Мәдениет

Елордада «The Fire of Nomad’s» көшпенділер әуендері асқақтады

Астанада Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның ұйымдастыруымен «The Fire of Nomad’s» — көшпенділер әуендері концерті өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Ұлттық өнеріміз заманауи этно-шоу-балет түрінде қалың көпшілікке ұсынылған концертке «ALEM» заманауи би тобы, аталған филармонияның «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблі, камералық хор, эстрадалық, классикалық вокал және халық әні бөлімдерінің орындаушылары, этно-эстрадалық симфониялық оркестр, Ұлттық ұлан ән-би ансамблі, «Nomadara» вокалдық тобы, «Ақ кимешекті киелім» әжелер хоры қатысты.

Атауы айтып тұрғандай көшпенділерге тән еркін рух пен сол рухты көрсететін жігерлі ырғақты әуен концертте орындалған әрбір ән мен би және күй арқылы көрермендер жүрегіне жетті. Музыкалық шығармалардың әрқайсысы тұтас бір қойылым іспетті дайындалып, әр аккорды рухы қазақ жанды шабыттандырды. Ұлттық бояуы мол сахналық киімдер, жанды дауыста шырқалған әндер, сахнаның кәсіби тұрғыда сапалы жарықпен әрленуі өнер кешінің жоғары деңгейде өтуіне септік етті. Зал лық толып, көрермендер тапжылмастан бір жарым сағаттай тамашалаған концертке дайындық та тыңғылықты жүргізілген. Жалпы бұл ұйымдастырушылардың көшпенділер әуендері бағытындағы екінші концерті, алайда осы жолы бағдарламаға біраз өзгерістер енгізіліп, жаңаша сипатта ұсынылды.

-Бұл концерт бізге не береді? Бұл — мәңгілік музыка! Бұл — көшпенділердің даналығын сезіну. Бұл  — еркін көшпенділердің ұрпағы ретінде бойымызда бар ұлттық рухпен қайта қосылуға шақыру. Концертке қатысушылар өз халқының рухын сақтаушы ретінде уақыт шегінен өтіп, этно-фанк, этно-роктың заманауи дыбыстарын қоса отырып, көшпенділердің музыкалық мұрасын аспаптар және әндер арқылы көреді. Дала мен таулар шыңының көне иірімінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан музыкалық оттың сыры бар. Бұл от көшпенділердің құмарлығының, мәдениеті мен даналығының көрінісі ретінде «The Fire of Nomad’s» концерттік бағдарламасында көрініс тапты. Өткеннің лебін қазіргі заманға енгізетін аңыз қайта өмірге келді. Сондықтан «The Fire of Nomad’s» — өткен шақ пен болашақ арасындағы көпір, шекаралар мен уақытты еңсеретін музыканың бізді қалай біріктіре алатындығының көрінісі. Жобаның тұсаукесері биыл ақпанда өткен. Бұл жолғы бағдарлама толықтырылып, жаңаша сипатта ұсынылды. Бірінші концертке екі айдай дайындалсақ, бүгінгі кешке дайындалуға екі апта уақыт кетті, — дейді Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның қоюшы режиссері, әрі осы «The Fire of Nomad’s» жобасының авторы Бақыт Тәжінов.

Байқағанымыз – концертке өзге ұлт өкілдерінің де көптеп келуі. Олардың арасында Астанада қонақ болып жүрген Еуропа азаматтары да бар. Солардың бірі Франция елінің азаматы Валерий Гантан да қазақтың ұлттық өнеріне тәнті болғанын жасыра алмады.

-Бұл концерттен біз қазақтың жаны мен рухын сезіп, көрдік. Әрбір номерден қазақтың тұрмысы, дәстүрі мен ұлттық киімдері, үйлері, жануарлары, көшпенділердің өмір салты қандай болғанын білдік. Мұндай концертке алғаш қатысуым, алайда бірінші рет болса да мен қазақ деген халық туралы көп мағлұмат алдым және оның тектілігі мен талантына, батырлығы мен сұлулығына тамсандым, — дейді қадірменді мейман.

Концертте жеке орындаушылар, бишілер мен хор топтары және оркестр мен ансамбль қосылып, «Домбыра толғау», «Түркі әлемі», «Сақ даласы», «Қорқыт-қобыз», «Домбыра-аңыз», «Бойы бұлғаң», «Екеуің-ай», «Сағым дүние», «Қара торғай», «Nomad», «Дала тынысы», «Жетіген аңыз», «Ахау керім», «Қара-ай көзім», «Мұнар күн», «Ғасырлар үні», «Мен жастарға сенемін», «Алтын орда» атты халық әндері, билері мен жеке композиторлардың туындыларын орындады.

-Алған әсерім керемет. Келгеніме қатты қуандым. Ұлттық рухты оятып, бойыңда қаныңды ойнататын шығармалар орындалды. Жоғары деңгейде өтті. Шетелден келген өзге ұлттардың алдында абыройымызды асқақтатқан қазақтың талантты азаматтарына алғысым шексіз. Бір марқайып, әрі демалып қалдық, мұндай бағдарламалар жиі қойылуы керек, — дейді Астана қаласының тұрғыны Айнагүл Төлегенова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта осы концерт Астанада өтетін Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары кезінде және Алматыда тағы қойылады.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button