Ойыншықтан «от» шықпасын
Астана қаласында 68706 баланы қамтитын 580 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 100 мемлекеттік балабақшада 32933 бала тәрбиеленуде. Бұл – жыл сайын қалада бала санының артып келе жатқанының көрсеткіші. Алайда «баланың ойнағанына, қазанның қайнағанына қара» демекші, бұрынғының балалары құлын, лақ, қозымен ойнап өсті. Одан қалса, домбыра арқылы «Ортеке» ойнатып, балаларын жұбатып, ойын арқылы өнерге жақындатты. Бесікте жатқан баласын жезқоңыраумен жұбатып, күмістен сылдырмақ жасап ойнатып өсірген қазақтың бүгінгі баласы немен ойнап жүр? Балабақшада және үйде қандай ойыншыққа әуес? Ол ойыншық зиян емес пе? Біз осы мәселе төңірегінде аз-кем ой қаузауды жөн көрдік.
Ойыншықтың тарихы
Ең алғашқы ойыншықтар ағаштан, саздан, сүйектен жасалғаны бәрімізге мәлім. Ал ежелгі славян халқында көптеген жылдар бойы Табиғат-анаға әйел затын құрбандық шалатын әдет болған. Күндердің күнінде бір шебер қызын құтқару мақсатында оған ұқсатып қуыршақ жасап шыққан. Сөйтіп, сол қуыршақты құрбандыққа шалып, әйел затын азаптан құтқарған. Алғашқы пүліш аю 1894 жылы пайда болса, ең қымбат кейіпкер – Микки Маус. 1939 жылы шығарылған бұл қуыршақтың 1998 жылы бір аукционда 83,5 мың долларға сатылғаны әлі күнге дейін аңыз болып айтылады. Бүкіл әлемде құрастырма ойыншықтың көшін бастап тұрған кубик-рубикті Венгрия мүсіншісі Эрно Рубик ойлап тапқан. Шашыранды түстерді айналдыру арқылы бір бетке жинайтын бұл ойыншықтың адам миына тигізетін пайдасы да жоқ емес.
Алайда қазіргі таңда түр-түсі өзгеше, адамға қорқыныш сыйлайтын ойыншықтар көбейген. Мамандар бұл ойыншықтар баланың психологиясын бұзады деп есептейді. Олардың айтуынша, қорқынышты ойыншықтардың түр-келбеті баланың өсіп-өнуіне де кері әсерін тигізеді. Мысалға алсақ, Шрек, Бэтмен, Спэнч Боб, өрмекші адам, сондай-ақ түрлі роботтар, Монстр хай сияқты қуыршақтардың жез тырнақтары, мың құбылған шашының бояуы мен аударылып-төңкерілген көзінің түсі, ұсқынсыз киімі баланың жүйкесіне кері әсерін тигізіп, оны психологиялық тұрғыда түрлі дертке шалдықтыруы мүмкін. Ал оны көріп өскен бала болашақта шашын боятып, бейформалдарға ұқсағысы келіп тұрса кімді кінәлайсыз? Сондықтан ойыншықты да ойланып алған жөн екенін айтады мамандар.
Бала кез келген уақытта қолындағы ойыншығын аузына салуға құштар. Міне, сондай кезде сапасыз ойыншықтардың құрамындағы бояулар мен зиянды заттар баланың ішкі ағзаларына түсіп, асқазан, ішек жолдарын ауруға ұшыратуы мүмкін
Ата-ана не дейді?
Мұны ата-аналар да құптайды. Олар қазіргі балалар өздерінің теледидардан, интернеттен көрген ойыншықтарын алғысы келетінін жасырмайды. Әрі ол ойыншықтардың орнын басатын қазақи ойыншықтар алайық десек, бағасы қымбат деп налиды.
– Шынымен де біз ойыншық алатын кезде оның сапасы мен жасалу үлгілеріне мән бермейміз. Өйткені балаларымыздың қызығушылығы қай ойыншыққа түссе, соны алып беруге мәжбүр боламыз. Егер өзіміз ұлттық ойыншықтарды өндіріп, олар сөредегі басқа ойыншықтардан әдемі болып көз тартып тұрса, онда қаржымызды отандық өнімдерге жұмсайтын едік. Ал балаларымыздың бүгінгі ойнап жүргені – қорқынышты ойыншықтар. Әрине, бұл баланың психологиясына кері әсер етеді. Өйткені қазіргі кез келген баладан сіз «Ертөстік мықты ма, жоқ өрмекші адам мықты ма?» десеңіз немесе «Алпамыс мықты ма, Халк күшті ме?» десеңіз, онда олар бірден соңғы айтылғандарын таңдайды. Неге? Өйткені өзіміздің отандық үлгідегі ұлттық ойыншықтарымыз жоқ. Олар теледидардан, интернеттен көргендерін ғана қаһарман деп біледі. Сондай-ақ Қытайдан келетін сапасыз, резеңке иісі шығатын ойыншықтардың пайдасынан гөрі зияны көп екені айтпасақ та түсінікті. Бір сөзбен айтқанда, баланың қолындағы ойыншық қатыгездікке емес, көркемдікке, күйгелектікке емес, ұстамдылыққа, соғысуға емес, дос болуға тәрбиелейтін болуы керек қой дейді, – Астана қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Әсемгүл Жолбасарова.
Сатушы не дейді?
Әрине, бүгінгі таңда бала тәрбиесіндегі бірден-бір тиімді құрал ойыншықтар екені даусыз. Сондықтан кешегі ертегі кейіпкерлерін ойыншық ретінде жасап шықсақ қандай керемет болар еді. Тым құрығанда киіз үйіміздің бөлшектерін шығарып, оны балаға құрастыртып үйретсек те ұлттық тәрбиеміздің бір жыртығын жамаған болар едік. Бірақ мұның бәрі әзірге арман болып тұр. Кәсіпкерлердің айтуынша, ойыншық өндіретін құралдар мен құрылғылардың құны айтса үрейленетіндей екен. Сондықтан да кезінде отандық ойыншық шығарған әнші, продюсер Қыдырәлі Болмановтың «Бал-бала» ойыншықтарының сапасы жақсы болса да сатылымы аз. Оның үстіне бағасы да басқаларға қарағанда қымбаттау. Сол себепті сатушылар өздеріне тез өтетін арзан дүние керек екенін жасырмайды.
– Ойыншықтар негізі образдық, техникалық, ермек етуге арналған, спорттық, қолдан жасалған, музыкалық дыбыс шығаратын, театр ойыншықтары сияқты бірнеше түрге бөлінеді. Кейде осы образдың бәрі бір ойыншықтың бойынан табылуы мүмкін. Сондықтан ойыншық көзге қораш зат болғанымен, оны өндіру оңай емес. Бір ойыншықты өндіру үшін көп күш жұмсауға тура келеді. Мысалы, сіз қазақтың ұлттық үлгідегі кез келген ойыншығын шығару үшін оның сыртқы келбет-кескінін, оған кететін бояуларды, ою-өрнектерді бір ғана техникамен шығара алмайсыз. Оған кемінде үш техника, тұтастай команда керек болады. Ал енді Қытай зауыттарына тапсырыс берсеңіз, олар шығарып береді. Бірақ оған кететін қаржы сіздің сатып алған ойыншығыңыздан да екі есе көп болады. Сол себепті дайын өнімді сатқан жөн. Өзбекстанда шығарылатын ойыншықтардың да сапасы мен тартымдылығы Қытайдың ойыншықтарына жетпейді. Мысалы, Өзбекстанда бір ат ойыншық шығарылса, оның сыртқы қаңқасын ғана ұқсатып шығарады. Болды. Онда басқа артықшылық жоқ. Ал тура сондай атты тура сондай бағамен Қытай зауыттары неше түрлі дыбыс шығаратын етіп, әрлі-бері жүретін қылып шығарады. Сонда қайсысының тартымдылығы жоғары деп ойлайсыз? Қазіргі балалар да ақылды. Олар да өз алдына таңдау жасай алады. Сол кезде нарық бәрібір Қытай зауыттарынан шыққан ойыншықтарға ауады. Әрине, қазақы үлгідегі батырлардың бейнесінде ойыншықтар жасап шығаруға болады. Бірақ ойыншық шығаратын өндіріс орнын салу үшін қыруар қаражат кетеді. Әрі ол айналымға түсем дегенше сіздің шашыңыз ағарып тынады. Сондықтан қазіргі таңда қазақы ойыншықтардың нарықтағы құны жоғары. Оны қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. Әрі ойыншықтарға баланың қызығушылығын арттыру үшін оның жарнамасы жер жару керек, – дейді балалар ойыншығын сататын «Балдырған» дүкенінің сатушысы Асылбек Сайтқұлұлы.
Денсаулыққа әсері қандай?
Иә, халық үшін қашанда ойыншық емес, бала өмірі қымбат болуы керек. Сондықтан қандай да бір ойыншық алар кезде ең алдымен оның сапасына мән берген жөн. Өйткені бала кез келген уақытта қолындағы ойыншығын аузына салуға құштар. Міне, сондай кезде сапасыз ойыншықтардың құрамындағы бояулар мен зиянды заттар баланың ішкі ағзаларына түсіп, асқазан, ішек жолдарын ауруға ұшыратуы мүмкін.
– Кез келген балалар ойыншығы сатылымға шығардан немесе пайдаланылардан бұрын ол арнайы Кедендік одақ комиссиясы бекіткен «Ойыншықтар қауіпсіздігі туралы» техникалық регламент бойынша тексерістен өтіп, сапа бақылау комитеті жағынан оң бағасын алуы керек. Өйткені бала өзінің ұстаған затының өзіне қауіпті немесе қауіпсіз екенін білмейді. Оны ересек адамдар біледі. Сондықтан балаға ойыншық бергенде оның қандай жерде өндіріліп, құрамына қандай заттар қосылғанын, бояулары мен иістерінің бала денсаулығына келтіретін залалының бар-жоғын назарға алып, қадағалау керек. Өйткені Қытайдан келген ойыншықтардың құрамында формальдегид әдеттегіден 10-15 есеге дейін көп болады. Бояудың құрамында оған қоса фенол, қорғасын элементтері де көп кездеседі. Ойыншықтардың көбі поливинихлоридтен жасалады. Сонымен қатар олардың құрамында басқа да химиялық ингредиенттер болады. Бұл ойыншықтардың кесірінен бала иммунитеті әлсіреп, оның денсаулығына ақау келтіруі мүмкін. Өйткені ойыншық тек ойын құралы ғана емес, ол – баланың интеллектуалдық дамуына ерекше әсер ететін танымдық дүние. Себебі бала өзінің ұстаған заты арқылы, саусақ ұштарының сезімталдығымен қолындағы затқа деген түсінік қалыптастырады. Сондықтан қолдағы моторика мен сенсориканың дұрыс дамуы, баланың логикасы мен есте ұстау қабілетінің дамуын жақсартады. Өйткені мидағы осы ұсақ моторикаға жауапты орталық пен сөйлеу орталығы және интеллектуалдық орталық үшеуі бір-біріне тығыз байланыста. Демек осылардың біреуі дұрыс дамымаса, қалғандарының әрекет етуіне кері әсер етеді, – дейді балалар невропатологы Нұрлан Досболов.
Заңмен жүрсең, зиян тимейді
Жалпы ойыншықтардың қауіпсіздігін бақылап, оны заңмен реттеу қашан да маңызды. Мысалы, Германияда балалар ойыншығын психологиялық-педагогикалық сараптамадан өткізетін «Spiel gut» деген ұйым бар. Міне, солардың арнайы қауіпсіздік белгісі қойылғаннан кейін ғана ойыншық базарға салынады. Бұл шын мәнінде балалардың болашағын қорғаумен бірдей дүние емес пе?!
Негізінен, елімізде де мұндай заң осыған дейін болған. Мысалы, 2007 жылы 21 шілдеде қабылданған «Ойыншықтардың қауіпсіздігі» туралы заңға сәйкес, Білім және ғылым министрі 2008 жылы 10 маусымда №337 бұйрық бойынша ойыншықтарды педагогикалық-психологиялық сараптамадан өткізу ережесін шығарған. Алайда кейін 2011 жылдың 15 шілдесіндегі Қазақстан Республикасының заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес бұл сараптаманың қажеттілігі алынып тасталған. Бірақ ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы Заң бар. Аталған заңда қолданылатын ойыншықтар адам өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін және қоршаған ортаны қорғауда қамтамасыз етілуі қажет, сонымен қатар, техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс. Сонымен бірге Қазақстанда балалар ойындары мен ойыншықтарының сапасы мен қауіпсіздігі Кедендік одақ комиссиясы бекіткен «Ойыншықтар қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті бойынша қадағаланады. Осы құжатта ойыншықтардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін талаптар көрсетілген.
Жалпы айтқанда, ата-ана қауіпсіз ойыншықты өзі таңдай білуі шарт. Сондықтан сатып аларда ойыншықтың атауы, ойыншық жасалған ел, өндірушінің мекенжайы мен атауы, дайындаушының тауар белгісі (бар болса), ойыншықтың шикізаты, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, ойыншықты қолдану кезіндегі қауіпсіздік шаралары, ескерту жадынамалары, ойыншыққа күтім жасау тәсілдері (қажет болған жағдайда), баланың жасына қарай қолданылуы, ЕАЭО елдерінің бірыңғай белгісін білдіретін таңбасына назар аударған жөн. Бұдан бөлек, сатып алатын ойыншықтың қауіпсіздігіне сенімді болу үшін «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабына сәйкес өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарды (сертификатты) талап етуі тиіс.
P.S: Жалпы ойыншық баланың есеюіне, оның ақыл-ойының дамуына ықпал етуден бөлек, ол бүлдіршіннің бойындағы басқаларға деген достық қарым-қатынасын да қалыптастырады. Сондықтан да отандық өнім ретінде алдағы уақытта өзіміздің батырлар бейнесінде қуыршақтар шығарсақ, олардың бойынан неше түрлі әуендер мен күйдің музыкасы ойнап тұрса немесе аналар мен аруларымыздың бейнесінде қуыршақтар шығарып, олардан «Бесік жыры», «Сыңсу» сияқты ұлттық үн шығып тұрса қандай ғанибет. Бір жағы балалардың ойына ұлттық жырымызды да сіңіретін едік. Бүгінгі таңда қазақтың ұлттық ойыны «Асық ату» мен «Тоғызқұмалақты» да спорттық ойын түрінде дамытып келеміз. «Көш жүре түзеледі» демекші, бастысы, балаларымыздың ой ақаусыздығын қорғасақ, болашақта ұлттық ойыншықтардың да неше түрін солар өндіретіні анық. Сондықтан да ойыншық аларда баланың ойын жетілдіре түсетін ойыншықтарға баса назар аударғаныңыз абзал.
Шапағат ӘБДІР