«Partnering in Business with Germany» -15 жыл
Астанада Қазақстандағы «Partnering in Business with Germany» бағдарламасының 15 жылдығына орай Бақылау комитетінің бесінші отырысы әрі кеңейтілген конференция өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Шараны Бақылау комитетінің тең төрағасы, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов ашты. Ал Германия тарапынан тең төраға ретінде Германия Федеративтік Республикасының Экономика және климатты қорғау министрлігінің сыртқы сауда, ілгерілету мен қаржыландыру басқармасының жетекшісі Герлинд Хекман сөз сөйледі.
«Partnering in Business with Germany» бағдарламасының жүзеге асырылуы екі министрліктің бірлескен келісімдері аясында жүргізіледі. Бағдарлама кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдаудың «Іскерлік байланыстар» құралы шеңберінде жүзеге асырылуда.
2007 жылдан бастап бағдарлама аясында шамамен 800 қазақстандық кәсіпкер Германияның салалық кәсіпорындарында тағылымдамадан өтті. Тағылымдама қорытындысы бойынша технологиялар трансферті, жабдық сатып алу, өзара тауарлар, жұмыстар мен қызметтер жеткізу, франшиза алу, бірлескен кәсіпорындар құру және басқа да келісімшарттар жасалды.
Конференцияға бағдарлама түлектері болып табылатын 65 кәсіпкер қатысып, табысты бірлескен жобаларын таныстырды.
Тараптар бағдарлама жетістіктері мен нәтижелерін жоғары бағалап, оның екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға қосқан үлесін атап өтті. ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Экономика және климатты қорғау министрлігі арасындағы ынтымақтастық жалғасын табады.