Мәселе

Уақыттың қадірін кім түсінер…

«Жігітке жеті өнер де аз» дейтін халқымыз өмір бойы ізденудің жолын таңдаған. Жалпы жасыңда алған бір білімің бүкіл өміріңе азық болады ма, сол бір алған білімің қазіргіңе жеткілікті ме деген сұрақ қойыла бастады. Бағымызға қарай, қазір білім аламын дегенге барлық ақпарат көзі жеткілікті.

Жаңа мүмкіндік пен жаңа табыс көзін тауып, елдің алдында болудың басты шарты – білім мен білік. Бұл дегеніміз – үнемі кәсіптік білімді жаңғыртып, мәдени, шығармашылық әлеуетіңізді дамыту деген сөз. Адамының өресі биік болса, қоғамы да таза, сау келеді. Өз-өзіне сенімді азаматтар қатары өсіп, қоғамда болып жатқан әділетсіздіктерге қарсы тұратын қауқар болар еді.

Адам қызметінің, кәсібінің алға озуында қаншалықты білімі болса, соғұрлым білікті деп айттық. Сол биігінен түспеу үшін өмір бойы білім алу қажеттігі арта түсті. Білім адамға өмірдің әртүрлі кезеңіндегі сынақтарға қарсы тұрып, қоғамдағы орнын өзгертуді жеңілдетеді. Яғни бұрын қызметшісі болсаңыз, сол білімнің арқасында басшы болуға да мүмкіндік бар.

Сұранысқа қарай тез икемделіп, бар тәжірибеңіз бен білімнің арқасында қарапайым нәрсені табыс табудың көзіне де айналдыра білу көкірегі ашық білімдінің қолынан келеді. Қазіргі ұстанымда өмір бойы үйрену, сол жолда еңбек етіп іздену тірліктің мызғымас бөлшегі ретінде қарастырылуда. Жай сөзбен айтқанда, бір қолды екі ете алмайтын уақытқа жеттік. Заманның бұл келбетін қатар отырған көптеген көршіміз әлдеқашан танып қойған. Білім жолында ізденіс, жақсы тұрмыс үшін талпыныс, оның нәтижесін көру мақсатында ең тапшы нәрсе – уақытын жұмсап, біздегідей уақыт өлтіріп, мұңсыз өмір сүруді кейінге ысырып қойды.

Алыстан орағытып алып келе жатқан нәрсеміз білім мен ізденуге, уақытқа тіреледі. «Уайымы жоқтық» халықтың мәдени өресінде ізін қалдырды. «Той тойлама, ой ойла» дейтін уақыт келді.

Жаз болса қыстың қамын ойламай, алашапқын болып той тойлап кетеміз. Батыс­тан шығысқа, солтүстіктен оңтүстікке білім, ілім іздеп емес, бір күндік қызық үшін шапқылаймыз. Той сайын қайталанатын даңғаза музыка, мерекенің бір формасы, бір-бірін күнде көріп жүрген адамдардың жиі бас қосуы, мезі еткен қазақы тойдың мәселесін тағы көтергелі отырмыз.

Амал жоқ, айта-айта жауыр болса да, айналып соғатын түйінді мәселеміз той болып тұр. Қоғам пікірін өзгертетін бізден басқа кім айтады деп өзімізді ақтағандай боламыз. Десе де алтын уақыттың қадірін біліп, әр мезетті өнер мен білімге арнағанымыз жөн болар еді. Әсіресе мына қым-қуыт заман талабы алқымнан алғанда той тойлаумен уақыт өткізгеніміз қалай?! Бүгінгі жұмысты кеше жасап тастайтын, кешегіні алдыңғы күні жайластырғандардың көші ұзап барады. Оны да біліп қойыңыз.

Мақұл, қазақтың тойы тарқамасын делік. Оның да орны бөлек, жөні бөлек, реті бар жиын-тойды жоққа шығармаймыз. Сол тойды уақытынан кешіктіріп, кейде үш сағатқа дейін кідірту үлкен мәдениетсіздіктің белгісі екенін ұғатын уақыт жетті. Жақсы, ағайындар сағынып кездескен екен, онда оларға сұхбаттасатын мүмкіндік бер. Даңғыраған музыка кісінің басын ауыртып, ертесіне үлкендерінің қан қысымы көтеріліп, орнынан тұра алмайтын жағдайлар да жоқ емес. Бұрын жасы үлкендер жастармен бірге той тойламау­шы еді. Бір себебі сонда екен ғой. Байқасаңыз, апта сайын жиын-тойға баратын кездер болады. Бұл, әрине, қалың өскен әулеттердің қуанышы, Құдайдың берген құрметі баршылықтың белгісі деуге болады. Бірақ соншалықты мамыражай, шалқыған дастарқан, дуылдаған орта өзіміздің қалыпты өмірімізден алыстатып, алдамшы әлемге еліктіре бастағандай. Тойға дейінгі, одан кейінгі сапырылыс өмірдің маңызды жайттарынан бұрып, басқа да игіліктерден қалыс қал­дырып, адам ойына түбегейлі өзгеріс алып келеді. Содан да адамдар әсіреқызылға, алып-қашпа әңгімеге, кісінің кемшілігін көріп, құлап бара жатқан адамды табалауға, ең жаманы – өзгені түзетуге құмар болып алды. Бір орында байыз тауып отыра алмайды, сабырсыз, шыдамсыз.

Білім алып іздену, өресін өсіріп, қоғамның алдына шығып, қатарының алдына озуға талаптануға уақыты жоқ. Бар уақыты той тойлап, алдағы тойды күтіп, соған дайындықпен өтіп жатыр. Уақыт зымырауда. Түстік өмірің болса, кештік малыңды жина деп, қас қарайғанда бір күнім өтті деп көзі жасаурайтын қарттар әлдеқашан дүниеден өткен.

Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button