Қалалық ортаның сапасы жақсара ма?
Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы сәулет-құрылыс қызметі, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, еңбек қатынастары және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын сақтау салаларындағы қызметтерді бақылайды. Жуырда аталмыш басқарма басшысы Ғани Тәжиев қалалық Коммуникациялар қызметі алаңында мекеме жұмысының осы жылдың бірінші жартыжылдығындағы қорытындыларымен таныстырды.
Сәулет-құрылыс жұмыстары сарапталды
– Астана Қазақстанның саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени өмірінің орталығы және құрылыс қарқыны мен көлемдері бойынша өңірлер арасында көшбасшы болып отыр. Елорда аумағында сәулет-құрылыс бақылауын, сондай-ақ еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бақылауды талап ететін инфрақұрылым белсенді дамып келеді. Техникалық жағынан күрделі бірегей тұрғын және әлеуметтік-тұрмыстық нысандар, соның ішінде сауда-ойын-сауық орталықтары, мешіттер, қонақ үй-мейрамхана кешендері, мәдени мұра нысандары және басқалар салынуда, – деді Ғани Тәжиев.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда басқарма базасында салынып жатқан 1236 нысан тіркелді. Биылғы жартыжылдықта сәулет-құрылыс бақылау қорытындылары бойынша жеке және заңды тұлғаларға қатысты жоспардан тыс 266 тексеру жүргізілді. Әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 134 млн теңге сомасына 434 айыппұл салынды. Бақылау субъектілері орындауға міндетті бұзушылықтарды жою туралы 177 нұсқама берілді.
Бұған қоса, заңсыз құрылыс фактілерін болдырмау мақсатында басқарма нұсқамалардың талаптарын орындау және нысандағы бұзушылықтар жойылғанға дейін құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұру туралы талап қою арыздарын беру практикасын жолға қойды.
– Бүгінгі таңда Астана қаласы Әділет департаментінің сот орындаушыларымен бірлесіп сот актілерін мәжбүрлі орындау жұмысы үйлестірілген. Құрылыс кезінде негізгі бұзушылықтар мыналар болып табылады:
белгіленген тәртіппен сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамасыз салу;
жер теліміне тиісті меншік құқығынсыз салу; құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы уәкілетті мемлекеттік органды хабардар етпеу, – деді басқарма басшысы.
Осындай фактілердің жолын кесу және жаңаларына жол бермеу мақсатында басқарма келесі шараларды қабылдауда: Біріншіден, рұқсат беру құжаттамасыз салынатын нысандарда электр энергияны сөндіру бойынша «Астана-РЭК» АҚ-мен бірлескен жұмыс жолға қойылды. Екіншіден, рұқсат беру құжаттамасы жоқ құрылыс салушылар туралы әлеуметтік желілер мен жария алаңдар арқылы халықты ақпараттандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Тізім күнделікті мониторинг негізінде үнемі жаңартылып отырады және басқа бейінді мемлекеттік органдар мен қызметтердің ақпаратынан, сондай-ақ қалалық аумақты бақылау айналма жолдарының нәтижелері бойынша қалыптастырылады. Бұдан басқа, басқарма лицензиялар беруге және сараптамалық пен инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыратын сарапшыларды аттестаттауға бақылауды күшейтті.
– Жыл басынан бері лицензия алуға жеке және заңды тұлғалардан 1762 өтініш, сараптамалық және инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыратын сарапшыларды аттестаттау бойынша 710 өтініш келіп түсті. 515 өтініш бойынша бас тартылды. Сонымен қатар басқарма сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару ұйымдарына аккредиттеу туралы 23 куәлік берді. Жалпы алғанда, құрылыс ұйымдарының белгіленген талаптарды, оның ішінде сапасы, мерзімі, құны, орындалған жұмыстарды қабылдау және нысандарды пайдалануға беру бойынша талаптарды сақтауының оң қарқыны байқалып отыр, – деді Ғани Тәжиев.
Үлескерлер мәселесі толығымен шешілуге таяу
Басқарма басшысының мәліметінше, 2019 жылы елордада 150-ге жуық проблемалы үй, соның ішінде 52 нысан мен 16 060 үлескер болған. 2022 жылы 12 мыңға жуық үлескердің мәселесі шешіліп, 118 үйдің құрылысы аяқталды. Мемлекет басшысының 2023 жылы қалған 16 объектінің құрылысын аяқтау жөніндегі тапсырмасына сәйкес бүгінгі күні 7 нысанда (бұл 22 үй) 3,6 мыңға жуық үлескерге пәтер кілттері берілді. Қалған 9 нысанда (10 үй немесе 484 үлескер) құрылыс жұмыстары, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
– Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мерзімі 2024 жылдың соңына дейін ұзартылды. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру нәтижесінде және осы функцияны берген сәттен бастап басқарма 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін жалпы сомасы 145 млн теңгеге 219 құрылыс ұйымын әкімшілік жауапкершілікке тартты, – деді Ғани Тәжиев.
Оның айтуынша, сонымен қатар елордада үлестік құрылыс тәуекелінің 24 әлеуетті объектісі бар. 14 тұрғын үй кешені құрылыс-монтаждау жұмыстарын дербес аяқтау сатысында, жеке инвесторды іздеу сатысында 6 тұрғын үй кешені және 4 аса қауіпті тұрғын үй кешені бойынша инвесторлар анықталды. Қала әкімдігінің ресми сайтында азаматтардың алдануын алдын алу және ақпараттандыру мақсатында үлескерлердің ақшасын тарту құқығынсыз салынып жатқан нысандардың жаңартылған тізімі үнемі жарияланып отырады. Қаланың жарнамалық конструкцияларында, баннерлерде, қаланың LED-экрандарында тақырыптық бейнематериалдарды орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы Қазақстанның Құрылыс салушылар қауымдастығы, «Колеса» АҚ және Флетфай-Қазақстан филиалы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасасу жөнінде келісімге қол жеткізді.
– Алданған үлескерлердің әлеуметтік шиеленісі мен жаңа толқынына жол бермеу мақсатында Астана қаласының әкімдігі Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп өзгерістер енгізу жөніндегі мәселені пысықтауда. Тиісті жұмыс тобы құрылды. Жоба мынадай бөлім бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметінде талқылау сатысында тұр: үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқаны үшін айыппұл санкцияларын 300-ден 2000 АЕК дейін ұлғайту; қайта бұзған кезде қылмыстық жауапкершілікті көздеу; алдын ала шарттарға және үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсатсыз жарнамаға тыйым салу; жоспардан тыс тексерулер үшін жергілікті атқарушы орган өкілеттіктерін бекіту. Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша осы ұсыныстарды ағымдағы жылдың 3-тоқсанына дейін енгізу жоспарлануда, – деді Ғани Тәжиев.
Еңбек заңнамасының сақталуы бақылауда
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, осы жылдың алғашқы жартыжылдығында еңбек заңнамасының сақталуын бақылау барысында мемлекеттік еңбек инспекторлары жоспардан тыс 319 тексеру жүргізді. Барлық фактілер бойынша бұзушылықтарды жою талабымен 193 нұсқама берілді. Сондай-ақ жалпы сомасы 13,1 млн теңгеге 76 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 90 млн теңгеден астам сомаға жалақы бойынша берешек өтелді. Сол арқылы 620 қызметкердің еңбек және конституциялық құқықтары қорғалды.
– Жалақы бойынша берешекті және еңбек жанжалдарын болдырмау мақсатында проблемалы жұмыс берушілердің, кәсіподақ орталығының, Мемлекеттік кірістер департаментінің, прокуратура өкілдерінің, сондай-ақ Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы жұмыс берушілерінің (кәсіпкерлерінің) Ұлттық конфедерациясының өкілдерінің қатысуымен қала әкімі орынбасарының төрағалығымен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық комиссияның отырыстары өткізіліп тұрады. Бүгінгі таңда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау техникасын бұзғаны үшін мемлекеттік еңбек инспекторлары материалдарды сотқа бере отырып, 6 құрылыс нысанында құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтатты, – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, аталмыш басқарма өз құзыреті шеңберінде Қазақстан Республикасы заңнамасы нормаларының талаптарын мүлтіксіз сақтауды тұрақты бақылауда ұстайды, сондай-ақ елорданың тіршілік әрекетінің көрсеткіштерін жақсарту үшін барлық күш-жігерін жұмсайды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ