Шамшырағың ілім болса адаспассың
Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы елорданың діни бірлестіктерімен өзара iс-қимыл, азаматтардың діни сенім бостандығы құқығын іске асыру және конфессияаралық келісімді нығайту саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруда. Осыған сәйкес, Астана қаласы діндерді зерттеу орталығы – діни экстремизмнің алдын алуда халықтың деструктивті діни ағымдарға қарсы иммунитетін дамытудағы маңызды мекеменің бірі. Қоғамның діни өміріндегі түйткілді мәселелердің басын ашып айтуды мамандарға жолдап, пікірін білген едік.
Алмас ЕРНАЗАРОВ, Астана қаласы діндерді зерттеу орталығының директоры:
– Діни сауатсыздық – қоғам дерті. Сондықтан жастарымыз дін атын жамылған белгісіз тұлғаларды тыңдауын қойса, ақпаратты сүзгіден өткізе алатын дәрежеге жетсе деп тілейміз. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Осы қағиданы адамдар кейде ұмыт қалдырады. Сондай-ақ кез келген миссионерлік қызметті заңсыз жүргізу, заңды діни қызметке кедергі келтіру, рұқсатсыз діни жоралғылар жүргізу, діни бірлестіктердің саяси қызметке араласуы 50-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады. Бұл ақпаратты әрбір адам білуі керек деп ойлаймын. Қашанда еліміздің іргесі биік болып, қоғам нығаюы үшін әрбір ел азаматы өзінің күшін салу керек. Біз қазір тек дін саласын айтып тұрмыз. Бірақ халықтың әлеуметтік, психологиялық жағдайына да мән беру керек. Барлық сала бір-бірімен тығыз байланысты. Адамдар жан-жақты, сыни ойлана білсе, діннен мәселе туындамас еді.
Сәбит ЫСҚАҚОВ, ҚР Қарулы күштерінің запастағы полковнигі:
– Иманымызға жат, көзқарасымызға қайшы келетін ағым да көп, бөтен дін мен оны уағыздап жүргендер де жетерлік. Солардың бірі жүзінде жылуы жоқ, айналасына жауыға қарайтын, қазақылық белгісі қалмаған түсі сұсты, мемлекетті мойындамай, қоғамнан оқшау жүретіндер қауымына көз үйренгелі қашан. Олардың да аузында Алла, алайда 1200 жылдан бері келе жатқан ата-бабасының дінін терістеп, «шын ислам – осы» деп бізді қорқытады. Олар бізді «адасқан» дейді, біз оларды адасып жүр дейміз.
Тарихқа жүгінсек, ислам пайда болғалы діни және этникалық факторлардың арақатынасы бір-біріне қиғаш келмей, өзеннің екі жағасындай қатар дамыды. Сайып келгенде, талай нәсілді, талай ұлтты, талай елді біріктірген әлемдегі халықтардың 26 пайызын құрайтын 2,2 миллиардтай мұсылман ислам жолын ұстайды. Сол себепті де ислам діні тұрғысынан алып қарағанда адамдардың этникалық сипаты аса маңызды емес. Ол нәсілдік, басқа да ерекшеліктерден жоғары тұрады. Ең бастысы, пенденің Пайғамбарымыздың үмбеті болып, ислам құндылықтарын ұстанып, бес уақыт намазын жібермей, шариғат жолымен жүруі.
ХХ ғасырдың 80-жылдарының соңынан бастап құдайсыздар жолын ұстанған Кеңес Одағы ыдырағанда, адамдар діни сенім тұрғысынан түрлі пікір айта бастады. Ислам тазалығы туралы пікірлердің соңы «таза ислам» (немесе «шынайы ислам») ұстанушылармен және неше ғасырдан бері сақталып, ұлт, ел бірлігіне сызат түсірмеген исламның дәстүрлі нұсқаларын ұстанушылармен бітіспес майданға айналдырды. Соның салдарынан бұл діннің жедел саясилануы мен радикалдануы, діни-саяси экстремизмнің, тіпті терроризмнің пайда болып, ислам жамылғысының астына жасырына бастады. Яғни этникалық фактордың ықпалынан азат, ата-баба дінін мансұқталған, арабтандырылған ислам (нео-ваххаби) «таза», «шын ислам» деген ұғым көбімізді жолдан тайдырды.
Кеңшілік ТЫШХАН, дінтанушы:
– Иісі қазақ мұсылманшылық деген кезде жүрегі жылиды, Құранның аяты дегенде селт ете қаламыз, Пайғамбар (с.ғ.с.) дегенде құрметіміз оянады. Салафизм деген нәрсе жай термин емес, қорқынышты ағым ғана емес, оның астарында үлкен идеология жатыр. Мемлекетті ыдырату, бейбіт жолмен жаулап алу. Салафизм идеясының кеулеп кеткен себебі – жастарымыздың діни сауатсыздығы мен Араб түбегінен оқып келгендердің ислам атын жамылып келуі. Бұлардың қатары жылдан-жылға көбейіп, тұтасып келеді. Мемлекетті мойындамағаннан кейін көбі жеке кәсіппен айналысады. Материалдық жағынан тәуелсіз, өзара ұжымдасады. Бір-біріне көмек қолын созады, қолдайды. Олардың да бізге қарсы қолданатын күші мықты. Тұзағына түсірген адамды барынша қоғамнан оқшау ұстауға тырысады. Мешіттерге барса, уағыз тыңдама деп құлағына наушник кигізіп қояды. Имамдардың сөзін тыңдап қойма, жүрегіңе күмән түсірме деп айтып отырады. Дастарқан басында қол жайма, бәрі ширк, тағысын тағылар. Бірақ мәселе мынада: бұлардың дініне бәрі кіріп кетпейді, бұл идеологияны қазақ түгел ұстанбайды ғой. Демек, қазақ арасында дүрдараздықтың басы осыдан басталады.
Салафизм идеологиясында ислам тарихына екі үлкен көзқарас бар. Бірі дінді тек хадис негізінде қолданады. Мысалы, «Сендердің ішіндегі ең жақсыларың – дінді оқытқандарың» дейді. Демек, «мен үйретуім керек» деп түсінеді. Бірақ бұл маған ыңғайлы ма, бұл кісі оған дайын ба, дайын емес пе, оған қарамайды. «Намаз оқисыз ба?» дейді, «жоқ» десеңіз болды, «мен сізді Құдай үшін жек көремін» дейді. Өйткені «мұсылман мен кәпірдің арасын ажырататын – намаз» деген хадисті тікелей түсініп алған. Мен оларға «өзің намазға қай уақытта келдің?» десем, «25 жасымда» дейді. «Онда 24 жасқа дейін кәпір болдың ғой» деймін. Әркім намазға әр уақытта келеді. Құранда кімнің жүрегіне иман салатынын Құдайдың өзі біледі деп тұр ғой. Өзгенің жүрегі сенің қолыңда емес қой, өзі қаламайынша басын сәждеге тигізбеуі мүмкін. Осыған ой жүгіртпейді, харам деп бір-ақ шешеді. Ас қайырып, бата бермеу керек, қол жаймау керек. Жайса, үлкен күнә жасағаннан бетер. Яғни тәубе қылмадың деп діннен шығарып жібереді. Ел іші болған соң біреулері құран оқып, қол жаюы мүмкін. Оны көрсе, білсе, онда адастың, діннен шығып кеттің дейді. Өз қауымын жинап, көпшіліктің алдында тәубе қылуын талап етеді. Яғни «мен әлдебір отырыста байқамай бидғат жасап, былайша айтқанда, дінде жоқ нәрсені жасайтындарға еріп қолымды жайып қойғаным үшін Құдайға тәубе қыламын. Мұны бұдан кейін қайталамаймын» деп елдің көзінше кешірім сұрайды. Бұл – таза психологиялық шабуыл. Біз айтып жүрген сақалы, шалбарының шолақтығы – оның бәрі әншейін нәрсе. Оның астарында адамдарды салт-дәстүрінен, ұлтынан бөліп алудың тактикасы жатыр. Мысалы, сізді бұл мемлекетпен, қазақ ұлтымен не байланыстырады? Бірінші байланыс – қаныңыз. Қаны бір қазақпыз. Сеніміміз, мазхабымыз, дәстүріміз, тіліміз бір. Қуаласақ арғы ата-бабамыз бір туысқан. Сізді сол қоғамнан ажыратып алу үшін мен не істеймін? Дінде ұлт деген нәрсе жоқ. Құдайдың алдында бәріміз бірдейміз. Мұсылманбыз. Түрік пе, түрікмен бе, қырғыз ба, басқа ма – бәрібір. Осылайша ұлтты жойды. Ұлттың ішінде дәстүріміз бар. Қонақ келсе дастарқан жаямыз, қонақ етеміз. «Намаз оқисың ба?» деп сұрамаймын ғой. Құдайы қонақтың жағдайын жасаймыз. Ас қайырып, қонаққа бата бергіземіз. Бала туғанда азан шақырып атын қойып, тұсауын кестіреміз, сүндетке отырғызамыз. Өлгенде жаназасын шығарып, арулап көміп, басына қорған тұрғызамыз. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейміз. Олар «жоқ, өлгендер кетті, олармен байланыс жоқ. Өлгендерге құран оқып қайтесіңдер?! Құран тіріге түскен» деп дәстүрге тиісе бастайды. Ана тілі – ұлттың бір ерекшелігі, одан ажырату үшін арабша сөйле дейді. Ол болмаса, орысша айт. Олардың сөзінде «бауырым», «қарындасым», «қандасым», «туысым» демейді, «брат», «сестра» дейді. Брат, сестрадан гөрі қарындасым, інім, ағам, апам, сіңлім, бауырым деген сөздер адамдарды жақындатып, жұмсақ естіледі ғой. Оған тыйым. Туыстық жүйені бұзады. Мұның бәрі – ұлтқа, қазақ ұлтына жасалып жатқан идеологиялық шабуыл. Яғни ұлтты ішінен жою. Дәстүрін, тілін, құндылығын, ішкі бірлігін жою, ең аяғында біріне-бірін айдап салу. Егер ата-анасы намаз оқымаса, қызына куәлігі жүрмейді. «Үлкендердің рұқсатынсыз үйленсең болады» деп қызды құртады. Неке қияды. «Заң – шайтан ісі, Құдайдың, шариғаттың заңы емес, мойындамаймын» деп елдің заңымен заңдастырмай, қалаған қызбен некесін қиып, қажет болмаса, жауапкершіліксіз үйленген соң телефонмен талақ беріп, жөніне кете береді. Ата-анасының рұқсатын алып, алдынан өтпегенін біледі, қалың малын төлемегенін біледі. Көшеден алып, көшеде қалдыра салады. Сөйтіп отбасы құндылығына балта шабады. Жастар әркімнің шаужайында осылайша кете беретін болса, жақсылыққа апармайды. Ертең мемлекет қорғайтын, ел билігін ұстайтын азаматтарымыз осы ағымда болса қалай болады? Қазір салафизмді қабылдағандармен күресіп жүрміз. Он жылдан кейін туабітті салафиттермен күресеміз. Әр талақтан қалған ондаған, алты-жетіден бала болса, есептеп көріңіз. Олардың біразы исламнан жиіркеніп, безіп кетер. Ата-анасының қыспағынан, қаттылығынан, жек көруінен атеист болып кетуі де мүмкін немесе таза салафит болады. Мысалы, менің әжем хиджаб киді, әкемнің сақалы осындай болатын, мамам жамылып жүретін деп ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Кезінде әке-шешесіне тықпалаған құндылық өзінің туабітті ұстанымына айналады. Маман ретінде айтайын, қазір өте қасіретті жағдайда тұрмыз. Санасы уланғандарға қарапайым ұлттық нәрселерді түсіндіре алмайсыз. Оларда бір ғана критерий бар. «Хадисің бар ма, аяттарың бар ма, жоқ болса, басымды қатырма» дейтіндей күшке енді. Құдай адамға сананы не үшін берді, кейбір нәрселерді адам ақылымен ойлайды емес пе? Психологияда «тоннельдегі жарық» деген ұғым бар. Бұлар да алдын ғана көреді, жан-жағына қарап, басқа нәрсені қарастырмайды. Өз құндылығын ғана қабылдайды. Өз ұстаздары қандай пәтуа шығарса, сонымен жүреді. Ағымға ілескендеріне екі-үш ай болса, қайтаруға болады. Жарты жыл өтсе, қиын. Жоғалтамыз, тіл-құлағы байланған құлға айналады. Жүрегіне құйылып қалған нәрсенің күштілігі сонша, менің сөзіме күмәнданып тұрады. Оны ұстазынан сұрағанда, әрине, менікін жоққа шығарады. Сенімін нығайтады. Бұл – Саудияның ресми діні, бірақ билігінде жоқ. Елді билеуші әулетке қатысы жоқ. Олар бет-аузын бүркеп, біздегілерше сақал қойып, балағын қысқартпайды. Ханшайымдары Еуропада емін-еркін оқып жүр. Бұл идеология о баста Осман империясын ыдырату мақсатында пайда болған. Араб ұлтшылдығын қоздырып, түріктердің адасқанын дәлелдеу арқылы империяны құлатуға қолданды. Мұның жеміс бергенін білген соң, түпкі ойды жүзеге асыруда, исламның ішінде ислам жасау іске жарағаннан кейін әлемдегі террористік, геосаяси жағдайларға пайдалануға құрал ретінде пайдаланды. Ваххабистік мемлекеттердің көбі батыстық мемлекеттерге бейім келеді. Ағымның саяси тарихын білмегендерге мұның идеология екенін түсіндіре алмайсың.
Тарихтан анықтама:
Қазіргі салафизм – салыстырмалы түрде жаңа құбылыс. Салафиттік діни-ағарту қозғалысының исламның белсенді ағымдарының біріне айналу кезеңі – 1970-1990 жылдар. Осы жылдар ішінде ислам дүниеге келген кездегідей идеалды ислам қоғамын құруға шақырған көптеген танымал террористік және радикалды исламдық ұйым пайда болды. Олардың негізгі әдістері – «кәпір» билікке қарсы қарулы күрес және олардың идеологиясын агрессивті насихаттау. Зерттеушілер мұндай ұйымдарды салафилер деп атайды. Олардың қызметі мен идеясын талдау нәтижесінде жасалған тұжырымдар көбіне салафизмге тұтастай қатысты. Салафилердің негізгі мақсаты – идеалды мұсылман қоғамын және мемлекеттер (халифат) құру мақсатында мұсылмандарды біріктіру. Олардың ұраны: «Құранға кері оралу». Бұлар мұсылмандарды бір тудың астында біріктіріп, адам өмірін реттеуде шариғатты жалғыз үйлестіруші етіп қарағысы келеді. Үстемдікке жеткізу жолында барлық амалды, соның ішінде қантөгіс, зорлық-зомбылықты қолданады. Ахмад ибн Ханбал, Ахмад Тахиддин ибн Таймия, Мұхаммед ибн Абд әл-Уаххаб іргесін қалаған идеяны ұстанушылар. Ваххабизмнің ізбасарлары – модернизацияның табанды қарсыластары. Оның мәні – зайырлылық пен батыстық экспансионизм – дәстүрлі қоғамның негіздеріне нұқсан келтіру.
Айгүл УАЙС