Тұмауға қарсы екпе басталады
Астана қаласында маусымдық тұмау және тұмауды тудыратын жіті респираторлық инфекциялардың таралуына байланысты профилактикалық шаралар басталды.
Денсаулық сақтау министрлігі екі жылдан бері коронавирус инфекциясына мониторинг жүргізіп келеді. Нәтижесінде қазіргі таңда елде респираторлы вирустар, соның ішінде коронавирус айналымы да бар екенін көрсеткен. Мәселен, жыл басынан бері КВИ бойынша 1 290 жағдай тіркелді. Соңғы деректерге сәйкес, Қазақстанда әлемдегідей 100 пайыз жағдайда Омикрон штамының түрлі нұсқалары айналыста жүр. Сондықтан «2024-2025 жылғы эпидемиялық маусымда тұмау, өткір респираторлы вирусты инфекция (ЖРВИ) және коронавирус инфекциясы бойынша санитарлық-профилактикалық, санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізу туралы» қаулыға қол қойылды. Онда ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша эпидемиялық маусым мерзіміне профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, 1 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы екпе жүргізіледі. Медициналық ұйымдарда: кіреберісті «сүзгі» жұмысымен қамтамасыз ету, бетперде тағу, антисептиктердің болуы шарт. ЖРВИ, тұмау байқалған бір жасқа дейінгі сәбилер мен жүкті әйелдердің үйге шақыртуына бірінші кезекте қызмет көрсетіледі.
Ақбөпе ШАЖАЛИЕВА, Астана қаласы №7 емхана дәрігері:
– Алдағы 15 қыркүйектен бастап профилактикалық егулерге жататын тұрғындар арасында ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында екпе егіле бастайды. № 7 қалалық емханада арнайы сүзгі қабинеттері балаларға, ересектерге, жүкті әйелдерге қабылдау жүргізеді. Мәселен, тек 19 тамыз күні барлығы 64 адам сүзгі кабинеттеріне жүгінген, оның ішінде балалар саны –30, ересектер – 34, жүкті әйелдер – 2, пневмония балалар арасына 4 рет тіркелді. Маусымды инфекция қыркүйек айынан басталатынына қарамастан, қазіргі таңда науқастар саны артуда. Осығын орай 1 қыркүйектен бастап медицина қызметкерлеріне бетперде тағу қаулы бойынша міндеттеліп отыр. Тұмауға қарсы екпе жасатуды әр адам өзі шешеді, бірақ вакцинациялауды бірінші кезекте қажет ететін адамдар санатында – 60 жастан асқан адамдар, ЖРА-мен жиі ауыратындар, мектеп жасына дейінгі балалар мен оқушылар, созылмалы соматикалық аурулармен ауыратын науқастар, медицина қызметкерлері және қызмет көрсету, көлік, оқу орындарының қызметкерлері бар. Айта кету керек, тұмауға қарсы иммунитет екпе күнінен бастап екі апта бойы қалыптасады. Жалпы, тұмау, ЖРВИ, КВИ ауруларының алдын алу үшін профилактикалық шараларды сақтаған жөн. Үйдің немесе өзіңіз жұмыс істейтін ғимараттың ішін жиі-жиі желдетіп отыру керек. Қолды таза ұстау үшін отбасыңызға антисептикалық құралдарды пайдалануды үйреткен артық етпейді. Барынша науқас адамдармен байланысты шектегеніңіз дұрыс. Егер ауырып тұрған адамдармен байланысатын болсаңыз, міндетті түрде бетперде таққан жөн, сонымен қатар медициналық көмекке дер кезінде жүгінгеніңіз абзал.