«Конституция балалар көзімен»
Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда ҚР Конституциясы күнін мерекелеу аясында жас суретшілердің «Конституция балалардың көзімен» атты көрмесі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Суреттердің негізгі тақырыбы патриоттық бағытта болды, яғни заңнамамыз, қазақ костюміндегі қыздар, мемлекеттік рәміздер. Сондай-ақ көрменің кейбір қатысушылары қазақтың көрнекті ғылым және мәдениет қайраткерлерін бейнелеген.
«Мұнда балалардың барлық жұмысы ұсынылған. Олар өз қиялында елдің басты ата заңын көреді. Барлығы 200-ге жуық жұмыс ұсынылды. Көрмеге өнер мектептері мен үйірмелерді қоса алғанда, мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру бойынша 17 мекеме қатысты», – деді Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру дирекциясының басшысы Ерлан Жалғас.
Фойеде әр түрлі жастағы оқушылардың акварель, гризайл, гуашь, акрил, май, қарындаш графикасы, пастель және аралас техникамен жасалған туындыларын тамашалауға болады.