Душанбеде Абайдың бюсті ашылды
Бүгін, 21 тамызда Душанбеде Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Мәдениет күндері аясында қазақтың Ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаев бюстінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шарада Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз сөйлеп, аталмыш шара екі халықтың мәдени ынтымақтастығы үшін маңызы зор екеніне тоқталды.
«Бүгінде Қазақстан мен Тәжікстанды Мемлекет басшыларының достық пен өзара сенімге негізделген күш-жігері ғана біріктіріп отырған жоқ. Тәжікстан астанасы да қазақ халқының даңқты перзентінің тұлғасы тұғырға қонған әлем астаналарының біріне айналады. Бастысы, бұл қадам екі ел өміріндегі маңызды оқиға болуымен қатар, қос халықты жақындастыра түсетін рухани және мәдени байланыстарға тың серпін берері сөзсіз», — деді Аида Балаева.
Абай мүсіні Әбілқасым Фирдауси атындағы мәдениет және демалыс саябағында орнатылған.
Қазақстанның Мәдениет күндері аясында Душанбеде бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Атап айтсақ, қазақстандық көркем фильмдер көрсетілімі, көрмелер мен танымал өнер майталмандарының қатысуымен концерттер өтеді.
Мәдениет күндері 22 тамызда «Кохи Борбад» мемлекеттік кешенінде өтетін гала-концертпен қорытындыланады.