Алпыс жыл есігі айқара ашық
1950-жылдардың ортасында Ақмола қаласы тың игеруге байланысты қарқынды дамыды, 1961 жылы Целиноград болып аталды. Тың өлкесіне айналған шаһарға Мәскеуден, Ленинградтан құрылысшылар келіп, қаланың бет-бейнесі тез өзгере бастады.
1960-жылдардағы Целиноград құрылысының қарқыны жергілікті тұрғындарды ғана емес, бүкіл Кеңес елін таңғалдырды. Ленинградтан бөлшектеп әкелінген бес қабатты тұрғын үйлер бірнеше аптаның ішінде жиналды. Олар әлі де елорданың ескі орталығындағы көшелерде тұр, оны байырғы қала тұрғындары әлі де «ленинградтық» деп атайды.
Барлық жаңа ғимарат қатаң тәртіппен қаланды. Жаңа жобалар сәулетшілерді одан әрі шабыттандырып, құрылыс өркендей түсті.
Сол жылдары Қазақстанның болашақ астанасының ауқымы кеңіді. Ескі мәселелер шешіліп, оның орнына жаңа міндеттер туындады, кейде жаңа мен ескі астасып жатты.
Қала күннен-күнге түрленді. Сөйтіп облыс орталығында түрлі шара өтетін қоғамдық ғимарат салу жоспарланды. 1961 жылы КОКП бірінші хатшысы Никита Хрущев Целиноградқа келгенде кәсіпорындардың бірінде келелі жиналыс өткізді. Осы оқиғадан кейін Тың игерушілер сарайын салу туралы шешім қабылданды. «Латгипрогорстрой» Рига институтының сәулетшілері П.Ю.Фогельс, Д.К.Даннеберг және О.Н.Крауклис әзірлеген ғимараттың жобасы Целиноградта жүзеге асты.
Тың игерушілер сарайының құрылысы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі бекіткен жобалық-сметалық құжаттама бойынша 1961 жылы 15 қазанда басталып, 1963 жылы 6 қарашада пайдалануға берілді.
2340 орындық жаңа аудиториясы мен 150 орындық дәмханасы бар үлкен ғимарат партиялық жиындар, концерттер, фильм көрсетілімі, жаңа жылдық мерекелер, фестивальдар өтетін қаланың мәдени өмірінің орталығына айналды. Алпыс жылдан астам халыққа қызмет етіп келе жатқан ғимарат Тәуелсіздік жылдары, алдымен, Конгресс-холға, соңында «Астана» концерт залына айналды. Қазір мұнда қалалық филармония орналасқан.
Ғазиза ИСАХАН