Астанада сағаттар коллекциясынан қор көрмесі ашылды
Астанада Президенттік орталығының музейлік жинағының сағаттар коллекциясынан «Уақыт өлшемі» тақырыптық қор көрмесі өз жұмысын бастады. Көрмеде қор жұмыстарының ғылыми-жүйелеу нәтижесі бойынша «Сағаттар» тақырыптық топтамасы негізінде жасалу техникасы, дизайны, көркемдік шеберлігі алуан-түрлі болып келетін 24 сағат үлгілері ұсынылған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Көрмеде келушілер қабырғаға іленіп, тастан жасалған және үстел сағаттарының үлгілерін көре алады. Айта кетейік, көрмеге қойылған коллекциялық бұйымдар табиғи материалдар мен жартылай асыл тастардан жасалған. Оларды дипломатиялық сыйлық ретінде шет мемлекеттердің басшылары, шетелдік үкімет делегацияларының өкілдері, халықаралық ұйымдардың басшылары, отандық және шетелдік компаниялардың басшылары, сондай-ақ шығармашылық қауым өкілдері табыс етті. Сағат – тәуліктiң ағымдағы уақытын анықтайтын және бір тәуліктен кіші уақыт аралықтарының ұзақтығын бірліктермен өлшейтін құрал.
Алғаш рет әлем бойынша уақытты бір жүйеге келтіріп, сағат бойынша жүруге дағдыланған бұл ежелгі Египет еді. Олар Күннің жүру қозғалысы бойынша уақытты анықтайтын күн сағатты шығарды. Бұл біздің заманымызға дейінгі 1500-шы жылдар. Сол уақыттан бері сағаттың айналу бағыты өзгермеді: солдан оңға қарай. Археологтар бұл күнге дейін әлемнің әр түкпірінен күн сағаттарының 13 түрін тауыпты.
Дамудың келесі кезеңінде адамзат баласы құмсағаттарға көшті. Бүгінгі күні олардың қолданылу аясы медициналық салада ғана іске асады. Алғашқы қол сағаттар 1812 жылы Неополитан королдігінде жасалды. Қазіргі таңда микрокомпьютердің көмегімен смарт-сағаттар шығарылып, олар тек уақытты көрсетіп қана қоймай, адамның қан қысымын, тамыр соғысын да дәл айтып, музыка да ойнап бере алады.
Өлшемі мен ыңғайлылығына қарай сағаттар: қалта сағаты; қол сағаты; күйме сағаты; үстелге қоятын сағат; қабырға сағаты; жерде тұратын сағат және мұнаралы сағат болып бөлінеді. Өлшеу механизмдері бойынша: күн сағаты; жалынды сағат; құм сағат; су сағат; механикалық сағат; камертон сағаты; кварц сағаты; электрондық сағат және астрономиялық сағат болып келеді. Әлемдегі ең дәл сағат – бұл атомдық сағаттар. Мамандардың айтуынша, мұндай сағаттар миллион жылда бір секундтан ғана қателесуі мүмкін. Атомдық сағатты АҚШ-тағы Ұлттық стандарт және технология институты мен Колорадо университетінің ғалымдары құрастырған. Олардағы уақыт өлшемі цезий атомының вибрациясы арқылы жасалады.
Сағаттар тек уақытты ғана көрсетпейді, сонымен бірге, белгілі бір дәуірдің өкілі ретінде оны сипаттайды да. Бүгін де сағаттар – уақыттың құралы ғана емес, сонымен қатар, сәндік-қолданбалы өнердің туындысы болып саналады. Көрме 2024 жылдың 22 қыркүйегіне дейін жалғасады.
Президенттік орталық музейі сейсенбіден жексенбіге дейін сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейтінін естеріңізге саламыз. Кіру тегін. Мекен-жайы: Астана қ., Ә.Бөкейхан көшесі, 1а, орталық кіреберіс.
Барлық сұрақтар бойынша 69-30-08, 69-30-41 (42,43,44) телефондарына хабарласыңыз немесе kense@pc.udp-rk.kz электронды поштасына сауал жолдаңыз.