Өнерлі отбасылар концерті
Астана қаласы әкімдігінің Есіл ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында Білім күніне арналған «Мектеп және отбасы» концерті өтті.
Концертке өнерлі отбасылар, зейнеткер ата-әжелер мен олардың немерелері қатысты. Кеш шымылдығын «Тойбастар» күйімен «Асыл мұра» домбырашылар ансамблі ашты. «Сағыныш сазы» ансамблінің мүшесі Әсемхан Ескендірдің немересі Риза Арлан күй атасы – Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады. «Шұғыла» тобындағы Алмасбай Ерниязовтың немересі Аделя атасы жазған авторлық өлең оқыды. «Арқа әуендері» халықтық вокалдық тобының мүшесі Ғалия Мелдебекованың немересі 6 жасар Әлия, «Шұғыла» тобындағы Қабай Сейітжапардың немересі Жаннұр, осы топтағы Сағынгүл Шадрқұлованың немересі Назерке Дәулет және орталықтың өнерлі зейнеткерлері өнер көрсетті. «Қазына» салт-дәстүрді дәріптеу ұжымы басталғалы тұрған оқу жылына сәттілік тілеп, тәттілерден шашу шашты.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ