Басты ақпаратРуханият

Домбыраның иесі мен киесі

Қазақстан Президентінің Жарлығымен шілде айының бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Өте лайықты, дұрыс шешім! Ұлттық аспабымызға айрықша мәртебе берілгеніне халқымыз ерекше қуанды. Жыл сайын жоғары деңгейде атап өтеміз.

2019 жылы Астана қаласында ­өткен Ұлттық домбыра күніне арналған салтанатты жиында ­Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғыр­та беруіміз қажет» деді. Бұл бас­таманы халық үлкен ықыласпен қабыл алды.

Ал 2021 жылы болған «Домбыра» мейрамында Қазақстан ­Президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаев озық мәдение­ті бар ұлттың рухы әрдайым биік болары сөзсіз дей келе, өскелең ұрпақ осы киелі өнерді лайықты жалғас­тыруы тиіс екенін айтты. Мектепте домбыра үйренуге арналған факультатив сабақтарын енгізу туралы бас­таманы қолдайтынын жеткізді және бұл сабақтар балаларымыздың ұлттық санасының күшеюі­не және олардың көзқарасы мен мәдени танымының кеңеюіне оң ықпал ететініне сенім білдірді.

Қазір біздің санамызда «Президент ұсынысын жүзеге асыруға біздің оқу жүйе­міз дайын ба?» деген сұрақ туындайды. Кейбір мектептерде домбыра сабақтары енгізіліп, нақты жұмыстар жасалып жатқанын көріп жүрміз. Соның ішінде Астанадағы физика-математика бағытындағы зият­керлік мектебінде (жетекшісі күйші-домбырашы А.Тоқтаған) жүйелі жолға қойылған. Мектеп директорының бұйрығымен 7-8-9 сыныптарға элективтік домбырада үйрету курстары енгізілгеніне 10 жылдай болған екен. Қажырлы еңбектің арқасында жоғарыда аталған оқу орнының 1000-нан астам оқушысы бір мезгілде 3-4 күйді тартып, Гиннес­тің рекордтық кітабына енді. Бұл – бірен-саран мысал. Жалпы барлық мектепте домбыра сабағы немесе курс­тары енгізілді деген ақжолтай хабарды естіген жоқпыз.

Тағы бір айтылып және жазылып жүрген мәселелердің бірі ол – оқу орындарында үзіліс жариялау кезінде білім алушыларды күймен сабақтан шығарып-кіргізу мәселесі. Осы үрдісті енгізуге қолбайлау болып жатқан нендей жағдайлар бар екендігін әлі күнге дейін түсінбей-ақ қойдым. Бұл қадамның (шешімнің) арғы жағында терең мәселелердің жатқандығы туралы көпшілікке жария етілгендігіне бірнеше жылдай болды. Мысалы, мектеп табалдырығын аттаған кезде күй ойнап тұрса, үзіліске күймен шығып, сыныпқа күйдің даусымен кіріп жатса, көпшіліктің қатысуымен өткізілетін шараларда күйдің үні басым болса, ондай ортада кім болмасын шынайы патриоттық сезімнің пайда болмауы мүмкін емес. Бұл да – бір қайнауы жетіп шешілуге тиісті мәселенің бірі.

Оқу орындары басшыларымен әңгімелесу барысында жоғарыда көтерілген мәселелердің оң шешілуі үшін көптеген қиындықтар мен кедергілер бар екенін байқаймыз.

Бұдан кейін екінші мәселе туындайды. Мектептерге домбыра пәні немесе курстар енгізілсе, шәкірттерге дәріс беретін ұстаздарымыз дайын ба, бар ма?

Музыкалық бағыттағы оқу орындарында оқып жүрген студенттер бар. Бірақ олар жеткіліксіз. Сол себепті бастауыш сынып мұғалімдері домбыра тартуға үйрету бойынша әдістермен тәсілдерді игеріп сабақ беретін деңгейге жеткізілсе, ол да оң іс болар еді. Сонда ғана Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан сөзі жүзеге толық асатыны анық.

Бәрі де заң жүзінде болғаны жөн. Бірінші кезекте ҚР Оқу-ағарту министр­лігінің қазақ мектептерінде домбыра сабағын немесе курстарда оқыту туралы арнайы бұйрығы шыққаны дұрыс деп ойлаймын. Сонда оқу орындарының басшылары айтылған тапсырманы орындауға міндетті болады. Ал әзірге нақты іс-қимыл жоқ. Мектеп директорларымен сөйлескенімізде олар әртүрлі себептерді алға тартып, бұл мәселені кейін­ге шегеріп отырған жайлары бар.

Басты мәселенің бірі – мемлекеттік мәртебесі бар мекеме жасап жатқан домбыралардың жоқтығы. Музыка аспаптарын ресми сататын дүкендерде де біздің домбыралар сатылмайды. Оның себебін анықтап көрсек, аспап жасаушы шеберлер мен ұсталар сатушының қолына салық органдары тексеру кезінде нақты тауардың бағасын белгілеуге негіз болатын есеп-шот фактура құжатын бере алмайды. Өйткені домбыраны жеке адамдар жасаған. Ал мектепке құрал-жабдықтар мемлекет бюджетінің қаражатына алынатын болғандықтан, әрбір жұмсалған қаражаттың қағаз түрінде негіздемесі болуы тиіс. «Осындай мекемеден осынша домбыра сатып алдық» деген ресми құжаттары жоқ. Мұндай тығырыққа келіп тірелуіміздің басты себебі – елімізде мемлекет тұрғысынан домбыра жасайтын өнеркәсіптің жоқтығы!

Қазіргі жасалып, сатылып жатқан домбыраның барлығы – дерлік жеке аспап жасаушылардың қолынан бейресми шыққан дүниелер.

Сол себепті алып жүрген домбыралар талапқа сай келе бермейді. Себебі Өзбекстан (Қарақалпақстан), Қытай сияқты көрші елдерде сапасыз жасалған аспаптарды алып келіп 15-20 мыңға сатады. Ондай домбырамен балаларды үйретудің орнына, бетін қайтарамыз. Яғни, жетілмеген аспап болған соң, оның үні де дұрыс шықпайды. Елімізде ұлттық аспаптарды жасауға қойылатын талаптардың жоқтығы бізді қатты мазалайды. Мысалы, ұсталарды лицензиялау мәселесін қолға алынып, олардың білімдері сай келе ме, домбыраға қойылатын талаптарды біле ме деген сұрақтарға жауап табу қажеттілігі бар екендігі айқын.

Сондай-ақ домбыраның бірнеше түрі бар. Оның әрқайсысы ерекше болып келеді. Сол себепті жасалған аспаптар аккредитациядан өтуі керек деп есептеймін. Бізде ондай жүйе жоқ.

Әрине, домбыра шеберлері қандай ағашты пайдалануды, аспапты қалай жасаудың әдіс-тәсілдерін біледі. Дегенмен аспап жасау ағаштан түйін түю емес. Айталық, кез келген шебер адам музыкалық аспапты ағаштан ойып жасауы мүмкін. Бірақ одан сапалы үн, ноталарға сәйкес шығара ала ма?

Мемлекет тарапынан, соның ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігі осы мәселені күн тәртібіне қойып, терең зерттеп, түбегейлі шешуі қажет деп есептеймін.

Домбыра – ұлттық брендіміз. Ұлттық деген атау жай сөз емес. Ұлттық мәртебе мәдени мекемелерге, жоғары оқу орындарына тағы басқа нысандарға халықаралық және отандық заңнамаға сәйкес Президенттің шешімімен не Үкіметтің қаулысымен тағайындалады. Жан-жақты сараптамадан өткен соң, талаптарға сай болғанда ғана беріледі.

Біз домбыраны ұлттық аспабымыз, халықтық мұрамыз деп айтып жүрміз ғой. Бірақ заң шеңберінде қарағанда ол – бекітілмеген мәртебе. Ендеше, ұлттық аспабымыз домбыраны неге патенттеп алмасқа?! Себебі бұл ойымыз мынадай қауіптен туады. Мысалы, біз қымыз дайын­даудың және киіз үй жасау­дың да технология­сынан айырылып қалып отырмыз. Бір кездесуде ҚР Әділет министрі болған Қанат Мусинге де «Осы домбырамызды өзіміз иеленіп, заңдас­тырып алсақ болмай ма?» деп сауал қойдым. Өйткені мына көрші Қытай елінде 1,5 млн қазақ қандасымыз бар. Өзбекстандағы қазақтың саны 1 млн-ға жуық. Ресейде 1,5 млн қазақ мекендейді. Олардың өнерлі адамдары домбыраны бізден артық тартпаса, кем білмейді. Домбыра – сол елдерде тұрып жатқан қандастарымыздың да ұлттық аспабы. Өздері тұрып жатқан елдің атынан «біздің ұлттық аспабымыз» деп жасау технологияларын патенттеп алуы ықтимал. Егер өзге бір ел домбырамызды патенттеп алса, онда біз шекарадан шыққан кезде сол елдің үкіметіне: «Оркестр осындай бір мемлекетке баратын еді. Соған орай домбырамыз­ды алып шығуға рұқсат беріңіздер» деген мағынада хат жазып, өтініш жасайтындай жағдайға түсіп кетуіміз мүмкін. Бұл жерде жүйелі жұмыс жасалып, барлық процедуралардан өтіп, домбыраны заңдастырып алудың маңызы өте зор! «Бұл іске шұғыл кірісуіміз қажет» деген уәжімізге домбыра жасау технологиясы мәселесін айтып, тұшымды жауап ала алмадық. Табанды түрде домбыраны немесе домбыра жасау технологиясын қолға алмасақ, небір ұлттық асыл дүниелерімізден айырылып қалуымыз жасырын емес.

Екіншіден, домбыраны талабына сай өндіретін мемлекеттік мекеме жоқ. Қазір музыкалық аспаптар сататын дүкендерге кірсеңіз, ресми домбыра сатып алынды деген есеп-шот құжатын ала алмайсыз. Салық органдары ол дүкенді лицензиясы жоқ тауар­ды сатушы ретінде жауап­қа тартып айыппұл төлеу­ді міндеттеуі мүмкін. Міне, осындай қайшылықтар бар. Сондықтан бұл мәселені мемлекет деңгейінде түбегейлі шешу қажет.

Құзырлы министрліктер көтеріліп отырған мәселенің шешу жолдарын қарастырғаны жөн. Фабрика ма, өнеркәсіп орны ма, мемлекеттен қаражат бөліп, домбыра жасайтын бір кәсіп­орын болуы тиіс. Кезінде Қарағанды облысының Осакаров ауданында фабрика болды ғой. Оның сапасы төмен болғаны анық. Бірақ ол басқа кезең еді. Ал қазір ХХІ ғасыр. Сондықтан ендігі жерде өте сапалы домбыра жасайтын кәсіпорын болуы қажет.

Қазақстанның әр аймағында сапалы домбыра жасайтын небір шеберлер бар. Солардың біразын бір ортаға жинап, тәжірибелерін бейнетаспаға түсіріп, жеке-жеке деректі фильмдер жасаса да, артық болмайды. Домбыра жасаудың ортақ нормативтік-құқықтық актілерін дайындап, бекіткеніміз жөн. Домбыраға деген сұраныс өте жоғары. Ол өзін-өзі ақтайды.

Мысалы, әзербайжан, өзбек елдерінің ұлттық аспабына деген мемлекеттік көзқарасы өте жоғары, атқарылып жатқан істеріне сүйсінесің. Жуырда ұйғыр халқы да өз аспаптарын насихаттап жатқаны туралы телехабар көрсетілді. Мұндай мысалдар көп.

Ұлттық аспабымыз домбыраны насихаттаушылардың арасында түсініспеушілік тудырған ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Н.Жұмадилдаеваның қолы қойылған ҚР Үкіметі аппаратының 2023 жылғы 25 қыркүйектегі № 16-10/4178 дэ тапсырмасына берген жауабы болды. Бұл құжатта былай делінген: «Мемлекет басшысының білім алушылардың жүктемесін барынша азайту туралы тапсырмасына сәйкес, сонымен қатар домбыра ұғымы «Музыка» пәнінің үлгілік оқу бағдарламаларында қамтылуына, оқушылардың қызығушылығына қарай, домбыра үйренуге толық мүмкіндік жасалуына, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында білім ұйым­дарында жүйелі іс-шаралардың жүргізілуіне орай, «Домбыра» пәнін енгізуді орынсыз деп есептейміз» деген жауабын түсінбей қойдық. Сонда ел Президентінің тапсырмасы қалай орындалмақ? Біздің ойымыз, бұл жауап тек берілген тапсырманы бақылаудан алып тастау үшін жасалған сияқты. Келтірілген негіздемелердің орынсыз екенін дәлелдеудің қиындығы жоқ. Кез келген орта мектепке барып, музыка пәніндегі домбыра тартып үйренудегі үлесін айқындайтын болсақ, жағдайдың мәз емес екендігін анық білуге болады.

Мен көріп байқағанымды ғана айтып отырмын. Ұлттық аспапты меңгеруде, жасауда және өнерімізді насихаттауда қандай проблемалар бар? Бірінші кезекте қандай жұмыстарды қолға алған абзал? Алдағы уақытта қандай мәселеге баса көңіл бөлінуі керек? Осы сұрақтарға жауап іздеп, жүйелі жұмыстарды анықтап алу мақсатында ұлттық аспаптарды жасау жөнінде мамандардың қатысуымен құрылтай өткізу қажет деп есептеймін. Сонда көтерілген мәселелерге сараптама жасалып, ғылыми негізделіп, ең өзекті жұмыстар жүзеге асуы өте маңызды. Құзырлы министрліктер ұсыныс­тарымызды оң қабыл алғанын қалаймыз. Бұған дейінде көтерілген мәселелер талай жиындар мен конференцияларда айтылып келгенімен, айтарлықтай нәтижелер болмай жүр. Бәрі айтылған жерде қалды.

Төлеген ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, ­профессор, Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Күй анасы» ­республикалық

 қорының жетекшісі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button