Ғасыр қасіретінен құтқарған қадам
«Ядролық қарусыз әлем құру – бұл еліміздің аса маңызды басымдық берген бағыты. Осы ұмтылыс қазақ халқының ұлттық бірегейлігінің ажырамас бөлігіне айналды. Ол бізге ядролық қаруды жоюға қатысты жаһандық қозғалыстың алғы шебінде болуға моральдық құқық берді».
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясында
сөйлеген сөзі
Биыл Семей полигонының жабылғанына 33 жыл, Қазақстанның ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және Атом қуаты халықаралық агенттігіне қосылғанына 30 жыл толды. Сондай-ақ Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарттың күшіне енгеніне де 20 жылға жуықтады. Атом алапатынан бас тарту, ядролық қарусыз ел құру жағындағы Қазақстанның бұл қадамдары елімізді антиядролық қозғалыстың жаһандық көшбасшысына айналдырды.
Хиросимадағы жарылыстан бастап есептесек, адамзаттың ең алғашқы ядролық қарудан зардап шеккеніне биыл 80 жылға таяды. АҚШ-тың атом қаруын жасауы және оны 1945 жылы шілде айында сынақтан өткізіп, тамыз айының басында Жапонияға тастауы әлемдегі атом дағдарысына және ірі елдердің атом қаруын жарыса жасауына мұрындық болды.
АҚШ алғашқы атом қаруын қолданғаннан кейін АҚШ пен қара таласып келе жатқан Кеңес Одағы да ядролық қаруға ие болуға бар күшін салады. 1946 жылы ғалым Юлий Харитон алғашқы кеңестік атом бомбасын құрастыру мақсатында тактикалық-техникалық тапсырма әзірледі. Осы жылы үкімет шешімімен атом қаруын өңдеу және құрастыру жөніндегі алғашқы орталық ашылды. Осыдан кейін көп өтпей, Кеңес ядролық полигоны КСРО Министрлер кеңесінің шешімімен 1947 жылдың 21 тамызында Семей қаласының батысына қарай 170 шақырым қашықтықта құрылды. 1948 жылдың жазында алғашқы өндірістік атомдық реактор құрылысы аяқталды. 1949 жылдың 29 тамызында Семей полигонында ядролық қарудың ең алғашқы сынағы өткізілді. Міне, осы күннен бастап қазақ халқы да атомның зардабын тартты. 1953 жылдың 12 тамызында термоядролық қару, 1955 жылдың 22 қарашасында А.Сахаров құрастырған алғашқы сутегі бомбасы жарылды. 1962 жылға дейін сынақтар жер бетінде өткізілсе, 1963 жылдан бастап, жер астына көшірілді.
Деректерді саралағанда, 1949 жылдан 1991 жылға дейін Қазақстанда 500-ге жуық сынақ жасалып, сынақ алаңымен шекаралас аудандардағы халықтың денсаулығына, экологиялық ортаға орасан зор зиян келтірілді. Бірақ қызыл империя жергілікті халықтың бұл жағдайымен санасқан жоқ, 1963 жылы атмосферада, суда және ғарышта атом қаруын сынауды тоқтату жөніндегі келісімшартқа қол қойылса да, шарт талаптары орындалған жоқ. Керісінше атом сынағы бейбітшілікке бағытталған, халыққа, қоршаған ортаға зияны жоқ деген екіжүзді сұрқия саясат ұстанып, жасырын сынақтарын жалғастыра берді. Міне, осы жағдайға байланысты Қазақстан КП Семей облыстық комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Кешірім Бозтаев 1989 жылы 20 ақпанда Мәскеуге, СОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Михаил Горбачевқа хат жазып, Семейдегі атом полигонын жабуды талап етсе, сол жылы 26 ақпанда Қазақстандағы ядролық жарылыстарға қарсы «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы басталып, оны ақын Олжас Сүлейменов басқарды. Бұл бастама бүкіл әлем халқынан қолдау тапты. Осы қозғалыстың ықпалымен 1991 жылы 29 тамызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. 2009 жылы БҰҰ 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн ретінде декларация қабылдады. ҚР Үкіметі 2019 жылғы 3 шілдеде №467 қаулы шығарып, 29 тамыз елімізде Семей ядролық полигонының жабылу күні ретінде атап өтуді ұйғарды. Біздің бұл күнді айрықша әспеттейтініміздің сыры, міне, осында.
Қазақстан Республикасы дүниежүзілік тарихта жойқын ядролық полигонды жапқан және жаппай қырып-жою қаруынан өз еркімен бас тартқан алғашқы мемлекет саналады. Семей ядролық полигонының жабылуы қазақ халқы қырық жыл күткен тағдыршешті шешім еді. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің статистикалық мәліметтеріне жүгінсек, Семей полигонындағы атом бомбасы қаруын сынақтан өткізу салдарынан 1,5 миллион адам зардап шеккен. Семей қаласы мен оның төңірегінде онкологиялық аурулармен ауру көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 263,3 адамды құраса, ұлттық көрсеткіш 184-ке жеткен.
Семей полигонында әуеде және жер бетінде өткізілген сынақтардың ядролық зарядтарының жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды. Ең аяныштысы, ядролық жарылыстар туралы халыққа 1953 жылдан бастап қана ескертіле бастады. Осы жарылыстың салдарынан Семей өңіріндегі тұрғындар түрлі ауруға ұшырап, сол сырқаттың қасіретін әлі де арқалаумен келеді. Бұл сырқаттардың тұқым қуалайтыны ғылыми түрде дәлелденді, оның қасіреті 300 жылға дейін созылуы мүмкін деген болжам да бар. Сондай-ақ Семей полигонына жақын аудандарда жетілуінде әртүрлі ауытқу, тәндік және естік кемшіліктер бар сәбилер дүниеге көп келді. Мамандардың айтуынша, соның бәрі қысқа мерзімді және қалдықты радиацияның кесірінен болатын генетикалық мутациямен байланысты. Сынықтан адамдар ғана емес, жан-жануар, жер де азап ауыр шекті. Жылма-жыл радионуклидтердің жинала беруі жердің құнарлығын азайтады. Жетпісінші жылдарға дейін зарядтар салынған штольнялар мен скважиналардың түптері мен шығар ауыздары дұрыстап бетон қақпақтармен жабылмаған. Соның салдарынан улы инертті газдар, ауыр металдар, басқа да радиациялық заттар жер бетіне жайылып, ауаға тарап жатты.
Қазақстан Семей полигонын жапқаннан кейін, көп ұзамай ядролық қарудан да өз еркімен бас тартып, бүкіл әлемге үлгі болды. Яғни Семей атом сынақ алаңын жабу, ядролық қарудан бас тарту тәуелсіз Қазақстанның әлемге оң қырынан танылуына үлкен мүмкіндік берді. Біріншіден, Қазақстан кеңестік әскери машинадан мұраға қалған әлемдегі ең ірі ядролық қару-жарақ арсеналдардан өз еркімен бас тартты. Ел ішінде ядролық қаруды сақтауды жақтаушылар болғанына қарамастан, халықаралық қауіпсіздікті нығайту үшін бұрын-соңды болмаған қадам жасалды. Қазақстан әлем тарихында ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан алғашқы мемлекет болды. Екіншіден, Семей ядролық полигонының жабылуы әлемдегі басқа да ядролық полигондардың жабылуына бастама болды. Қалған төртеуі – Ресейдегі Новая Земля, Муруроа атолласы (Франция), Қытайдағы Лобнор көлінің маңы және АҚШ-тың Невада штатына – аталған мемлекеттер тарапынан мораторий жарияланған. Үшіншіден, Қазақстандағы қалған ядролық қондырғылар мен ядролық материалдардың қауіпсіздік режимі қамтамасыз етілді, содан кейін атомды бейбіт мақсатта пайдалану мүмкіндігі қайтадан қалпына келтірілді.
Демек, ядролық қарусыз әлем құру – әлемдік дамудың қажеті. Қазіргідей дамыған дәуірде жаппай қырып-жою қаруы мемлекет қауіпсіздігінің бірден-бір кепілі емес. Осы тұрғыдан алғанда, еліміздің ядролық қарусыз мемлекет құру бастамасы алқауға, қолдауға татитын тамаша таңдау деп айтуға болады.
Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, ядролық қарусыз әлем құруды қуаттағанымен, әлем адамзатқа апат әкелетін алапат қарудан әлі күнге дейін толық бас тарта алмай келеді. БҰҰ мәліметінше, бүгінде ядролық қаруға ие 10 мемлекетте 15 мың ядролық қару сақталуда, оның жүзден астамы санаулы минуттардың ішінде іске қосыла алады. АҚШ, Ресей сияқты елдер ядролық оқ тұмсықтарының санын азайтқанымен, әлі де көп мөлшерін сақтап отыр. Халықаралық қатынастардағы қақтығыс әлеуетінің артуына және қаржы-экономикалық қайшылықтардың күшеюіне байланысты ахуал шиеленісіп кетті. Иран мен Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламадан толық бас тартпауы, «Ядролық қаруларды кеңейтпеу туралы шарттың» да тығырыққа тірелуі, кейбір елдердің атом қаруымен төңірегіне сес көрсетуі, ішінара елдердің ядролық қаруға ие болу жағындағы талпынысының күшеюі әлемдегі ядролық қауіпсіздік мәселесін айтарлықтай күрделенді.
Украина соғысы да ядролық қарудан өз еркімен бас тарту қадамының дұрыс-бұрыстығына болған күдікті де күшейтті. Өйткені Украина да Қазақстан сияқты атом қаруынан өз еркімен бас тарып, Будапешт келісімін жасасып, алпауыт елдерден «саған жау тисе, біз қорған боламыз» деген ант алған ел еді. Бүгінде украиналықтар сол уәде берген елдің өзімен соғысуға мәжбүр болып отыр. Оның үстіне, Ресейдің «ядролық қару қолданам» деп тұтас әлемге сес көрсетуі де әлем халқының ядролық қарусыз әлем құру сеніміне де селкеу түсірді.
Дейтұрғанмен, әлемде жүйелі тәртіп орнатып, адамзатқа апат әкелетін жойқын қарудан бас тарту және оның таралуының алдын алу адамзаттың басты міндеті болып қала беремек. Өйткені бейбіт мақсатта пайдаланса, адамзатқа бақыт, байлық әкелетін, қару ретінде қолданса, қасіретке батыратын екі жүзді қанжар секілді бұл мәселені қашанда әлемнің тыныштығы мен бейбіт дамуы үшін пайдаланғаннан тиімді жол жоқ. Ерте ме, кеш пе, адамзат әлемі осы қадамынан басқа таңдау жоқ екенін де жете түсінеді. Былайша айтқанда, әлем атомға емес, түсіністікке, мейірімге зәру. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның ядросыз әлем құру бастамасы бүгінгі күн үшін де, болашақ үшін де үлгі тұтар игілікті қадам деп айтуымызға әбден болады. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Бізге ядролық қару қажет емес. Себебі біз Ядролық қаруды таратпау туралы шарт пен Ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы шартқа қосылдық. Біз осы халықаралық құжаттар аясындағы міндеттемелерге адал болып қала береміз» деген сөзі еліміздегі 20 миллион халықтың ортақ пікірі, мызғымас ұстанымы болмақ.
Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ