Жолдар құрылысының барысын тексерді
Астана қаласы мәслихатының депутаты Бауыржан Смайылов бір топ әріптесімен бірге мәслихат отырысына дайындық аясында өзінің сайлау округіндегі С-308, Сұлукөл, Абайдың 150 жылдығы және Н.Тілендиев-Ш.Бейсекова көшелерін аралап, «Құтты мекен» тұрғын үй кешеніндегі аула клубының ашылу салтанатына қатысты.
Көшелерді аралау барысында жол құрылысына байланысты бірқатар мәселе анықталды. Атап айтқанда, С-308 көшесінде жол жұмыстары басталған уақыттан 600 млн теңге игерілді. Алайда қазір тиісті жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Тапсырыс беруші қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, жобаны сатып алып, түзету енгізілуі қажет.
Сұлукөл көшесінде керісінше, тиісті жұмыстар қажетті қарқынмен жүріп жатыр. Осы күні бір қабаттық асфальттөселген. Жол құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.
Ал Абайдың 150 жылдығы көшесінде жол ішінара салынды. Жобаны түзету жұмыстары жүргізіледі. Барлық жұмысты алдағы жылдары аяқтау жоспарланған.
Н.Тілендиев-Ш.Бейсекова көшесінің қиылысындағы жол жұмыстары қаржыландырудың болмауына байланысты әзірге тоқтап тұр. Қалалық мәслихаттың өткен сессиясында Бауыржан Смайылов оған 5 млрд теңгенің бөлінуіне атсалысты. Ресейден алынатын металл конструкцияларына алдын ала төлем жасалды. Қыркүйек айының ортасына дейін қажет құрылғы келуі тиіс. Сол уақытта жұмыс жанданады. Бұл жоба келесі жылы пайдалануға берілуі тиіс.
«Осы жобалардың барлығын жүзеге асыру, әрине, жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыруды қажет етеді. Дегенмен біз олардың округ тұрғындары үшін және жалпы қала үшін өте маңызды екенін түсінеміз» дейді депутат.
Аула клубының ашылуына Бауыржан Смайыловпен бірге Сарыарқа ауданының әкімі Бауыржан Ералы қатысты. Тиісті нысан Н.Тілендиев даңғылы, 40 мекенжайында орналасқан. Мұнда «Халық қатысатын бюджет» жобасы қаржысы есебінен аула абаттандырылып, үлкен ойын алаңы салынды. Үй тұрғындары ауланың құрылысы мен абаттандырылуына көмек көрсеткені үшін ризашылығын жеткізді.