Адам папиллома вирусынан қалай сақтанамыз?
Адам папилломавирусы – бұл әртүрлі мүшелердің терісі мен шырышты қабығын инфицирлеуші вирус. АПВ 200-ден астам түрі бар. Жоғары онкогендік қауіп түрлері деп аталатын адам папилломавирусының кем дегенде 14 түрі шырышты қабық арқылы таралады және жатыр мойны обыры мен басқа да қатерлі ісіктерді тудыруы мүмкін. Аурудың сипаты мен алдын алу шаралары туралы Астана қалалық №3 емханасының дәрігері Динара Түсіпбекова айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Папилломавирустардың тіндерге қатысты ерекшелігі жоғары және тері мен шырышты эпителий жасушаларына жұғады. Кез келген түрдегі АПВ инфекцияларының көпшілігі симптомсыз және 12-24 ай ішінде өздігінен жойылады. Алайда, созылмалы түрге ауысуы, қатерлі ісікке дейінгі өзгерістерді тудыруы және тіпті қатерлі ісікке айналуы мүмкін АПВ түрлері жоққа шығарылмайды. Әдетте соңғы процесс 15 жылдан 20 жылға дейін созылады.
-Біз неден сақ болуымыз керек? Ең алдымен жатыр мойны обыры. Бұл жоғары онкогендік қауіпті АПВ тудыратын әйелдің жатыр мойнының қатерлі ісігі. Ауру Қазақстандағы әйелдер арасында ең көп таралған қатерлі ісіктер арасында екінші болып табылады және жыл сайын 600-ден астам әйел қайтыс болады. Бұл ауру 20-45 жас аралығындағы жас әйелдерде жиі кездеседі. Көптеген жағдайлар жатыр мойны обырын скринингтің тиімді бағдарламалары жоқ елдерде тіркеледі. Сырқаттанушылықты төмендету үшін профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Алғашқы алдын алу – вакцинация. Бүкіл әлемде АПВ вакцинациясы 2006 жылдан бері жүргізіліп келеді. 2024 жылдың басынан бастап Қазақстанда ҚР профилактикалық екпе егу ұлттық күнтізбесіне АПВ-ға қарсы вакцинация енгізілді. Вакцинацияны осы жылдың үшінші тоқсанында тегін негізде қыздарға екі рет (11 жаста және 11,5 жаста), қарсы көрсетілімдер болмаған кезде дәрігердің қарауынан кейін ата-аналарының немесе қамқоршыларының ақпараттандырылған келісімімен жүргізілуі жоспарлануда, – дейді сала маманы.
Вакцина енгізілгеннен кейін дене иммундық жүйеге АПВ инфекциясымен күресуге көмектесетін антиденелер шығару арқылы вакцинаға жауап береді. Ерте жаста (9 жастан бастап) вакцинацияланған адам қатерлі ісік тудыруы мүмкін жоғары онкогендік қауіпті АПВ түрлерінің көпшілігінен қорғалған. Бірақ вакцинация барлық жағдайлардың алдын ала алмайды, сондықтан жатыр мойны обырына скринингі вакцинацияланған және вакцинацияланбаған қыздар мен әйелдер үшін әлі де маңызды. Скринингтік тексеруден өту екіншілік профилактика болып табылады, ол уақтылы өткенде жатыр мойны обырын ерте сатысында анықтауға көмектеседі. Жыл сайынғы тексерулер мен зерттеулерден өту, мамандардың ұсынымдарын орындау және денсаулығыңызға қамқорлық жасау ұзақ және бақытты өмірге әкеледі.