Қала тұрғындарына жасалған қайырымдылық
Қазірге таңда Астана қаласында қайырымды істер марафоны әлі жалғасып жатыр. Осы бір игілікті іс-шара аясында Конституция күні мерекесі қарсаңында қаладағы халықтың әлеуметтік тәуелді топтарына азық-түлік таратылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Астана қалалық әкімдігі мен «Астана жастары» еріктілері «Petro Retail» компаниясының Qazaq oil брендімен бірлесіп өткізген бұл қайырымдылық шарасында Астананың әр қайысы аудандарындағы аз қамтылған, көп балалы, отбасында мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған отбасыларға 1000 қорап азық-түлік таратылды. Оны таратуға 100-ге жуық ерікті қатысты.
– Конституция күніне орай өткізіліп отырған бұл қайырымдылық шарасы 3 жылдан бері өткізіліп келеді. Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан іс- шара аясында қазірге дейін 7000-ға жуық азық-түлік себеттері таратылды. Бүгін де бас қаладағы аудандардың мұқтаж отбасыларына 1000 қорап азық-түлік жеткізілді. Оның ішінде ұн, күріш, сүт, ас майы сияқты азық-түліктер бар. Мұндай қайырымдылық шаралары мемлекеттік және ұлттық мерекелерде ұдайы өткізіліп келеді. Келер жолғы азық-түлік қалталарын Республика күніне орай таратамыз деген жоспарымыз бар,- деді Астана қаласы «Астана жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкері Олжас Хамитов.
– Конституция күніне орай қайырымдылық көрсетіп жатқан әкімдікке көп рақмет. Мереке- мейрам сайын көмектесіп, жағдайымызды сұрап – ұғысып тұрады. Оқу маусымы басталатын кезде де балаларымызға оқу құралдарын, дәптер- сумкаларын әкеліп береді. Бұл да мен сияқты отбасында мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларына үлкен медеу. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ,-деді Алматы ауданының тұрғыны Гүлзия Кашкова.