Баланы мектепке дайындау құны қанша?
Жаңа оқу жылының жақындауымен баласы мектепте оқитын ата-ана әбігерге түсе бастайды. Өйткені бір баланың мектепке қажетті киімі, кеңсе тауарлары мен өзге де керек-жарағын түгендеу қаржылық жағынан оңайға соқпайды. Ал бірнеше баласы бар ата-аналар қайтпек? Базар не дүкендердегі баға да құбылып тұр, қыркүйек жақындаған сайын шарықтап отыр. Осыған орай біз Астанада бір баланы мектепке дайындауға қанша қаржы жұмсалатынын анықтап көрдік.
Былтырғыдан өсті ме?
Былтыр Ranking.kz бір баланы мектепке дайындауға қанша ақша кететініне зерттеу жүргізген еді. Мектепке ең қажетті заттар тізімінде Қазақстан Республикасында бекітілген стандарт негізіндегі мектеп формасы, күнделікті және спорттық аяқкиім, дене шынықтыруға арналған киім, мектеп сөмкесі және кеңсе тауарларының жиынтығы бар. Тауарлардың бағасы сауда орталықтарындағы дүкендердің негізінде жасалып, нәтижесінде мектепке қажетті заттардың құны 100 мың теңгені құраған. Ал биылғы статистика қандай?
Жақында шетелдік «Геостатистика» өзінің Telegram-арнасында ТМД елдері арасында мониторинг жүргізіп, әр елдегі мектеп формасы мен аяқкиімге қанша қаржы кететінін талдап көрсеткен. Статистикаға сүйенсек, ең арзан мектеп формасы Әзербайжанда, мұнда бір балаға орта есеппен 10 мың теңгеге арнайы киімді алуға болады. Ал тізімде Қазақстан көш бастап, елімізде бір баланың киімі мен аяқкиіміне 67 мың теңге кетеді делінген.
Дегенмен, сауда орталықтарындағы дүкендер ұсынған бағадан гөрі, кей ата-аналар баласын интернет сайттардан, тіпті алдын ала шетелден, оның ішінде саудасы қызған Қытай сайттарынан алуды құп санайды. Олардың басты артықшылығы – арзан әрі тартымды баға. Әйтсе де, бағасына сапасы сай келетінін де айта кеткен жөн.
Бас қаланың дүкендері мен базарларында сауда қызып тұр. Саудагерлер жыл сайын мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтардың қымбаттауы қалыпты жағдай дейді. Олар нарықтағы орташа бағаны есепке ала отырып орта сыныпта оқитын оқушыны мектепке дайындауға 150 мың теңге жететінін айтады
Ranking.kz зерттеуі нәтижесіндегі 100 мың теңге баланың барлық қажеттілігі мен шығынына жетпейтінін ескерген дұрыс. 1 қыркүйекте мұғалімге беретін гүл шоғы, бантик, шұлық, күзгі сырт киім, маусымдық туфли тағы бар. Сондай-ақ қыркүйек айы жақындаған сайын бұл бағаның өспейтініне ешкім кепілдік бере алмайды. Мамандар балаға қажетті заттарды тамыз айын күтпей, маусымнан бастап сатып ала беруді, жеңілдіктер мен жаппай сатылымдарды қарап жүруді ұсынады.
Базардағы баға қандай?
Ата-ана баласына қажетті заттардың сапалы әрі қолжетімді болғанын қалайды. Алайда баға ырыққа көнер емес. Айлығы шайлығына жетпей, тапқаны ішіп-жеуден артылмай жүрген көпбалалы аналардың бірі – Ботагөз Батыршинова. Оның 6 баласының 3-еуі мектеп жасында.
– Балаларымды елорданың «Астаналық» базарында киіндірдім. Шыны керек, баға үлкендердің киіміне жұмсалатын қаражатпен бірдей секілді. Ұл баланың костюм-шалбары 20-25 мыңнан басталады. Аяқкиімдер 13-14 мыңнан тұр. Кеңсе тауаларына кемі 15 мың қажет. Балаларымның керек-жарағына түгендеу оңайға соқпайды. Жалақым – 150 мың теңге. Пәтерақымыз – 85 мың теңге. Үйдегі көңілді базардағы нарық шешіп тұр. Үкімет беретін 88 мың теңгелік атаулы әлеуметтік көмекке ары кетсе бір баламды дайындап болмаймын. Сондықтан балаларымды амалсыз несиеге «киіндірдім». Базардағы Түркия, Қытай, Қырғызстан киімі болсын, таңдап, талғап жатпаймын. Қаражат қайсысына жетеді, соны сатып аламыз. Арзанын алатындықтан, киімдер оқу жылының соңына дейін әрең шыдайды. Арзанның сорпасы татымайды деген осы. Алайда сол ақшаның өзіне іліксек, жақсы болар еді. Мектепке де балаңды ескі киіммен жібере алмайсың. Өйткені бүгінгі балалар бір-бірінің киіміне қарайды, салыстырады, – дейді көпбалалы ана.
Бас қаланың дүкендері мен базарларында сауда қызып тұр. Саудагерлер жыл сайын мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтардың қымбаттауы қалыпты жағдай дейді. Олар нарықтағы орташа бағаны есепке ала отырып орта сыныпта оқитын оқушыны мектепке дайындауға 150 мың теңге жететінін айтады. Мұның өзіне саудагерлер ең негізгі қажеттіліктер, яғни мектеп формасы, аяқкиім, сөмке мен кеңсе тауаларын алуға болады дейді. Ал қосымша маусымдық күртесі, бас киімі мен өзге де құрал-жабдықтарды кейін де сатып алуға болатынын алға тартады.
«Мектепке жол» қолжетімді ме?
Астанада жылда 1 тамыз және 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» республикалық акциясы өтеді. Акцияға барлық отбасылар қатыса алмайды. Жоба аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан сондай-ақ асыраушысынан айырылған балаларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Биыл аталған акция шеңберінде 8 500-ден астам бала қамтылады деп жоспарланып отыр.
«Мектепке жол» республикалық акциясы аясында өткен жылы 8 мыңнан аса бала мектепке дайындалды. Бүгінгі таңда да жәрмеңке бірқатар сауда орталықтары маңында жұмыс істейді.
Сондай-ақ қалада «Жалпыға бірдей міндетті оқыту» шеңберінде жаңа оқу жылында оқушылардың жекелеген санаттарына киім, аяқ киім, кеңсе керек-жарақтарын сатып алу үшін материалдық және қаржылық көмек көрсету көзделген. Бүгінгі таңда 12 027 бала қамтылды. Алдағы оқу жылында материалдық көмектің мөлшері бір балаға 43 407 теңгені құрайды. Білім басқармасы осы қызмет мәселесі бойынша мектеп басшыларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді» деді Астана қаласы Білім басқармасының бас маманы Құттымұрат Шәмшиев.
Жәрмеңкеде бәрі табыла ма?
Мектеп жәрмеңкесінің бірі «Аймақтау» сауда үйінің маңында жүріп жатыр. Мұндағы сатушылардың сөзінше, тауар бағасы нарықтағы бағадан 10 пайызға арзан. Мәселен, киім-кешекке жұмсалатын қаражатты есептеп көрдік. Ақ жейделер 5000-6500 мың теңге, қыздардың белдемшесі 5000-8000 мың теңге болса, пиджагы 8500-9000 мың теңге көлемінде, спорттық киімдер 12-15 мың теңге, ұлдардың костюмі кемі 20 мың теңге, туфли 11 мың мен 15 мың теңге арасы, спорттық аяқкиімдер де 12-16 мың теңге тұрады. Бұдан өзге сатушылар бір баланы тек бір жерден киіндірсе, тиісінше 1000-1500 теңгеге жеңілдік жасаймыз дейді. Осылайша, бір баланың киіміне орташа есеппен 60-65 мың теңге жұмсалады.
Енді кеңсе тауарларына тоқталсақ, жәрмеңкеде мектеп сөмкелері 8000 мың теңгеден басталып, 10 мың теңгеге дейін жетеді. 12 беттік дәптерлер – 25 теңге, қалың дәптерлер – 160 теңге, қалам – 40 теңге, қарындаштар – 250 теңге, түрлі-түстісі 1600 теңге тұрады. Акварель бояуы – 500 теңге, пластилин – 600 теңге, сурет дәптері – 450 теңге, қаламсауыт – 1200 теңге, ұштағыш – 250 теңге, дәптер қабының 10 данасы – 450 теңге, кітап қабының 10 данасы 650 теңгеден сатылады. Кеңсе тауарларына жалпы есеппен 10-15 мың теңге қаражат кетеді.
Қосымша шығындарды қоса есептегенде, астаналық ата-аналар бір балаға кемі 100 мың теңге қаржы жұмсайды деуге болады.
P.S: Жыл сайын тамыз айында мектепке қажетті заттардың бағасы бақылауға көнбейді. Мемлекеттің беретін материалдық көмегі мардымсыз. Жыртыққа жамау болуға ғана жарайды. «Мектепке жол» акциясының өзіне барлық отбасы бірдей іліге бермейді. Сәйкесінше, тапқанын балаларының тамағы мен киіміне жеткізе алмай дал болған ата-ана несиеге жүгінеді. Олай тартсаң, өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының кері…
Индира Бержанова