Funny sport: танымал хоккейші ерекше іс-шара өткізді
Funny sport жобасы аясында танымал хоккейші елорда тұрғындарына ерекше іс-шара өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Ботаникалық бақта «Астана – үлкен ортақ үй» атты бірегей іс-шара ұйымдастырылды,
«Funny sport жобасы бойынша елордадағы құстар үшін жаңа құс үйлері құрастырылды. Іс-шарадан қала тұрғындары да қалыс қалмады. 50-ден астам отбасы құстарға арналған жайлы үйлерді жасауға атсалысты.
«Funny sport жобасы салауатты өмір салтын насихаттайды. Жобамызда көптеген спорттық іс-шаралар қамтылған. Бүгін «Астана – үлкен үй ортақ үй» шарасы хоккей тақырыбына арналып, көпке танымал Роман Старченконың қатысуымен балаларға спортпен айналысудың маңыздылығын айтып, қолтаңба берді. Артынша жоспар бойынша 50 құс ұясын құрастырып, ағашқа ілдік» – деді іс-шара ұйымдастырушысы Жәмиля Федосова.
Іс-шараның арнайы қонағы ретінде белгілі қазақстандық хоккейші, «Барыс» командасының шабуылшысы Роман Старченко қатысты.
«Баланы ерте жастан қоршаған ортаны таза ұстауға, жалпы мәдениетке баулуға үйрете берген дұрыс. Одан бөлек, жеткіншектермен сөйлесіп, осы күнді естерінде сақтауға да үлес қосқым келеді. Себебі хоккеймен айналысып жүрген немесе енді ғана бастаған балалардың бізді үлгі тұтатыны анық. Ал құс ұясын салу идеясы да күшті. Мектеп кезінде еңбек сабағында ғана құрастырғаным есімде қалыпты. Жалпы спортпен кәсіби түрде айналысқан соң көп уақытым бола бермейді. Алда құрлықтық хоккей мен ұлттық құрамамен 2026 жылғы Олимпиаданың іріктеу кезеңі күтіп тұр», – деді шайбалы хоккейден ұлттық құраманың капитаны Роман Старченко.
Шайбалы хоккейден Қазақстанның ерлер құрамасы 29 тамыз – 1 қыркүйек күндері аралығында Братислава (Словакия) қаласында 2026 жылғы Олимпиадаға іріктеу аясында Венгрия, Аустрия, Словакиямен шеберлік байқасатын болады.
«Бүгінгі іс-шараға атақты хоккейшінің уақыт бөліп келгені қуаныш сыйлады. Матчтан кейін автограф алу оңайға соға бермейді. Осындай сәтте еш асықпай, емін-еркін суретке түсіп алуға да болады. Роман Старченконы ұлттық құрама мен «Барыс» хоккей клубының көшбасшысы деп білемін. Өзім де Pro Hockey командасында шайбалы хоккеймен айналысып жүрмін. Астана қаласында осындай хоккейшілермен өткен бейресми іс-шараларды қалдырмауға тырысамын. Құс ұясын салу акциясының бір мүшесі болғаныма разымын. Біз салған ұялардың арқасында құстар өз орындарын табады деп ойлаймын», – деді 13 жастағы Исматулла Достаров.