Қоғам
Париждегі Паралимпиадаға баратын елордалықтар анықталды
Елордалық пара спортшылардың қайсысы Париждегі Паралимпиадаға барады? Бұл туралы бүгін Астана коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Астана қаласы әкімдігінің «Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған «Елорда» спорт клубы» КММ басшысы Азамат Тагаев мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Паралимпиадалық спорт түрлері, бірінші кезекте, рухы асқақ, жігері мықты, мақсаты айқын адамдарға арналғаны сөзсіз. Соңғы жылдарда елімізде бұл саланың қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Өздеріңіз білетіндей, төрт жылда бір рет келетін ең маңызды жарыстың бірі Олимпиада ойындарынан кейін болатын Паралимпиада ойындары. 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Париж қаласында XVII Паралимпиады ойындары өтеді. Қазақстан ұлттық құрама командасында 9 спорт түрінен 33 лицензия бар. Аймақтар бойынша, бірінші болып Атырау облысы – 8 лицензия, екінші болып Астана – 5 лицензия, үшінші Жамбыл облысы – 4 лицензия болып орналасты. Қалған 9 өңірлерде 3,2,1 лицензиядан, – деді спикер.
Ұлттық құрама қатарында үш спорт түрінен Астаналық 5 спортшымыз Паралимпиада ойындарында бақ сынайтын болады. Атап айтатын болсам, пара оқ атудан Алиева Севда, пара жүзуден Далиев Сиязбек, пара дзюдодан Науатбек Ақмарал, Шамей Ерғали, Арстанбеков Бауыржан.
Бұл нәтиженің барлығы – жаттықтырушылар мен спортшылардың еңбегінің арқасы. Паралимпиада ойындарына жолдама алу үшін спортшылар халықаралық жарыстарда сынға түсіп, жүлделі орын алудың нәтижесінде ғана лицензияға қол жеткізді. Спортшыларымызға Астана қаласы әкімдігі мен Туризм және спорт министрлігі тарапынан, қолалайлы дайындық үшін барлық жағдай жасалды; фармакологиялық, ай сайын берілетін қаражаты, оқу-жаттығу жиындарды, спорттық киімдер мен инвентарлары 100 пайызға қамтамасыз етілді. 5 спортшымыздың жеке бапкерлері Паралимпиада ойындарына бірге баруына ұйымдастырылды. Спортшылар мен жаттықтырушыларға енді тек нәтиже көрсету керек.
-Әрбір спортшыға қысқаша жекелей тоқтала кетсек, Алиева Севда тірек-қимыл аппараты зақымдалған арбадағы спортшы – жасы 31 де. Пара оқ атудан спорт шебері, біздің мақтанышымыз, жұлдыз қызымыз. Севда, Пара ойындарын алғашқы болып 31 тамызда бастайды. Жеке бапкері Бурчалин Михаил. Екінші, Дәлиев Сиязбек – жасы 33 те. Пара жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жазғы Азия ойындарының жеңімпазы, Сиязбек тәжірибесі мол спортшымыз. Екі қашықтықта жарысқа шығады, 50 метрге шалқамен жүзу, 50 метр баттерфляй. 3 және 6 қыркүйекте сайысқа түседі. Әлемдік рейтингте үздік 10-та. Жеке бапкері Редко Станислав. Үшіншісі, Науатбек Ақмарал – жасы 24 те. Пара дзюдодан еңбек сіңірген спорт шебері, жазғы Азия ойындарының жеңімпазы, екі дүркін Әлем чемпионы. J2 санаты бойынша 48 келі салмақ дәрежесінде 5 қыркүйекте өнер көрсетеді. Әлемдік рейтингте көбасшы. Жеке бапкері Айдын Әнәпин. Төртіншісі, Шәмей Ерғали – жасы 38 де, алты баланың әкесі, Пара дзюдодан еңбек сіңірген спорт шебері, Азия ойындарының жеңімпазы, Әлем чемпионы. J1 санаты бойынша 73 келі салмақта 6 қыркүйекте сайысқа түседі. Әлемдік рейтингте үздік үштікте. Жеке бапкері Оразов Дәурен. Бесіншісі, Арыстанбеков Бауыржан – жасы 36 да, 7 баланың әкесі. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия ойындарының жүлдегері. J1 санаты бойынша 90 келі салмақта 7 қыркүйек күні жарысқа шығады. Әлемдік рейтингте 6-шы орында. Жеке бапкері Оразов Дәурен. Міне, біздің спортшыларымыз мүгедектігіне қарамай, еліміздің туын Халықаралық жарыстарда көкке көтеріп жүр. Паралимпиада ойындарының басталуына бір апта уақыт қалды. Ұлттық құрама спортшыларына, Елордалық спортшыларға сәттілік тілейміз. Спортшыларымызға үміт артамыз! Астана қаласының тұрғындарынан, БАҚ өкілдерін пара спортшыларымызды қолдауға шақырамын, деді А. Тагаев.