жастарға шынығуға үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан спорттық жарыстар жиі ұйымдастырылса дейміз” деп бөлісті қатысушы.