Дүбірлі додаға дайындық қалай?
Сарыарқаның сайын даласын дүбірлететін айтулы дода – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 17 күн қалды. Ойындардың өтетін күні жақындаған сайын оған дайындық жұмыстары пысықталуда. Сейсенбі күні осы ойындарды өткізу бойынша қалалық штабтың отырысында телекоммуникация және ойындарға қатысатын спорт нысандарын интернетпен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу бойынша қалалық штаб басшысының орынбасары Ерлан Каналимов отырыста билеттердің сатылуы, қаланы абаттандыру, көгалдандыру, безендіру, сондай-ақ, 1500 адам қатысатын еріктілердің жұмысы туралы мәселелер талқыланғанын айтты. Ойындарға дайындық барысымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев танысып, нысандарды аралап көрді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысымен танысты. Бұл туралы Telegram-дағы Aqorda ресми парақшасы ақпарат таратты.
Стадион жабдықтары жаңарды
Мемлекет басшысы, ең алдымен, «Астана Арена» стадионын аралап көрді. Мұнда халықаралық спорттық-мәдени іс-шараның ашылу салтанаты өтеді. 30 мың көрермен еркін сыятын стадионға жыл бойы күрделі жөндеу жүргізілді. Қазіргі кезде абаттандыру жұмыстары аяқталып, жабдықтары толықтай жаңарды.
Киім үлгісі таныстырылды
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде орналасқан аккредиттеу орталығының жұмысы, көшпенділер ойынына қатысатын ұлттық құраманың киім үлгісі таныстырылды. Халықаралық іс-шараға 1500 ерікті тартылады.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев ұлттық құраманың әзірлігі жөнінде баяндады. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін халықаралық және республикалық деңгейде 42 оқу-жаттығу жиыны өткен. Сондай-ақ спортшылар 7 халықаралық және 25 республикалық турнирге қатысқан.
Ойындарға қанша адам келеді?
Жалпы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2800 қатысушы мен ресми делегация мүшелері келеді. Сайыстың 21 түрінен 97 медаль сарапқа салынады. Негізгі жарыстар «Астана Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, «Алау» мұз сарайы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Думан» қонақ үй-спорт кешенінде өтеді. Ал жамбы ату мен теңге ілуге арнайы алаң жасақталған.
Халықаралық дода аясында 150-ден астам мәдени іс-шара жоспарланған. Мәселен, этноауылда көшпенділер мәдениеті музейі, қолөнершілер және мүсіндер көрмесі, ал Ұлттық музейде «Көшпенді халық: тарих, таным, тағылым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады.
Қонақүйлер дайын ба?
Алдын ала болжамға сәйкес, 8-13 қыркүйек күндері елордаға 100 мыңға жуық турист келуі мүмкін. Осыған орай, 20-дан астам қонақүйдің, сондай-ақ туристер жиі баратын орындардың дайындығы пысықталып, қала көшелерін абаттандыру, безендіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы ат спортынан жарыстар өтетін «Қазанат» ипподромын, жамбы ату және теңге ілу сайыстары үшін арнайы жасақталған алаңды көрді.