Еліміздің бас қаласына жайлы өмірді аңсап, жақсы жұмыс тауып, мансабын өсіріп, сапалы медицина қызметін алып, саяси және мәдени өмірдің қайнаған ортасында болу мақсатында алыс жерлерден ағылып келіп жатады. Бұл – тек қазақстандықтарға ғана емес, жанына жайлы жер іздеу жалпы адамзат баласына тән ортақ құбылыс. Тек жаһандану, кенттену бұл үрдісті жылдамдатып жіберді.
татистика бойынша 2018-2023 жылдар аралығында Астана тұрғындарының саны 32,6 пайызға, яғни 1,1 миллионнан 1,4 миллион адамға өскен. Соңғы бір жылда елорда 75,6 мың адаммен толықты. Өсім 5,6 пайызды құрады дейді. Келуші көп, кетуші аз. Астана осылайша үлкен мегаполиске айналып келеді. Арман қуып келгендердің біріне даңғыл жол ашса, енді бірін құрдымға жіберетін де осы қала. Астана да қазіргі үлкен мегаполистер сияқты адамдардың денсаулығы мен психикасына әсері айтарлықтай екенін ғалымдар дәлелдеп отыр.
Мегаполис болған соң кенеріне көлік сыймай, әрлі-берлі ағылған көшелердің шуы, оның жан-жағында самаладай самсаған шамдары түнді күнге айналдырғандай. Қалалықтар да біртіндеп өмірдің толқынында жүзу үшін көп ұйықтаудың қажеті аздығын сезінеді. Қала тұрғындары да осы дүрбелеңге үйреніп қалған, қаласа аптаның жеті күнінде де тәуліктеп ұйықтағысы жоқ. Қатарының алды болып, ойлаған мақсатына бір қадам болса да жақындататын тынымсыз еңбек, кездесу мен таныстық, той-томалақ, міне, осының бәрі түнгі ұйқыны ұрлайды. Олардың өмір сүру салтына қала тірлігі де ыңғайланған. Тамақтану, сауда орындары соңғы адамға дейін жұмыс істейді.
Қаланың қым-қуыт тірлігін, оның зуылдаған қарқынын сезіну үшін алыс ауылдарға баруға болады. Мұнда мүлдем уақыт тоқтап қалғандай, қаланың адамы өзін қоярға жер таппайды. Үнемі асығып-аптыққан өмір, күн жарықта бітіремін деген жұмысы кешке қалып, таң азаннан баласын балабақшасына апарудан бастап мың сан мәселені шешу, біреуден асып, біреуге жетем дегізген әлеуметтік бәсекелестік түн ұйқыңды төртке бөледі. Айтпақшы, ұйқысыздық немесе ұйқының нашарлауы дәрігердің алдына жиі апаратын аурудың басты себебіне айналған. Одан бөлек, тыныс алу жолдарын бітеп, демікпе, бронхит, тіпті өкпенің қабынуына дейін жеткізетін мыңдаған көліктен шығатын шаң, қорғасын аралас улы газдар және басқа да зиянды қоспалардан тұратын қауіпті ауасы бар қоршаған ортаның ахуалы – адамға тікелей әсер ететін факторлардың бірі ғана. Ауаның ластануымен ғана емес, адамдар шудан да шаршайды. Иттердің үргені, құрылыс алаңындағы гуіл, жедел жәрдемнің шырқыраған дауысы, көліктердің дабылы, мотоциклдің гүрілі адамды ығыр ететін жағымсыз нәрселердің қатарын толтыра беруге болады. Оған көппәтерлі тұрғын үйлердің шуын қосыңыз. Адамдардың дабыры, ерсілі-қарсылы алып-ұшатын лифттің сылдыры, қосылып тұрған тұрмыс құрылғыларының ызыңдаған дыбысы, анық естілмесе де сезілетін электромагнит өрісі тағы бар. Құмырсқаның илеуіндей қайнаған орта.
Астананың бір жақсы жері күн жарқырап ерте шығады, кеш батады, сонда да қатар-қатар түскен биік үйлердің төменгі қабаттарының терезесінен күн сығаламайтындары бар. Адамның көптігінен бір-біріне бұрылып та қарамайды, қала тұрғыны көршілерін де танымайды. Психологтардың пайымдауынша, бұл құбылыс қажет кезінде қолын созатын адам болмай, адамдарда әлеуметтік оқшаулану сезімін тудырады екен. Әрине, бұл барлық ірі қалаларға тән, елорданың да бір сипаты. Соған қарамастан, адамдар осы заманауи ортаға бейімделіп, өмір сүрмеске амалы жоқ.
Алайда осының бәрін жаһанданудың бір көрінісі ретінде қабылдап, ұлы дүрмектің соңынан көзсіз ере беруге бола ма?! Қала аумағына қаншалықты адам сыяды? Соншама адамды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, соншама жұртты қабылдауға әзір ме? Қоғамдық жолаушылар тасымалы, әлеуметтік мекемелер, қаланың басқадай құрылымы барша халыққа бірдей жағдай жасай ала ма? Тәуекел етіп келгендердің өз баспанасына қол жетуі мүмкін бе? Бар күшін сарқып, жер ортасына келгенде қаладан алар қайыры бола ма? Мінеки, осы сұрақтар көптің көкейінде жүр. Жас келе бере ауылдан шыққан адам ауылын сағынады, денсаулығы да тыныш жерді қалайды.
Қала адамына, әрине, денсаулығы болса өмір жеңілірек, жақсырақ. Ал оларды ауыл адамына айналдырудың амалын ойластырып жүргендер бар ма? Әрі-беріден соң қазақы болмысымыздың өзегі ауылда, оны қалай жаңғыртуға болады? Ол туралы не ойлағанымыз бар?
Бір ғана мысал айталық. Қазір белсенді өмір сүру орталықтары көптеп ашылып жатыр. Қажеттілік. Зейнеткерлер жұмыстың жауапкершілігінен босап, енді қатарластарымен араласып, уақытын тиімді өткізгісі келеді. Қазіргі күнде, салыстырмалы түрде алғанда, зейнеткерлер саны аса көп те емес, бірақ енді он шақты жылдың көлемінде алғаш рет астананы игеруге келгендердің алды зейнетке шығады. Олардың дені – көзі ашық, көкірегі ояу, мемлекеттік қызметте болған қазақтың нағыз азаматтары. Олардың жағдайын қалай жасап, әлеуетін қалай пайдалануға болады? Белсенді өмір сүру орталықтары бұл мәселені шеше ала ма?
Бүгінде мектебі жабылып, ауылы тозып жатқан елді мекендердің жастарын ұстай алмаса да, зейнетке шыққандарды сонда тартып, елдің көркін кіргізуге бола ма? Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл мәселенің бір шешімін тарихшы ағаларымыздың бірі іспен дәлелдеген еді. Орысы қалың шағын қаладан үй сатып алып, аз уақыттың ішінде сол жерді мәдени орталыққа айналдырды.
Бүгінде адамдардың өмір сүру жасы ұлғайған. Жетпістен асқанша еңкейіп қалмайды. Олар үшін елорданың, басқа да ірі қалалардың маңынан, шағын қалалардан жайлы қоныс табатындай орын ашылса екен. Тым болмаса жеміс егіп, құс ұстап дегендей мүмкіндік қарастырылса, ауылдағылардың бәрі қалаға қарап аңсары аумайды. Зейнеткерлердің де қаланың шуынан алыс кететін мүмкіндігі болады. Қазір иесіз ел жоқ, әрбір жерде сол жердің шаруашылығын ұстап отырғандар бар. Оларға да арнайы субсидиялар бөліп, елге келіп жатқан егде бауырларын тартып, елге сіңуіне ықпал етсе. Сол жердің туристік бизнес пен инфрақұрылымды дамытуға, жергілікті жерлерде сақталған тарихи, мәдени туризм ошақтарына осындай кісілердің білім мен білігін тартып, халықтың руханиятқа бетін бұруға жұмыс істесе қандай жақсы!
Елде үлкенге де, кішіге де ермек табылар еді. Бұл алдымен шағын қалалар мен елді мекендерден жастардың көшіп-қонуын азайтуға әсер етеді. Жұмысы қолбайлау емес, қалалық қарттардың бір мезгіл тыныш жерге баруына жол ашылады. Қарттар қозғалысы ауыл мәдениетін де көтерер еді. Мұны «интеллектуалды миграция» ретінде бағалап, зейнеткерлердің мүмкіндігін пайдалануға арнайы бағдарламалар жасалса, қазаққа құт болар ма еді?!
Айгүл УАЙС