Даңғыр-дұңғыр музыка мезі етті…
Қазір таң атады, күн батады, адамдар әлденеге асығыс, жанығады да жүреді. Қаланың даңғыр-дұңғырынан, у-шуынан шаршаған кезде классикалық музыка немесе дәстүрлі өнердің тамылжыған әндерін тыңдағың келетіні рас. Кейде тіпті оқшауланып, жан тыныштығын іздегің келеді. Ал елордада кез келген сауда үйіне кіре қалсаңыз, шетелдің даңғырлаған музыкасынан төбе құйқаң шымырлайды.
Мысалы, елордадағы халық көп баратын көпшілік орын, Орда пішінді орталық, қаладағы ірі ойын-сауық және сауда-саттық орталығы – «Хан Шатыр» әлемдегі он эко-ғимараттардың қатарында болғанымен, ішіне кірсең, даңғырлаған музыка есіңді тандырады.
Көпшілік тамақтандыру орындарына, мейрамханаларға барсаң да осы проблема алдыңнан шығады. Әсіресе, тойға барған үлкен кісілер қуанып қайтудың орнына тарс-тұрс музыкадан басы ауырып, қан қысымы көтеріліп қайтады екен. Редакциямызға келген астаналық тұрғын Жамал Қасымбекова апай осы мәселені көтеруімізді сұрады.
– Бір жағы шаруамен, бір жағынан немерелермен «Хан шатырға» бара қалсаң, даңғырлаған музыкадан миың айналып, не алып, не қойғаныңды, не істеріңді білмей үйге асығатының рас. Тойда да солай. Қатты музыкадан миың айналып шығады, – дейді ол.
– Тойдан қайтып келем. Қазақтың тойы ырду-дырду, даңғыр-дұңғыр музыка, ұзын-сонар тост айту ғой. Бүгін біраз елге ән шырқатайын деп, домбыраммен халық әндерінен попурри айттым. Арасында халық әні «Сәулем-ай» да бар еді. Мына кішкентай балапанның артынан келіп, «Сәулем-айды» шырқап бергеніне әбден риза болдым. Өзі менің Мұхитайыммен жасты екен, небәрі 4 жаста. Болашақта жұлдыз болайын деп тұр, бұйырса! – дейді дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова әлеужеліде.
Даңғырлаған музыка, көзбояушылық, бос сөз, жөнсіз мақтау, қазақтың тойы тәрбиелік мәнінен айырылып, бақталастық пен бәсекелестіктің, ысырапшылдық пен бекер мал шашудың көрінісіне айналғандай.
Ал көпшілік орындарындағы, әсіресе мейрамханалардағы даңғыр-даңғұр музыка, у-шу, жағымсыз дыбыстар, тойда да әуенді тым асыра қоюды шектеу өз қолымызда. Өйткені бүкіл әлем minimalism-ге басымдық беруде, яғни қарапайым, бірақ заманауи трендтерге көшіп жатыр. Біз де көштен қалмай, ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай отырып, жақсы өмірге ұмтылғанымыз жөн-ау деген ой келеді. Әуелі сана өзгермей, тұрмыстағы түйткілдер де өзгере қоюы қиын. Осыны ескерсек екен.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ